Түйе - түлік басы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларды халықтың тіршілік-әрекетімен таныстыру; мал атауларын, олардың ерекше қасиеттерін, пайдасын және күтім-бағымын түсіндіру. Ата кәсіп пен өмір салты туралы ұғым қалыптастыра отырып, қазақ халқының табиғатқа, жан-жануарға деген құрметі мен жауапкершілігін тәрбиелік тұрғыда көрсету.
Дамытушылық
Төрт түлік туралы өлеңдер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, өтірік өлеңдер және мәтіндер арқылы оқушылардың танымын кеңейтіп, тілін дамыту.
Тәрбиелік
Еңбекқорлыққа, іскерлікке және шеберлікке баулу.
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Құрт
- Қима қағаздар
- Таратпа материалдар
Сабақ барысы
Ұйымдастыру және психологиялық дайындық
Біз қандаймыз, қандаймыз,
Шұғылалы таңдаймыз.
Күлімдеген күндейміз,
Еш уайымды білмейміз.
Топқа бөлу
Оқушылар 4 топқа бөлінеді және әр топ өз атауымен танысады.
1-топ
Қошақандар
2-топ
Бұзауқандар
3-топ
Құлыншақтар
4-топ
Ботақандар
Кіріспе: төрт түліктің қазақ өміріндегі орны
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе арқылы халық малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін терең танып, зерттеп білген. Малдың еті мен сүті ғана емес, жүні мен терісі, мүйізі мен сүйегіне дейін тұрмысқа қажетке жаратылған. Мінсе — көлік, тұтынса — бұйым болған төрт түлік көшпелі тіршіліктің өзегі саналған.
«Малым — жаным садағасы, жаным — арымның садағасы» — ата-бабамыздың өмірлік ұстанымы.
Қазақстан жері мал өсіруге аса қолайлы, сондықтан төрт түлікті халық тұрмысынан бөле қарастыру мүмкін емес.
I. Төрт түлік туралы
Қой
Ұсақ малҚой — төрт түліктің ұсағы. Күзгі терісінен тон, қысқы терісінен тұлып тігеді. Жүнінен киіз басып, жіп иіріп, қолғап пен шұлық тоқиды. Қойдың сүті қою әрі жағымды.
Сиыр
Ірі қараСиыр — ірі қараға жатады және көбіне сүті үшін ұсталады. Сүтінен қаймақ, май, айран, құрт, сүзбе, ірімшік дайындалады.
Жылқы
Көлік әрі дәстүрЖылқы — төрт түліктің бірі. Саусаң — қымыз, мінсең — көлік. Суыққа төзімді. Оның майы салқында да тоңазымайды. Еті мен қымызы — шипалы тағам.
Түйе
Түлік басыТүйе — түлік басы, көштің көлігі. Оған көбіне жүк артады. Сүтінен шұбат пен қымыран дайындалады. Жүнінен жылы киім тоқылады.
II. Төрт түлік пірлері
Халық ұғымында әр түліктің өз пірі, киесі бар. Төрт түліктің пірлері төмендегідей аталады.
Қой
Шопан ата
Қазына, мырзалық.
Сиыр
Зеңгі баба
Қанағат, ақтық.
Жылқы
Қамбар ата
Сән-салтанат, мақтаныш.
Түйе
Ойсылқара
Байлық, салтанат.
III. Төлдер туралы тақпақтар
Кіп-кішкене, момақан,
Қошақанды ұнатам.
«Қозым» дейді апам да,
«Қошақаным — өзің!» деп.
Бұзауым бұзық,
Мінезі қызық.
Маңдайы күйді,
Қазанды сүзіп.
Құрық алып қолыма,
Қамшы салдым торыға.
Жылқы айдаймын жайлауда,
Шаң ілеспей соңыма.
Жүресің тек мөңтиіп,
Қос өркешің селтиіп.
Қарап тұрып қорқамын,
Жел тиіп қала ма деп.
Ән
«Төлдер»
IV. Мақал-мәтелдер
Қой туралы
- Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.
- Қойдың сүті — қорғасын.
- Қойды соққан оңбасын.
Сиыр туралы
- Сиырлының үйі — айран.
- Сиырды теппейді.
- Сүтті төкпейді.
Жылқы туралы
- Жылқы — жаным, қымыз — қымыраным.
- Ат — адамның қанаты.
Түйе туралы
- Түйе атасы — нар, ағаш атасы — шынар.
V. Жұмбақтар
1) Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
2) Мүйізі айдай иірген,
Мұрнын көкке шүйірген.
Ірімшік пен құрт-майы
Жегенде тілді үйірген.
3) Қамыс құлақ,
Тостаған тұяқ.
Мінсең — қанат.
Сүті — дәрі,
Еті — тамақ.
4) Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
VI. Өтірік өлең құрастыру
1) Сарымсақ пен сәбіз бөлмеде
Өскенін көп ел көріпті.
Қой мен ешкі төлдерге
Тамақ жасап беріпті.
2) Қарағаштың басына
Қауын-қарбыз өсіпті.
Түйе мен сиыр қызығып,
«Қыста жейміз» десіпті.
3) Жануарлар бақшаға
Жеміс жеуге келіпті.
Суда өскен жүзімді,
Жылқы мен есек теріпті.
VII. Тыйым сөздер
Төрт түлікке қатысты тыйым сөздер — халықтың тәрбие мен әдепке негізделген өмірлік ережелері.
- Қой қырқатын қырықтықты иесіне бос қайтармайды, жүнге орап береді.
- Малдың алдынан бос ыдыспен шығуға болмайды.
- Малға дауыс көтеріп ұрысуға, балағаттап тіл тигізуге болмайды: иесі өкпелейді.
- Жас малдың тістерін санамайды.
- Мал қораның сыртында да, ішінде де ысқырмайды.
- Түнде мал санамайды және ешкімге мал бермейді.
- Малды біреуге сыйлағанда немесе сатқанда, ноқта-жүген, бас жібі бірге берілмейді.
- Жас ботаны бірден көзге түсірмейді: ол бір ай бойы шымылдықтың немесе ши қоршаудың ішінде ұсталады.
Ән
«Қошақаным қайда екен?»
Қорытынды
Балалар, бүгін төрт түлік туралы қандай жаңа мәліметтер үйрендіңдер? Сендерге төрт түлік туралы қай бөлім ерекше ұнады?