Қазақ халқының ұлттық аспаптарын ата

Ш. Башиков атындағы негізгі мектеп КММ

Заңғар әкелер кеңесі • жетекші мұғалім: Нурмуханова Б.М.

Танымдық сайыс • пікірталас

Сабақтың тақырыбы: «Ата салтым — асыл қазынам»

Мақсаты

  • Халық педагогикасын оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолдану.
  • Оқушылардың білімін ойын арқылы тереңдету, тапқырлығын арттыру.
  • Ой-өрісін, байланыстырып сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Ғасырдан ғасырға жалғасқан салт-дәстүрді дәріптеу, ата мұрасын қастерлеу.
  • Туған жерге, ұлттық әдет-ғұрыпқа сүйіспеншілікке, отбасы сыйластығы мен қамқорлыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Мақал-мәтелдер, суреттер, тыйым сөздер, қанатты сөздер.

Түрі

Танымдық сайыс, пікірталас.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Қай заманда да адамзат алдындағы басты міндет — адал, білімді, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндет әр халықтың салт-дәстүріне сай жүзеге асады: ғасырлар бойы сыннан өтіп, сұрыпталған озық әдет-ғұрып жас ұрпақты тәрбиелеудің берік өзегіне айналған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев атап өткендей, еліміз аз уақыт ішінде даму жолының бірнеше кезеңін бастан өткерді: егемен мемлекеттің іргетасы қаланған алғашқы кезең, қалыптасқан мемлекетке жетелеген екінші кезең және Мәңгілік Ел мұраттарына бастайтын ұлы реформалармен өрілген үшінші кезең.

Сондай-ақ ел өміріндегі маңызды белестер ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кеңінен аталып өтті.

Салт-дәстүр — атадан балаға жалғасатын мол мұра.

Туған соң адам боп,

Білімсізден жаман жоқ.

Ел дәстүрін білмесең,

Жұрт айтады надан деп.

Ата-бабаң ардақты,

Жамандыққа бармаған.

Ардақ тұтып үлкенді,

Ата жолын жалғаған.

Осы ұстаныммен бүгінгі топтық сайысымызды бастаймыз. Қатысушылар екі топқа бөлінеді: қызыл түстер — оң жаққа, жасыл түстер — сол жаққа орналасады.

1-бөлім: «Мақал — сөз атасы»

Тапсырма: әзіл сұраққа мақалмен жауап беру

  1. 1) Жыланды інінен қалай шығарады?

    Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады.

  2. 2) Қар жана ма?

    Қалауын тапса, қар жанады.

  3. 3) Инемен құдық қазуға бола ма?

    Оқу — инемен құдық қазғандай.

  4. 4) Аппақ қарға бола ма?

    Қарға баласын «аппағым» дейді.

  5. 5) Тастың жеңілі бола ма?

    Керек тастың ауырлығы жоқ.

  6. 6) Елу құлағы бар кім?

    Ел құлағы — елу.

  7. 7) Тауық түс көре ме?

    Тауықтың түсіне тары кіреді.

  8. 8) Білетінің бір тоғыз…

    …білмейтінің тоқсан тоғыз.

  1. 9) Оттан да ыстық болып тұрған не?

    Отан — оттан да ыстық.

  2. 10) Адам денесіндегі қорқақ, батыр мүшелер.

    Көз — қорқақ, қол — батыр.

  3. 11) «Көрдім» және «көрмедім» неше сөз бола алады?

    «Көрдім» деген — көп сөз, «көрмедім» деген — бір сөз.

  4. 12) Шашу мен жинаудың қайсысы оңай?

    Шашу оңай, жинау қиын.

  5. 13) Жаман ат пен жаман жолдасты немен алмастыруға болады?

    Жаман аттан аяғың артық, жаман жолдастан таяғың артық.

  6. 14) Бір рет өлуге де, мың рет өлуге де болады.

    Батыр бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі.

  7. 15) Ел іші қандай бесік?

