Мағынасына қарай - белгісіздік есімдік

Сабақтың тақырыбы

Белгісіздік есімдігі (Қазақ тілі, 6-сынып) — қысқа мерзімді жоспар.

Жалпы мақсат

Оқушылар өз бетінше іздену арқылы белгісіздік есімдігі туралы толық мәлімет алып, оны қолдану ерекшеліктерін түсінеді.

Күтілетін нәтиже

Есімдіктер туралы білімін өмірде қолданады, топпен жұмыс істеп, бір-бірін тыңдай біледі.

Оқыту әдістері

  • Топтық жұмыс
  • АКТ қолдану
  • Сыни тұрғыдан ойлау
  • Диалогтік оқыту
  • Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау
  • Салыстыру, сұрақ-жауап

Қажетті ресурстар

  • Интербелсенді тақта, слайд
  • Флипчарт
  • Әртүрлі суреттер
  • Семантикалық карта
  • Қалташа сұрақтар

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

2 минут

Мұғалім әрекеті

  • Оқушылармен амандасады, түгелдейді.
  • Оқу құралдарын тексереді.
  • Сергіту сәтін ұйымдастырады, психологиялық дайындық жасайды.

Оқушы әрекеті

Сабаққа көңілді, жағымды әсермен кіріседі.

Психологиялық дайындық: «Шаттық шеңбері»

Мейірімді жүрекпен (жүректерін ұстайды)

Ақ пейілді тілекпен (қолдарын көкке көтереді)

Амандасып алайық (бір-бірінің қолдарын ұстайды)

Бір жадырап қалайық (бір-біріне қарап күлімдейді)

Еңбек етіп ерінбей,

Жақсы баға алайық! (бас бармақтарын көрсетеді)

2) Топқа бөлу

2 минут

Мұғалім әрекеті

  • Әртүрлі суреттер арқылы оқушыларды 3 топқа бөледі.
  • Бағалау парағын таратады.
  • Топ атауын ойластыруға бағыт береді.

Оқушы әрекеті

  • 3 топқа бөлінеді.
  • Әр топ көшбасшысын тағайындайды.
  • Топ атауын жазады, ережені еске түсіреді.

Бағалау: топ ішіндегі оқушыларды көшбасшы бағалайды, топ басшыларын мұғалім бағалайды.

3) Үй тапсырмасын тексеру: «Музыкалық қобдиша»

4 минут

Сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушылар музыка әуенімен кезекпен жауап береді.

  1. Болымсыздық есімдігі дегеніміз не?
  2. Болымсыздық есімдіктерін ата.
  3. Етікші құралының бірімен ұқсас есімдік қай түрге жатады? (біз)
  4. «Басқаның бәрін өзі сұрайды, өзінен ешкім сұрамайды». Есімдіктің қай түрі? (сұрау)
  5. Есімдік дегеніміз не?
  6. Есімдіктің мағыналық түрлерін ата.
  7. Жіктеу есімдігі дегеніміз не?
  8. Сілтеу есімдігі дегеніміз не?
  9. Сұрау есімдігі дегеніміз не?
  10. Өздік есімдігі дегеніміз не?

4) «Талдау — табыс кілті»

3 минут

Берілген өлең жолдарынан есімдіктерді тауып, мағынасына қарай талдайды.

1-топ

Сен оны құрметте

Түсіндің бе, қарағым.

Сенің келешегің үшін берді ол,

Азаттық жолында аяғын.

(Ә. Сәрсенбаев)

2-топ

Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – құран, бағынамын сөзіме!

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!

(М. Жұмабаев)

3-топ

Анау не жарқыраған,

Аспаннан тартып алам.

Мынау не сарқыраған?

Қалайша сарқылмаған?

(Ә. Табылдиев)

5) «Миға шабуыл»: ертегі арқылы жаңа тақырыпқа шығу

7 минут

«Ертегі еліне» қош келдіңіздер. Ерте, ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде Қазақ тілі елінде, Морфология патшалығында Есімдік деген қарт өмір сүріпті. Қарттың 7 баласы болыпты. Олардың есімдері кімдер?

