Менің туған жерімнің батыры
«Қара таудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді…» деген мұңлы жолдар қара қазақтың басынан өткен қара түн мен қара күнді еске салады. Бірақ сол түнектің ішінен де елінің ертеңі үшін еңсесін түсірмеген, қақаған боранда ақ қарды жамылып, «Отан үшін оқ тисін, кеудем жарылып» деген рухпен өмір сүрген ерлер шықты.
Уақыт алға озған сайын тарихтың қатпарында қалған тағдырлар қайта тіріліп, ұрпақтың жүрегіне жол табады. Бірі соғыстан аман оралып, бүгінгі күнге дейін ғұмыр кешсе, енді бірі өлшеулі өмірдің межесіне ерте жетіп, мәңгілікке аттанды. Дегенмен, олардың әрқайсысы — тәуелсіздік пен тыныштықтың бағасын ұғындырған қастерлі есімдер.
Туған жердің бір батыры: Тұңғатов Мырзағали
Ұлы мереке қарсаңында соғыс ардагерлерінің ерлігі мен артқа қалдырған мұрасын еске алу — парыз. Сол батырлардың бірі — тағдырдың суық желіне қарсы тұрып, ел үшін адал еңбек еткен Тұңғатов Мырзағали атамыз.
Туған күні мен жері
1910 жыл, 2 ақпан — Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Черновая ауылы.
Шыққан ортасы
Кедей шаруа отбасында дүниеге келіп, ауыл молдасынан хат таныған.
Білім, мамандық, еңбек жолы
Арманшыл жас Новосибирск қаласындағы ФЗО оқуына жіберіліп, сол кезеңде аса сұранысқа ие болған киномеханик мамандығын меңгереді. Еңбекпен нәпақасын тауып жүрген шағында, соғыс өрті тұтанып, радио дауысы қазақ даласындағы ер-азаматтарды майданға шақырды.
Мырзағали атамыз да сол лекпен бірге аттанып, Отанын қорғауға кірісті. 1945 жылы соғыс аяқталып, жеңіс келгеннен кейін ол өз мамандығы бойынша Алматы облысы, Ақсу ауданына келіп, жұмысын жалғастырды.
Ерлік пен марапат
Әр халық өз батырын танып өскенде, ұрпақтың бойына қайсарлық пен елдік қасиет сіңеді. Мырзағали атамыздың ерлігі мен еңбегі мемлекет деңгейінде бағаланып, бірқатар наградалармен марапатталды.
Ордендер
- Қызыл Жұлдыз ордені
- I және II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері
Медальдар
- «За отвагу» (екі мәрте)
- «За боевые заслуги»
- «За взятие Кёнигсберга»
- «За победу над Японией»
- «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941—1945 гг.»
Алғыс хаттар
3-Белоруссия майданының қолбасшылығы атынан және Шығыс Пруссияны азат етудегі ерлігі үшін генерал-полковник Н. Крылов, генерал Черняховский, Василевский тарапынан Алғыс хаттармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі өмір
Отбасын құрып, Алматы облысы, Лепсі станциясына кинофикация бөлімінің бастығы болып ауысады.
Денсаулығына байланысты Ақсу ауданына қайта оралады.
Көп жылғы еңбегінің жемісі ретінде зейнетке шығады.
Отбасында бір қыз тәрбиелеп өсіріп, дуалы ата атанып, үш немересінің қызығын көреді. Бүгінде батырдың қызы Тұңғатова Маржан Мырзағалиқызы білім саласында абыройлы еңбек етіп, талай шәкірттің қанатын қатайтып, өмірден өз орнын табуына сеп болып келеді.
Жүректегі архив
Медаль көрсем кеудеңде жарқыраған,
Мақтанамын, бұл әрине — менің атам.
Тағдырымен арпалыс замандарда,
Атамнан да тамаша тарих қалған.
Кеше — күн, бүгін — тарих. Тарих жаңарады, тарих архивтерден табылады. Бірақ ең қымбат дерек — әрқайсымыздың жүрегіміздегі архив. Сол архивте ұлы даланың ерлігін жасаған батыр аталарымыздың есімі міндетті түрде орын алуға тиіс.