Туған жерҚ

Сабақтың тақырыбы

Қ. Мырза Әли — «Туған жер».

Мақсаты

Отан, сүйіспеншілік, туған жер құндылықтарының маңызын түсіндіру.

Міндеттері

  • Отан, сүйіспеншілік, туған жер туралы түсініктерді кеңейту.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін дамыту.
  • Туған жерді сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Туған жер туралы мақал-мәтелдер, Шалқардың суреттері.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Сабақтың мақсат-міндеттері таныстырылып, оқушылардың назарын тақырыпқа бағыттау.

II. Үй тапсырмасы: «Ғасыр саңлағы»

  • 1 Тізбектей оқыту.
  • 2 Мазмұнын сұрау (3–4 оқушы).
  • 3 Сұрақ-жауап арқылы бекіту.

Сұрақтар

  • Әңгімедегі Тоқтар кім?
  • Анасы екеуі келе жатып қандай көріністі тамашалады?
  • Тоқтар кішкентай кезінен кім болуды армандады?
  • Тоқтар қай жылы ғарышқа ұшты?
  • Тоқтар туралы тағы не білесіңдер?

Талқылау

Оқушылардың жауаптары тыңдалып, негізгі ойлар қысқа тұжырыммен бекітіледі.

Сергіту сәті

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге!

Жаңа сабақ: Қ. Мырза Әли — «Туған жер»

Қ. Мырза Әли туралы қысқаша мәлімет

Ақын 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. Кейін «Жұлдыз» журналы редакциясында әртүрлі қызметтер атқарып, 1968–1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімін басқарған.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алған. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Ол — Қазақстанның халық жазушысы.

2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алған. 2011 жылы өмірден өткен.

Әңгімелік кіріспе: «Хайуанаттар бағы» мысалы

Оқушыларға сұрақ қойылады: «Хайуанаттар бағына барып көрдіңдер ме?» Бұл — туған жерді сағыну сезімін ұғындыруға бастайтын шағын әңгіме.

Хайуанаттар бағында Үнді пілінен бастап Бетпақдаланың батбатына дейін кездеседі. Батбат — кесірткенің бір түрі. Кесіртке, көлбақа, пингвин секілді жәндіктер өз өлкесін еске алып, туған жерін аңсайды.

Негізгі ой: әркімнің туған жері өзіне ыстық.

Сұрақ: «Туған жерің қалай аталады?»

Оқушылардың жауаптары тыңдалады. Сабақта мысал ретінде Шалқар туралы әңгіме өрбиді.

Шалқар туралы қысқаша дерек

Шалқар — Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының орталығы, ірі темір жол станциясы.

1870 жылы Ұлықұмның оңтүстік-батыс беткейіне, Шалқар көлінің маңына қазақ шаруалары қоныстанып, мал шаруашылығымен айналысқан және жеркепе үйлер салған.

1901–1903 жылдары Орынбор–Ташкент темір жолының құрылысы басталып, алғашқы өнеркәсіп орны — Шалқар паровоз депосының іргетасы қаланған.

1932 жылы Шалқар ауданы құрылған.

Мәдени сәт

Оқушылар үнтаспаға қосылып, «Шалқар вальсі» әнін орындайды.

Естелік көріністер

Шалқардың құмы, көлі, эмблемасы секілді суреттер көрсетіледі.

Туған жерді сүю — табиғи сезім

Әр адамға өзінің туып-өскен жері — сылдырап аққан суы, биік тауы, ағашы мен хош иісті гүлі — бәрі де ыстық. Сондықтан әркім туған жеріне деген махаббатын, Отанына сүйіспеншілігін, мақтанышын әртүрлі жолмен білдіреді.

Ақын-жазушылар туған жердің сұлу табиғатын, байлығын жырласа, суретшілер оның көркін бейнелейді.

Мақал-мәтел

Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат.

Дәптермен жұмыс

Туған жер туралы мақал-мәтелдерді жазу.

  • Туған жер — алтын бесік.
  • Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас.

Сөздік жұмыс

Жұмақ
Рақат орын, пейіш.

Қорытынды

Сабақ соңында негізгі ойлар жинақталып, оқушылардың қатысу белсенділігі бағаланады. Үй тапсырмасы беріледі.