Асан Қайғының жерұйықты іздегені
Тақырып
Асан Қайғының жерұйықты іздегені
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Асан Қайғы баға берген өңірлердің тарихына кеңірек тоқталып, қазақ жері туралы әңгімелеу арқылы білімді толықтыру.
Дамытушылық
Туған жерге ойтолғау түрінде баға бергізу арқылы логиканы, пайымдауды және тілдік дәлдікті дамыту.
Тәрбиелік
Табиғат пен ел тарихын таныстыру арқылы отансүйгіштікке, туған жерді құрметтеуге және қадір тұтуға тәрбиелеу.
Әдістер, сабақ түрі және көрнекілік
Қолданылатын әдістер
- Түсіндіру
- Баяндау
- Салыстыру
- Сұрақ-жауап
Сабақ түрі
Кіріктірілген сабақ (әдебиет + жаратылыстану/география + тарих).
Көрнекілік
- 5-сынып әдебиет оқулығы
- Иллюстрациялық плакаттар
- Графопроектор
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру бөлімі
Оқушылардың зейінін шоғырландыру, сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын нақтылау.
2) Өткен тақырыпты қайталау: сұрақтар мен тапсырмалар
-
«Қырық өтірік» әңгімесінің тууына себеп болған оқиғаны баянда.
-
Өтірік әңгімеден қандай құндылықтарды байқауға болады?
Тапқырлық, тұрмыс даналығы, байқампаздық, пайымдылық және т.б.
-
Ертегінің басталуы мен аяқталуында бұрын оқыған ертегілермен ұқсастық бар ма?
-
Оқулықтағы суретке назар аудар: ондағы адамдардың кейпі нені аңғартады?
Оқулық: 88-бет.
Жаңа сабақ: аңыз әңгімелер
Ауыз әдебиетінің бір саласы — аңыз. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туып, ұрпақ жадында сақталады.
Асан Қайғы туралы қысқаша мәлімет
Асан Қайғы (шын аты-жөні — Хасан Сәбитұлы, XIV ғасырдың екінші жартысы, Еділ бойы; қайтыс болған жылы белгісіз) — қазақ жырауы. Алтын Орданың ыдырауы дәуірінде өмір сүрген. Алдымен Сарайда, кейін Қазанда Ұлық-Мұхаммед ханның жанында болғаны айтылады. XV ғасырдың 50-жылдарында Дешті Қыпшаққа қайта оралып, Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығына ақылшы би болған.
Толғауларынан Еділ, Жайық, Жем өңіріне қоныс тебуді қалағаны аңғарылады. Шоқан Уәлиханов оны көшпелі қазақ-ноғай ұлысының философы деп атаған. Ел аузындағы аңыздарда Асан Қайғы — халқының қамын ойлап күңіренген абыз-жырау.
Жерұйық идеясы
Аңыз желісінде Асан Қайғы елінің тыныш, бейбіт, бақытты болуын көксеп, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай қонысты — жерұйықты іздейді. Желден жүйрік желмаямен жердің түкпір-түкпірін аралап, көрген мекенінің пайдалы әрі қолайсыз тұстарын салыстырып, бағасын айтып отырады. Аңыз бойынша жерұйықты таппай, Ұлытауға жеткенде дүние салады.
Тірек-сызба: Асан Қайғының бағалаулары (негізгі ойлар)
Маңғыстау — «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас».
Жетісу — «Ағашының әр бұтағы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс».
Аспара — «Көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер».
Баян — «Баянға жаймай, қой семірмес».
Жалпы байлам — Жердің құнарын, суын, шөбін, қары мен топырағын сөз ете отырып, қоныстың қадірін еңбекпен (егін, мал) байланыстырған.
Кіріктіру: географиялық сипаттамалар
Жаратылыстану пәні мұғалімі Асан Қайғы барған, баға берген өңірлерге географиялық тұрғыдан сипаттама береді.
1) Маңғыстау түбегі
Каспий теңізіне сұғына орналасқан түбекте Маңғыстау таулары жатыр. Аласа, жас таулар қатарына жатады. Ең биік жота — Қаратау, ең биік нүктесі — Бесшоқы (556 м). Оңтүстігінде теңіз деңгейінен төмен жатқан Қарақия ойысы бар (−132 м). Мұнай мен газ өндіріледі. Ақтау қаласы әктастан салынған.
2) Шыңғырлау өзені
Жайықтың сол жақ саласы. Қар және жауын суымен қоректенеді. Шыңғырлау ауданы мен Ақсай қаласы маңымен ағып өтеді, кейде Жайыққа жетпей қалады.
3) Қарсақбай–Жезқазған өңірі
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында көмір шахталары жұмыс істеп, түсті металлургияның ірі орталықтары қалыптасты. Қарсақбай кен орны түсті металға бай. Жезқазған аймағы «Қазақстан магниткасы» атанған өндірістік өңір ретінде танылады.
4) Аспара өзені
Қырғыз тау жотасынан бастау алады. Мерке өңірінде ежелгі Аспара қаласы болған. Жібек жолы бойындағы өзен халық шаруашылығында маңызды, мал жайылымына қолайлы.
5) Баянауыл
Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігіндегі таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа 40–50 км, солтүстіктен оңтүстікке 20–25 км. Биіктігі 600–1000 м. Ең биік нүктесі — Ақбет (1026 м).
