Балалар есімізге түсіріп көрейікші, біздер қандай ертегілерді білетін едік
Сабақтың қысқаша сипаттамасы
Тақырыбы
«Жеті лақ» — математика әлемінде
Білім беру саласы
Таным
Бөлімі
ҚМҰҚ
Пәнаралық байланыс
Көркем әдебиет
Мақсаты мен міндеттері
Оқу мақсаттары
- 1-ден 10-ға дейін тура және кері санауды бекіту.
- Қосу және азайту амалдарын орындауды жалғастыру.
- Ертегі желісі арқылы тапсырма орындау мен қарапайым мысалдарды шешуді үйрету.
- Сандарға қатысты тақпақтарды жаттату, математикалық есептер шығаруға ынталандыру.
Дамытушылық және тәрбиелік міндеттер
- Есте сақтау мен ойлау қабілеттерін дамыту.
- Аңғарымпаздыққа, ептілікке баулу.
- Достыққа, жанашырлыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер мен құралдар
Әдіс-тәсілдер
Көрнекіліктер мен ойындар
- Ешкінің бетпердесі, 7 лақ пен қасқырдың суреттері.
- Тапсырма үлгілері, сандардың суреттері.
- Дидактикалық ойындар: «Жоғалған санды тап», «Санға сәйкес суретті тап».
- Логикалық ойын: «Тез ата».
Сабақтың барысы
Шаттық шеңбері
Білер қазақ баласы,
Сәлем — сөздің анасы.
Алдымыздан кезіккен,
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен,
Біздер сәлем береміз.
Қайырлы таң, көк аспан,
Қайырлы таң, жер-ана.
Қайырлы таң, достарым,
Қайырлы таң, қонақтар!
Балалар қолдарын жоғары көтеріп, кейін кеуделеріне қояды.
Ертегіні еске түсіру (сұрақ-жауап)
Тәрбиеші сұрақтары
- Біз қандай ертегілерді білеміз?
- «Жеті лақ» ертегісінде қандай кейіпкерлер бар?
- Ешкі күнде қайда барады?
- Қасқыр не істеді?
- Қасқырдың орнында болсаңдар, не істер едіңдер?
Балалардың жауап үлгілері
«Екі әтеш», «Бауырсақ», «Түлкі мен Тырна», «Қызыл телпек», «Қарлығаш пен дәуіт», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» және т.б.
Ертегі желісі (қысқаша мазмұн)
Баяғыда орманда бір ешкі мен жеті лақ өмір сүріпті. Ешкі күнде орманға барып, лақтарына сүт пен тамақ әкеледі екен. Ол кеткенде лақтары есікті іштен іліп, ешқайда шықпайды.
Ешкі келгенде есікті қағып, былай деп әндетеді:
«Лақтарым, шырақтарым!
Аша қойыңдар, аша қойыңдар!
Аналарың келді —
Сендерге сүт әкелді!»
Бірақ ашкөз қасқыр ешкінің кеткенін аңдып, лақтарды алдамақ болады. Алдымен жуан дауысымен ән салып, есік аштыра алмайды. Сосын ұстаханаға барып, дауысын жіңішкертіп қайтып келеді. Лақтар есікті ашып қояды да, қасқыр оларды алып кетеді. Тек бір лақ қана пештің ішіне тығылып үлгереді.
Ешкі оралғанда болған жайды естіп, қасқырға келеді. Қасқыр: «Тапсырмаларымды орындасаңдар ғана лақтарды босатамын», — дейді. Сол үшін ешкі балалардан көмек сұрайды.
Қонақпен диалог
Ешкі
«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен күнде орманға барып лақтарыма сүт пен тамақ әкелетінмін. Бүгін мен жоқта қасқыр лақтарымды алып кетіпті. “Тапсырмаларды орындасаң ғана жіберемін”, — дейді. Маған көмектесесіңдер ме?»
Тәрбиеші
«Балалар, біз ешкіге көмектесіп, қасқырдың тапсырмаларын орындаймыз ба? Әр тапсырманы орындаған сайын бір лақ босатылады».
I тапсырма: 1-ден 10-ға дейін санау
Тура және кері санау. Дидактикалық ойын: «Жоғалған санды тап».
Нәтиже: бірінші тапсырма орындалды — 1 лақ құтқарылды.
II тапсырма: математикалық жұмбақтар
1) Өткізген тырна сабаққа,
Қатысты жеті сауысқан.
Үшеуі ғана олардың
Дайындалған сабаққа.
Неше жалқау сауысқан қатысты?
Жауабы: 4
2) Бір алманы төртке бөлдім,
Бір бөлігін жеп те көрдім.