Сабақ үстінде отырған кезде есік қағылды делік. Сонда: «Апай, біреу есік қағып тұр» дейміз. Демек, есікті нақты кім қағып тұрғаны бізге белгісіз: оқушы ма, ата-ана ма — беймәлім.

Қорытынды ой

Біреу сөзі — белгісіз адамды білдіреді. Бүгін Есімдік қарттың ең кіші баласы — белгісіздік есімдігімен танысамыз.

6) Жаңа тақырып: Белгісіздік есімдігі

Белгісіздік есімдігі — затты, адамды немесе құбылысты белгісіз түрде жорамалдап, тұспалдап көрсететін сөздер.

Мысалдар

біреу кейбіреу әркім әрне әлдекім әлдене кімде-кім бір қайсыбір

Емле ерекшелігі

әлде, әр, қай, кей, бір сөздері есімдіктермен тіркескенде бірге жазылады, ал басқа сөз таптарымен тіркескенде бөлек жазылады.

Қызметі (қолданылуы)

  • Зат есім орнына: біреу, кейбіреу, қайсыбіреу, бірдеме, әрне, кімде-кім, әлдекім, әркім, әлдене.
  • Сын есім орнына: қайсыбір, кейбір, әр, әрбір, қайбір.
  • Үстеу мәнінде (пысықтауыш): әрқашан, әрқалай, әлдеқашан, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқайдан.

7) Сергіту сәті: «Көңілді күн»

3 минут

Қимыл-қозғалыс арқылы оқушылардың назарын сергіту.

8) Оқулықпен жұмыс

5 минут

155-жаттығу

Өлең шумақтарынан белгісіздік есімдігін тауып, тұлғасына қарай талдау.

Үлгі талдау: «кейбіреу»

  1. Тұлғасына қарай: туынды түбір (екі сөздің бірігуінен жасалған).
  2. Құрамына қарай: екі құрамнан тұрады: кей + біреу.
  3. Құрылысына қарай: күрделі, біріккен сөз.
  4. Лексикалық мағынасы: адам атауының орнына жұмсалатын сөз.
  5. Грамматикалық мағынасы: есімдік.
  6. Сұрағы: кім?
  7. Мағынасына қарай: белгісіздік есімдігі.

9) «Торлы диаграмма»

3 минут

1

Зат есім

2

Сын есім

3

Сан есім

10) Терме диктант

5 минут

«Түртіп алу» стратегиясы бойынша оқушылар мәтіннен есімдіктерді теріп жазып алады.

Мәтін

Тәуелсіз Қазақстан. Отан деген не? Бұл сөзді әрқайсымыз күн сайын әлденеше рет естіп жүрміз. Отан дегеніміз — әр адамның туып-өскен жері, туған-туысқандарымен, жақындарымен, бүкіл дос-жарандарымен бірге тұратын мекені.

Қазақ елінде тұратын барлық адамның Отаны — Қазақстан Республикасы. Осы күнге жету үшін қазақ халқы біраз қиыншылықты бастан өткізді. Әр мемлекеттің дербес, тәуелсіз ел болуы — барша бақыттың бастауы.

Бұл күнде дүние жүзінің барлық елі Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танып отыр. Осы бақыт әр қазақстандықтың жүрегіне нұр құяды.

Мұғалім оқытып, жауаптарды тексереді.

11) Қорытынды: семантикалық кесте

3 минут

Әр оқушыға семантикалық карточка таратылады. Оқушылар жауаптарын белгілеп, интербелсенді тақта арқылы бір-бірін тексереді.

12) Рефлексия

4 минут

Кері байланыс сұрағы

Бүгінгі сабақ несімен ерекшеленді?

Оқушылар стикерге жауап жазып, тақтаға шығып жапсырады.

13) Үй тапсырмасы

1 минут

156-жаттығу. Рефлексия нәтижесіне қарай тақырыптың қиын болған тұстарын қайталау.

14) Бағалау

2 минут

Көшбасшы топтағы оқушыларды бағалайды, ал топ басшыларын мұғалім бағалайды.

Автор туралы мәлімет

Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Аманкелді орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Негметжанова Бибігүл Қайржановна