«Киелі жерім менің Баянауыл,
Тау-тасы, өзен-көлі бәрі асыл...»
6) Ұлытау
Сарыарқаның оңтүстік-батысында орналасқан. Құмтас, аралас жыныстар, кристалды тақтатас, граниттен тұрады. Биіктігі — 1134 м. Қуаңшылық климат басым: жылдық жауын-шашын 180–230 мм. Өсімдіктері: шоқ-шоқ қарағай, жусан, бетеге, боз, көде және т.б.
7) Жуалы
Әулиеата өңірінің батысындағы аймақ (қазіргі Жамбыл облысы). Ауыл шаруашылығы мен ірі қара мал өсіру дамыған. Теміржол станциясы бар, ірі жол тораптарының бірі.
8) Жетісу сілемдері және табиғаты
Жоңғар Алатауының солтүстік-шығысындағы тау сілемдері Алакөл ойысының оңтүстік-батысында ендік бағытта созылады. Биіктігі — 2605 м. Қызыл қоңыр топырағында әр түрлі астық тұқымдас шөптер өседі, шыршалы орман кездеседі. Мал жайылымына қолайлы.
«...Жер таппан жерге жетер Жетісуым,
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым...»
9) Жетісу (Жоңғар) Алатауы
Қазақстандағы ірі әрі құрылымы күрделі тау жүйесі. Солтүстігінде Балқаш–Алакөл ойысы, оңтүстігінде Іле аңғары аралығында батыстан шығысқа 450 км-ге созылады. Батысында ені 100 км, шығысында 250 км-ге жетеді.
Жаратылыстану пәні мұғаліміне алғыс білдіріп, сабақты әдеби-танымдық жұмыстармен жалғастырамыз.
Сөздікпен жұмыс
- Желмая
- Түйе.
- Жиһан
- Дүние, жер-жаһан.
- Жерұйық
- Жайлы қоныс.
- Түз
- Дала, кең жазық.
Топтық жұмыс
І топ: Венн диаграммасы
Ертегі мен аңыз әңгіме ұқсастығы мен айырмашылығын анықтаңдар.
- Ертегі: қиял-ғажайып, ғибрат, шартты оқиға.
- Аңыз: нақты тұлға/жер-суға қатысты, тарихи негізі бар.
- Ортақ: халықтық мұра, тәрбиелік мән, ауызша таралу.
ІІ топ: Топтастыру және тест
Тест тапсырмалары
-
Кендебай мінген тұлпарды ата.
а) Керқұла ә) Кербесті б) Шалқұйық
-
«Ер Төстік» ертегісіндегі кейіпкерлерді ата.
а) Тазша бала ә) Жалмауыз кемпір б) Кендебай
-
«Жаман адам хан болғанда» ертегісіндегі ханның аты.
а) Ерназар ә) Мадан б) Аяз би
-
«Ер Төстік» ертегісіндегі жалмауыз кемпірдің қызының аты.
а) Бекторы ә) Күңке б) Кенжекей
-
«Қырық уәзір» қай ертегідегі кейіпкерлер?
а) Ер Төстік ә) Аяз би б) Қырық өтірік
-
«Аяз би» ертегісіндегі құстың жаманын белгіле.
а) Қырғауыл ә) Шеңгел б) Сауысқан
-
Қай шығарма аңыз әңгімеге жатады?
а) «Асан Қайғының жерұйықты іздегені» ә) «Аяз би» б) «Қырық өтірік»
Тірек сөздердің мәнін ашу
Кенжекей, шеңгел, Асан Қайғы, жігіттің сырттаны, Ойсылқара, Шекшек ата, ауыз әдебиеті.
Әдеби үзік: Күләш Ахметова
«Қазағым менің...
Ойлар толып көптеген,
Өрнегін қанша төкті өлең.
Ұрпақты сақтап қалсақ деп,
Қайда да, қайда кетпеген?!
Бәрі де таныс жайт маған,
Әділет болмас айтпаған.
Ақыры алтын бесікке
Сабылып қайдан қайтпаған?!
...Сағынып қайдан қайтпаған?!»
Шығармашылық жұмыс
Тапсырма: өзіңнің туған жеріңе Асан Қайғыша баға беріп көр. Әр қатар өз тұжырымдамаларын өзара тексеріп, «автор орындығына» бір жұмысты ұсынады.
Қосымша: реферат тыңдалады (тақырыптық бағыт: Жәнібек пен Керей хан).
Бекіту: мазмұндау белгілері
- а) Асан Сәбитұлының тарихта болған тұлға екені.
- ә) Жерұйықты іздеудегі мақсаты мен арманы.
- б) Көрген жерінің бәріне қонымды баға беруінің мәні және оның шындыққа қатысы.
- в) «Әркімнің туған жері — жерұйық» қағидасы: мүмкін сендердің туған жерлеріңе де Асан ата келген шығар?
Үй тапсырмасы
1) Сызбаны толтыру
Атауы: Асан Қайғы — Жерұйық. Бүгінгі сабақтан алған қосымша деректерді сызбаға түсір.
2) Тірек сөздер жазу (үлгі)
- Әдебиет: желмая, жерұйық
- Жаратылыстану: Маңғыстау, Жетісу
- Тарих: XV ғасырдың 50-жылдары және т.б.
Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы, дәлелді сөйлеуі мен шығармашылық жұмысы негізінде бағаланады.