    Ел іші — алтын бесік.

2-бөлім: «Мықты болсаң — тауып көр»

Тапсырма: суреттер арқылы тыйым сөздерді айту

Бетіңді баспа.

Тізеңді құшақтама.

Өтірік жылама.

Аққуды атпа.

Отпен ойнама.

Нанды жерге тастама, үстіне зат қойма.

Ақты төкпе.

Орынсыз күлме.

Қолыңды төбеңе қойма.

Етбетіңнен жатпа.

Қолыңды артыңа ұстама.

Түнде күл шығарма.

Күлді қолмен шашпа.

Ерніңді шығарып керме.

Бала бетіне үрлеме.

Дастарқанды, тамақты баспа.

Кісінің мінін күлкі етпе, кемтарға күлме.

Малды, ыдысты, тамақты теппе.

3-бөлім: «Сөзді тауып көр»

Тапсырма: бала сөз айтады, анасы табады (құлаққапта музыка ойнап тұрады)

Сөздер:

мектеп бала Отан орындық балық аспан қармақ тақта

4-бөлім: «Салт-дәстүр — асыл қазынам»

Тапсырма: ата-аналар дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап береді

Сүйінші

Қуанышты хабар жеткізген адам «Сүйінші!» деп келеді. Мұндайда үй иесі «Қалағаныңды ал» деп ризашылығын білдіреді немесе лайықты сыйлық ұсынады.

Қонақасы

Қонақжайлылық — халқымыздың аса қадірлі дәстүрі. Үйге келген қонақты құрметпен қарсы алып, қонақасын беру — жомарттық пен елдіктің белгісі.

Қол кесер

Соғым сойған адамдарға еттен берілетін сыбаға.

Сыбаға

Құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет мүшелері «сыбаға» деп аталады.

Ерулік

Басқа жақтан көшіп келген көршіні бұрыннан тұратындар қонаққа шақырып, ерулік береді.

Енші

Баласы ер жетіп отау құрғанда, ата-ана дүние-мүлік, мал беріп, жеке шығарады.

Бастаңғы

Үйдің үлкендері жолға кеткенде, ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолдары болсын» деген ниетпен бас қосып, ойын-сауық құрады.

5-бөлім: Сергіту ойыны — «Қайық»

Қимылды ойын және жылдам топтасу

Оқушылар мұхит бетінде жүзіп келе жатқандай қимылдайды. Аман қалу үшін «кемеге арналған топ» құралады: жүргізуші кез келген санды айтады. Егер топ сол айтылған санға сай құрылмаса, ол топ ойыннан шығады. Ойын бір топ қалғанша жалғасады.

6-бөлім: «Қаншалықты білемін?»

Жалпы білімге арналған сұрақтар

1-топ

  1. ҚР Президенті кім?
  2. Қазақтың ұлы ақыны кім?
  3. Тудың авторы кім?
  4. Қазақ халқының ұлттық аспаптарын ата.
  5. Қазақстанның астанасын ата.
  6. Абайдың табиғат лирикасына арналған өлеңдерін ата.
  7. Көкжиектің неше тұсы бар?

2-топ

  1. Рәміздерді ата.
  2. Гимннің авторларын ата.
  3. Күй атасы кім?
  4. Қазақтың батыр қос қарлығашы кімдер?
  5. ҚР-дың мемлекеттік тілі қай тіл?
  6. Үш биді ата.
  7. Өзің тұратын ауыл қалай аталады?

7-бөлім: Қорытынды

Бүгінгі сабақтың түпкі мақсаты — заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүріміздің құндылығы кемімейтінін ұғындыру, ұлттық мұраны жаңғырту. Салтын сүйген әрбір жас ұрпақ ертең халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілі мен дәстүрінің жанашыры боларына сенеміз.

Еліміздің жарқын болашағы — сіздердің қолдарыңызда, құрметті оқушылар!

Қорытындылау: жеңімпаздарды марапаттау.