Табиғаттағы заттарды ата, сұрақ қой

Қазақ тілі • 2-сынып • Жаңа білім

Сабақ тақырыбы: Зат есім

Жаттығулар: 322–327. Сабақ танымдық бағытта өтіп, түсіндіру, сұрақ-жауап, ой қозғау, ойын, суретпен жұмыс, өзіндік және топтық жұмысты біріктіреді.

Пәнаралық байланыс

Дүниетану, еңбекке баулу.

Көрнекіліктер

Суреттер, қима суреттер, слайд.

Сабақ түрі

Танымдық сабақ.

Сабақ мақсаты

Білімділік

  • Зат есімнің мағынасы туралы жалпы түсінік беру.
  • Зат есімнің заттың не ұғымның атауы екенін түсіндіру.
  • Сұрақ қоя білуге, өз бетінше жұмыс жасауға үйрету; сөйлем ішінде зат есімді таныту.

Дамытушылық

  • Ой-өрісті кеңейту, сөйлем құрату арқылы сөздік қорды байыту.
  • Дүниетанымды, белсенділікті арттыру.

Тәрбиелік

  • Сауаттылыққа, мәдениетті сөйлеуге, жылдамдыққа тәрбиелеу.
  • Жануарларға қамқорлыққа, үлкендер еңбегін құрметтеуге, елін сүюге баулу.

Негізгі ұғым

Зат есім — заттың, адамның, құбылыстың, ұғымның атауын білдіретін сөз табы. Зат есім көбіне кім?, не?, кімдер?, нелер? сұрақтарына жауап береді.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі (психологиялық дайындық)

Арайлап атқан таңға сәлем!

Жылуын шашқан күнге сәлем!

Жайраңдаған достарыма сәлем!

Білім беріп, тәрбиелеген ұстаздарым, сіздерге сәлем!

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • 320-жаттығуды оқыту.
  • Ережені сұрақ қою арқылы тексеру.

III. Өткен сабақты пысықтау

Ойын: «Жылдам жауап»

Сұрақ

Кім?

Сұрақ

Не?

Сұрақ

Кімдер?

Сұрақ

Нелер?

Ой қозғау

Елбасы және Отан туралы қысқаша әңгімелесу: елді сүю, қоғамға қызмет ету, қорғаныш пен жауапкершілік ұғымдарын талқылау.

IV. Жаңа сабақ

1) Қызығушылықты ояту

  • «Зат есім» тақырыбы бойынша бейнесөз (ребус) шешу.
  • Кестемен жұмыс: сұрақтар арқылы зат есімді ажырату.

2) Оқулықпен жұмыс (өлең арқылы талдау)

Далада қар борайды,

Ақ мамыққа орайды.

Мұз болады, қатады,

Жып-жылтыр боп жатады.

Сұрақтар

  • Өлең жылдың қай мезгілі туралы? Қыс.
  • «Қыс» сөзіне қандай сұрақ қоямыз? Не?
  • Бұл ненің атауы? Мезгіл атауы.

Қызықты дерек

Ресейдегі Сочи–2014 Қысқы ХХІІ Олимпиадасы туралы қысқаша мәлімет беріледі. Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларға Олимпиада эмблемасы ынталандыру ретінде ұсынылады.

322-жаттығу

  1. 1 Қыс айларының атауларын пайдаланып сөзжұмбақ шешу.
  2. 2 «Қыста» тақырыбы бойынша суретке қарап әңгіме құрау.
  3. 3 Қыс мезгіліндегі табиғат құбылыстарын атау: қар, аяз, боран, мұз. Сұрақ қою арқылы олардың не? сұрағына жауап беретінін дәлелдеп, зат есім екенін анықтау.
  4. 4 Дәптермен жұмыс: көркем жазу — «қыс» сөзін көркем етіп 2 жол жазу.

323-жаттығу

Суретпен жұмыс

  • Мәтінді оқу және тақырып қою.
  • Не? Нелер? сұрақтарына жауап беретін сөздерді табу.
  • Мәтіннің алғашқы және соңғы сөйлемдерін көшіріп жазу.

Мәтін үлгісі

Құндыз — өте қызық аң.

Құндыздың терісі аса бағалы.

Өмірмен байланыстыру және тіл дамыту

«Құндыз бөрік», «құндыз жаға», «құндыз ішік», «құндыз тон» тіркестерімен танысып, осы сөздерді қатыстырып ауызша сөйлем құрату.

Пайымдау: Құндыз — мемлекеттік қорғауға алынған, Қызыл кітапқа енгізілген жануар.

324-жаттығу

  • Өлеңді жаттау, жатқа жазу.
  • Өлең ішінен зат есімдерді табу.
  • Өлеңді жалғастыру.

Сұрақ-жауап (ойлан)

Елбасы кімді (нені) қорғайды? Халқын, мемлекетін...

Сұрақ-жауап (жалғастыр)

Оқушы кімді (нені) қорғайды? Досын, мектебін...

Сергіту сәті

«Кім жылдам сұрақ қояды?» ойыны: қима суреттер арқылы сұрақ қойып, зат есімдерді тез анықтау.

  • Мамандық иелерінің суреттері: егінші, малшы, құрылысшы, дәрігер, ұстаз, шахтер.
  • Жануарлар мен жәндіктердің суреттері.

Оқушылар өз ережесін құрастырып, оны оқулықтағы ережемен салыстырады.

325-жаттығу («Ұсталар» ойыны)

  • Суреттегі заттарды кімдер пайдаланатынын анықтау.
  • Өзіңді сол затты қолданатын ұста ретінде елестетіп, зат атауын қатыстырып сөйлем құрау.
  • Сөздердің айтылуы мен жазылуын салыстырып, есте сақтау.
Айтылуы Жазылуы
бұрғұ бұрғы
сүргү сүргі
қайрағ қайрақ

326-жаттығу («Кім зерек?» ойыны)

Оқы. Әр жұптағы сөздерге сұрақ қой. Сұрақтың әртүрлі қойылу себебін дәлелде.

  • ағаш ағаштар
  • қыз қыздар
  • перде перделер
  • мұғалім мұғалімдер
  • бүркіт бүркіттер
  • сатушы сатушылар

V. Сабақты бекіту (топтық жұмыс)

1-топ

Адамға қатысты сөздерді ата. Сұрақ қой.

2-топ

Адам қолымен жасалатын заттарды ата. Сұрақ қой.

3-топ

Табиғаттағы заттарды ата. Сұрақ қой.

VI. Қорытындылау (сұрақ-жауап)

Берілген сұрақтарға жауап беретін сөздер қай сөз табына жатады? Зат есім.

Зат есім дегеніміз не? Ереже айтып, мысал келтір.

Сөз таптары дегеніміз не? Ереже айтып, мысал келтір.

Қазақ тілінде тағы қандай сөз таптары бар?

Қай тапсырма қиындық келтірді? Не үйрендік?

VII. Үй тапсырмасы

327-жаттығу

«Ұста» туралы әңгіме құрау.

Түсіндіру: өз ісінің шеберін ұста дейміз.

Қайталау

Ережені жаттау.

VIII. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады. Ынталандыру ретінде Олимпиада эмблемасы таратылады.