Қалған үлкен үш бөлігін
Қасымдағы үш досыма бердім.
Қолымда не қалды?
Жауабы: 0
3) Мұз айдынында жеті бала
Асыр сап жүр сырғанап.
Сырғанамай екі бала
Жағалауда тұр қарап.
Енді осы балалардың санын айт.
Жауабы: 9
Нәтиже: екінші тапсырма орындалды — тағы 1 лақ құтқарылды.
III тапсырма: «Сандар жыры» (тақпақтар)
Аділ
Мені келсе білгің,
Мен таяқша — бірмін.
Сандарға жол бастап,
Ең бірінші тұрмын.
Ақмарал
Бірден кейін тұрамын,
Бірден кейін тұрағым.
Бірді бірге қосқанда,
Мен шығамын, қарағым.
Сұлухан
Екіден соң әрқашан
Үшінші мен тұрамын.
Қағазға сызып түсірсең,
Екі ирек саламын.
Қайсар
Үш қашанда тақ саны,
Жұп болғанға не жетсін!
Төрт дегенің баяғы —
Төрт түліктің аяғы.
Ернұр
Төрттен кейін бесті
Білу оңай, десті.
Төртеуін бүгіп санасаң,
Табасың оңай бесті.
Аружан
Алақай, келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?!
Санжар
Жазда шөпті шабар,
Қыста тыныш табар.
Шалғы бар әр үйде,
Жетіге ұқсас бәрі де.
Рахматулла
Сен де, мен де баламыз,
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген — екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.
Палина
Рет-ретімен санасақ,
Тоғыз саны домалап,
Сегізден кейін келеді,
Жіңішке таяқ тірегі.
Айым
Он — білесің, басы ашық,
Тоғыздан кейін келеді.
Саусақтарды санап шық,
Есебін сол береді!
Нәтиже: үшінші тапсырма орындалды — тағы 1 лақ құтқарылды.
Сергіту сәті
Ал, балалар, тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Оңға, оңға түзу тұр!
Солға, солға түзу тұр!
Алға қарай бір адым,
Артқа қарай бір адым.
Жоғары-төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
IV–V тапсырмалар: үстел үстіндегі жұмыс
IV тапсырма
«Санға сәйкес суретті тап».
V тапсырма
«Есепте, жаз».
Нәтиже: екі тапсырма да орындалды — тағы 2 лақ құтқарылды. Барлығы: 5 лақ.
Қалғаны: 1 лақ (ал бір лақ бастапқыда-ақ пештің ішінде тығылып, аман қалған).
VI тапсырма: «Тез ата» (доппен ойын)
Шарты: тәрбиеші допты лақтырып сұрақ қояды, бала тез жауап беріп, допты кері қайтарады.
1. Аспанда неше күн бар?
1
2. Алма үлкен бе, түйме үлкен бе?
Алма үлкен
3. Шаш ұзын ба, қас ұзын ба?
Шаш ұзын
4. Кемпірқосақта неше түс бар?
7
5. Бағдаршамда неше көз бар?
3
6. Адамда неше саусақ бар?
5
7. 5 санының көршілері?
4 пен 6
8. Жұлдыздың неше бұрышы бар?
5
9. Жол ұзын ба, қол ұзын ба?
Жол ұзын
10. Аспанда неше жұлдыз бар?
Көп
11. Көлікте неше доңғалақ бар?
4
12. Қоян жүйрік пе, тасбақа жүйрік пе?
Қоян
13. Төртбұрыштың неше бұрышы бар?
4
14. Сопақшаның неше бұрышы бар?
Бұрышы жоқ
15. Дөңгелектің неше бұрышы бар?
Бұрышы жоқ
Нәтиже: соңғы тапсырма орындалды — тағы 1 лақ құтқарылды.
Қорытынды
Қанша лақ құтқарылды?
6 лақ. Жетінші лақ пешке тығылып, бастапқыда-ақ анасының жанында аман қалған.
Ешкі не үшін келді?
Балалардан көмек сұрап, қасқырдың тапсырмаларын бірге орындауға келді.
Балалар не үйренді?
Санау, логикалық ойлау, жұмбақ шешу, жылдам жауап беру және бірлесіп әрекет ету.
Ешкінің алғысы
«Балалар, лақтарымды құтқарғандарың үшін көп рахмет! Мен сендерге сыйлық алып келдім», — деп балаларға сыйлықтарын үлестіреді. Содан кейін лақтарын ертіп, орманға үйшігіне қайтады.
Автор туралы мәлімет
Өңір
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы
Ұйым / топ
«Кел балалар» МДҰ, «Айгөлек» тобы
Педагог
Доскулова Малика Әлібекқызы