Еңбек түбі - береке
Тақырыбы: «Еңбек түбі – береке»
Бұл тәрбие сағатының өзегі — еңбектің қадірін ұғындыру, мақал-мәтел арқылы ойды көркем жеткізуге баулу және оқушыларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Мақсаты
- Оқушыларды мақал-мәтелдердің мағынасын түсінуге және оларды мәнерлеп айта білуге үйрету.
- Тіл мәдениетін жетілдіру, шешендікке баулу.
- Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілік пен дайындық
Сабақта мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, сондай-ақ жұмбақтар қолданылады. Негізгі тірек ойлар:
- Жақсы жұмыс — жанға тыныс.
- Еңбек түбі — зейнет.
- Еңбексіз өмір — сөнген өмір.
- Жұмбақтар — ойды ұштайтын құрал.
Кіріспе сөз
Мұғалім: «Жүздің көркі — көз, ауыздың көркі — сөз, сөздің көркі — мақал», — дейді халық. Мақал-мәтелдер адам тұрмысындағы әртүрлі жағдайды қысқа да нұсқа тілмен түйіндеп, ойды ажарлайды. Сондықтан халық «сөздің көркі — мақал» деп бағалаған. Мақал-мәтел — сөздің сәні ғана емес, халық өмірінің шежіресі.
Оқушылардың мақал-мәтелдері
Оқушылар еңбектің мәнін мақал арқылы ашып, өз ойларын нақты әрі көркем жеткізеді.
1-оқушы (Мағжан)
Еңбек мұратқа жеткізер,
Жалқаулық абыройды кеткізер.
2-оқушы (Айгүл)
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
3-оқушы (Ұлжан)
Еңбектің көзін тапқан,
Байлықтың өзін табады.
4-оқушы (Алтынбек)
Еңбек етпесең, елге өкпелеме,
Егін екпесең, жерге өкпелеме.
5-оқушы (Мөлдір)
Ерінбесең, еңбегің өнеді.
6-оқушы (Ақсұлу)
- Еңбексіз мал дәметкен — қайыршылық.
- Еңбектен қашқан — дөңбекке жолығады.
- Еңбек етпеген — азады.
- Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.
- Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар.
3-оқушы (Мағжан)
Кезі келсе, кетпен шап.
Өнерге үйренем десең, жерінбе.
Ойын кезеңдері
Келесі айналым: «Жалғастыр»
Жүргізуші мақалдың алғашқы жолын оқиды. Қатысушылар қол көтеріп, жалғасын табады.
Еңбегің қатты болса, … татқаның тәтті болар.
Еңбек түбі — береке, … көптің түбі — мереке.
Істегенің еліңе жақсы, … үйренгенің өзіңе жақсы.
Отынды шапқанға жақтыр, … малды тапқанға бақтыр.
Ексең егін, … ішерсің тегін.
Етік тіге алмаған, … біз таңдайды.
Көсеуі қысқаның, … қолы күйер.
Берген — алар, … еккен — орар.
Еңбек етсең ерінбей, … тояды қарның тіленбей.
Ең аз ұпай жинаған ойыншы ойыннан шығады.
Екінші айналым: «Сөзден сөзге»
Екі ойыншының бірі мақал айтады. Екіншісі сол мақалдың ішіндегі бір сөзді таңдап, сол сөзге қатысты мақал келтіреді. Кезек осылай жалғасады. Мүдірген оқушы жеңіледі.
Бекнұр: Еңбек ет те мақтан, ойнап күл де шаттан.
Жарас: Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
Динара: Ердің атын еңбек шығарар.
Асылай: Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді.
Мәдина: Ерінбесең, еңбегің өнеді.
Таңшолпан: Еңбегі көптің — өнбегі көп.
Ақырыс: Жері семіздің — малы семіз.
Мейрамбек: Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір.
Ойын соңында жеңімпаз анықталып, сыйлықтар тапсырылады.
Қорытынды
Мұғалім: Сонымен, оқушылар, мақал-мәтелдің өміршеңдігі мен қолданылу аясының кең болуының сыры неде? Ол — тілдің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде. Аз сөзбен көп мағына бере алатынында.
Осылайша «Еңбек түбі — береке» атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңызға рақмет!