Арнайы құзіреттілік - өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті

Математика–информатика мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011–2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында сапалы біліммен қамтамасыз ету, білім көрсеткіштерін жақсарту және білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін ең алдымен мұғалім мәртебесін көтеру, қызмет жолындағы мансаптық өсуін қолдау, жүйелі оқыту мен кәсіби біліктілігін дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту мәселелеріне айрықша мән берілген.

Осыған байланысты білім беру жүйесіндегі реформалар, сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагогтің кәсіби ойлауын жаңартуға, болашағын жоспарлауға және жаңа тәсілдер мен жүйелермен жұмыс істеуге негіз болады. Демек, білімнің сапалы әрі саналы берілуі — білім беру жүйесіндегі педагогтердің кәсіби деңгейіне тікелей тәуелді.

Кәсіби білім берудің мақсаты

Әлемдік білім кеңістігіне ену арқылы бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Бұл мақсат құзырлылыққа сүйенген, нәтижеге бағдарланған білім беру арқылы жүзеге асады.

«Құзырлылық» ұғымының мәні

«Құзырлылық» сөзі латын тіліндегі competens ұғымымен байланысты: белгілі бір сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір болу және нақты мәселелер төңірегінде беделді түрде шешім шығара алу деген мағынаны білдіреді.

12 жылдық білім беру контексіндегі мұғалім құзыреттіліктері

Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында мұғалім мамандардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат ретінде көрсетіледі. Осы мақсатқа сай мұғалімдердің төмендегі құзыреттіліктерді меңгеруі міндетті:

  • 1

    Арнайы құзыреттілік

    Өзінің кәсіби дамуын жобалай білу қабілеті.

  • 2

    Әлеуметтік құзыреттілік

    Кәсіптік қызметпен тиімді айналысу және әлеуметтік ортада кәсіби әрекеттесу қабілеті.

  • 3

    Білім беру құзыреттілігі

    Педагогикалық және әлеуметтік психология негіздерін оқу үдерісінде қолдана білу қабілеті.

Құзыретті оқушыны қалыптастырудағы мұғалімнің рөлі

Аталған құзыреттіліктерді тұлға бойына дарыту үшін педагог қауымның арнайы, әлеуметтік және білім беру құзыреттіліктері жан-жақты болуы қажет. Мұғалім өз кәсіби өсу жоспарын дұрыс құрып, кәсіптік қызметіне жауапкершілікпен берілген жағдайда ғана оқушыға алған білімін өмірде қолдануға мүмкіндік беретін тапсырмалар жүйесін ұсына алады. Бұл — оқушы құзыреттілігін қалыптастырудың маңызды шарты.

Тұлғаға бағытталған оқыту

Тұлғаға бағытталған білім беру жүйесі білім стандартына сай жан-жақты дамуға негізделеді. Оқушының алған білімін түрлі өмірлік жағдаяттарда қолдана алу деңгейіне жеткізу — мұғалімнің құзыреттілігіне тікелей байланысты.