Қара бұлт өлеңі
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
А. Байтұрсынұлының «Қара бұлт» мысал өлеңін оқыту арқылы ақынның әрі аудармашы, әрі сыншы ретіндегі қырын таныту; өлең мазмұнын меңгертіп, негізгі идеясын ашу.
Тәрбиелік
Автор көтерген ой арқылы оқушыларды қайырымдылыққа, жанашырлыққа, мейірімділікке баулу; зиянды әдеттерден сақтандыру.
Дамытушылық
Оқушының ой-қиялын еркін дамытып, өз пікірін түюге үйрету; шығармашылыққа, мәнерлеп оқуға дағдыландыру; талдау мен пайымдау қабілеттерін жетілдіру.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Сабаққа қатысуды тексеру.
- Назарды сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Ой қозғау» стратегиясы: өткенді қайталау және Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасау.
Қайталау сұрақтары
- Абай қай жерде дүниеге келді?
- Әкесі кім?
- Абай жастарды неге шақырды?
- Шәкәрім қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
- Шәкәрімнің «Адамдық борышың» өлеңі не туралы?
- «Ғибрат аларлық артыңа із қалдырсаң, мәңгілік өлмейсің» ойын қалай түсінеміз?
- Сұлтанмахмұттың «...адам болып, жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып» дегенін қалай түсінесің?
Ахметке қатысты сұрақтар
- Ахмет Байтұрсынұлы қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
- Мұхтар Әуезов Ахметке қандай баға берді?
- Ахметтің қандай өлең жинақтары бар?
- Орыс ақындарынан кімдердің шығармаларын аударған?
- Адам бойындағы қандай қасиеттерді сынаған?
- Төменгі сыныпта өткен қандай мысал өлеңдерін білесіңдер?
- Ахмет өлеңдерінен жатқа мысал келтіріңдер.
Шәкәрім айтқандай, «Ғибрат аларлық артыңа із қалдырсаң — шын бақыт, мәңгілік өлмейсің». Ахмет Байтұрсынұлы да кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырған: қоғам қайраткері, дарынды ақын, мысалшы, біртуар тұлға.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсынұлы туралы: қазақ мектебін ашудағы еңбегі, ана тілін жүйелеуі, әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің халыққа қызметі — тарих ұмытпайтын істер.
Мысал дегеніміз не?
Мысал — астарлы ой арқылы адам мінезін, қоғамдағы кемшілікті тұспалдап жеткізетін, тәрбиелік мәні басым шағын жанр.
Мысалшы дегеніміз кім?
Мысалшы — мысал жанрында жазып, адам бойындағы міндерді сынап, оқырманды түйін жасауға жетелейтін қаламгер.
Аударма дәстүрі және нәзирагөйлік
Мысал аудару дәстүрі Ыбырай мен Абай тәжірибесінен бастау алады. Бір мысалдың бірнеше нұсқада тәржімалануы әдебиетте нәзирагөйлік тәсіл ретінде танылады. Ахмет мысалдарды Крыловтан аударды, ал Крылов өз кезегінде Эзоп пен Федр мұрасына сүйенген. Зерттеушілер Крыловтың бірқатар туындылары аударма екенін көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы да осы арнада қазақ мысалының дамуына зор үлес қосты. Соның бірі — «Қара бұлт» мысал өлеңі.
IV. Мәтінмен жұмыс және талдау
1) «Нені білгіміз келеді?»
Өлеңді мәнерлеп оқып, «Қара бұлт» мазмұнымен танысу.
2) «Ой толғау»
Топтық талдау арқылы негізгі ойды анықтау, дәлел келтіру.
3) «Нені білдік?»
Рөлге бөліп оқып, кейіпкерлер әрекеті мен астарын ашу.
Венн диаграммасы: «Бұлт» — «Тау» — «Адам»
Талқылау сұрақтары
- Бұлт пен таудың астарында қандай адамдар бейнесі жатыр?
- Бұлтқа ұқсағысы келетін оқушы бар ма? Неліктен?
- Тауға ұқсағысы келетін оқушы бар ма? Неліктен?
- Бұлт қандай бейне?
- Тау қандай бейне?
- Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпан қандай?
Негізгі идеяны нақтылау
«Қара бұлт» — қолындағы мүмкіндігін жұрт игілігіне жаратпайтын, пайдасыздық пен паңдыққа бой алдырған мінезді тұспалдайды. «Тау» бейнесі — тұрақтылық, сабыр, өз орнында тұру арқылы өзгеге қызмет етудің үлгісі ретінде оқылады.
Сөздік жұмысы
- Аптап
- Ыстық
- Пәрменінше
- Бар күшімен
- Қайран қалу
- Таңғалу
- Қайыр
- Пайда
Синоним, антоним табу
Синонимдер
тамбау — жаумау;
пайда — қайыр.
Антонимдер
жаумай — құя салу.
Ғибратты шумақ
Егер де сол қадарың жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге.
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге.Талқылау: бұлт сияқты қолынан келетін істі ел игілігіне жұмсамайтын адамдар бүгінгі өмірде кездесе ме?
V. Ой қорыту (пікірталас)
Сұрақ 1
Қайырымдылық деген не?
Сұрақ 2
Қазіргі заманда қайырымдылық керек пе? Неліктен?
VI. Топтастыру стратегиясы (топтық жұмыс)
«Ахмет мысалдары арқылы нені үйрендім?» тақырыбында ой карта құру: кейіпкер мінезі, әрекет, астар, қорытынды, өмірмен байланыс.
Түйін
Адам — өмірге қонақ. Сондықтан бүгін сөз болған жаман қасиеттерден аулақ болып, адамша өмір сүруге ұмтылу қажет.
Мұғалім
Л. С. Маширбаева