Тек ӨМІРГЕ ғана

Сабақтың тақырыбы

«Өмір, қымбатсың маған!» (презентациясымен)

Мақсаты

Балаларға өмір құндылықтарын түсіндіру, жан түршігерлік оқиғалар арқылы лаңкестіктен жиіркенуге және одан бойын аулақ ұстауға үндеу. Сонымен қатар, өз өмірін де, өзгенің өмірін де құрметтеп, аялай білуге баулу және тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Оқушыларға өмір туралы тереңірек білім беру.
  • Өмірге құштарлығын дамыту.
  • Өмірдің мәнін түсінуге тәрбиелеу.

Сабақтың басталуы

Мұғалім

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі сабақта сендерді көргеніме қуаныштымын.

Балалар

Біз де!

Шаттық шеңбері

Сабағымызды «Өзін-өзі тану» пәнінің әнұранымен бастайық! (Әнұран орындалады.)

Сұрақ

Балалар, адам үшін ең қымбат нәрсе не деп ойлайсыңдар?

(Оқушылар жауап береді.)

Барлық жауап орынды. Соның ішінде ең қымбат құндылық — өмір.

Өмір деген — бір нәзік тіршілік,
Таң сыйлайды, нұр сыйлайды күн шығып.
Қадіріне жете алмасаң желдіріп,
Саған қарсы ұмтылады жұлқынып.

Үй тапсырмасын тексеру

Мұғалім

Үйде өмір туралы ұнатқан өлең жолдарын тауып, эссе жазып келу тапсырылған болатын. Ендеше, тыңдайық.

1-оқушы: Өлең

Өмір деген — көк мұхиттың толқыны,
Бір-бірімен шулап, жалғасып.
Бір-бірімен тулап, арбасып,
О, толқындар, арпалысып алға шық!

Өмір деген — пәк жаралған махаббат,
Ғашықтықтан жарқылдаған көздері.
Ұғынбайтын өз ойынан өзгені,
Өз жүрегін өртейтұғын өз демі.

Өмір деген — мәңгі гүлдеп жататын,
Құштарлықтың толғағы мен көктемі.
Ешкім оған қоя алмайды нүктені,
Өмір деген сөйлем емес өйткені.

Т. Айбергенов

2-оқушы: «Өмірдің мәні» (эссе)

Өмір шіркін күннің сәулесіндей жарқ етіп өте шығады. Сондықтан да осы уақытқа дейін не үшін өмір сүргенімізді және не істеп жүргенімізді ой елегінен өткізуіміз қажет.

Біз өмірге келеміз: ата-анамыз тәрбие беріп, аяғымызға тік тұрғызады. Кейін білім алып, жоғары оқу орнына түсіп, жақсы жұмысқа орналасамыз. Бірақ осының бәрі не үшін екенін кейде толық түсіне бермейміз. Барлығымыз алдымызға мақсат қоямыз, алайда сол мақсатқа жеткеннен кейін не болатынын да ойлау маңызды.

Алла Тағала бізге бұл өмірді сыйлады. Сондықтан оны мәнді өткізуге тиіспіз. Артымызда із қалдыру, игі іс жасау — адамға бағыт-бағдар беретін асыл мұрат. Тіпті жақсы жерде оқымай, тұрмыстық қиындық көрсең де, егер сен туралы жақсы сөз айтылса, демек өмірді құр өткізбегенің.

Адам кез келген мақсатқа қол жеткізе алады. Тек соған ерінбей еңбек ету керек. Мен де өмірімнің мәні болғанын, бұл өмірден алар еншімді адал еңбегіммен алып өтсем деп тілеймін. Еліме елеулі, халқыма қалаулы, егемен еліміздің ертеңі болсам деген үкілі үмітімді үзбей, сол үшін талпынамын.

Жалғанда қалмай, жаныма жарық түсірер мақсат қою адамды алға жетелейді. Кейде қиялға беріліп: «Барша адамзатты осы ізгі ниетіме ортақтастыра алсам ғой», — деп ойлаймын. Мен өмірге ғашықтығымды осылай дәлелдегім келеді. Мен өмірге ғашықпын — тек өмірге ғана!

3-оқушы: Ой-толғау

Өмір жолы көшкен керуеннің соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқармен қатар төменге құлдырап өтетін ылдилы тұстары да кездеседі. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды.

Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады; қалың жауын нөсерлетіп құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра кенет сарылдап аққан, өткел бермес долы өзенге айналып, көшті бөгейді. Мұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп, өз деген жеріне жетеді.

І. Есенберлин

4-оқушы: Өлең

№2 Абай атындағы лицей түлегі Баисов Айдынның өлеңі

Өмір деген кейде бақыт, кейде мұң,
Секілді кезектескен күн мен түн.
Өмірді түсінемін сынақ деп,
Қиындық пен қуаныштан тұратын.

Негізгі ой

Өмір — ең қымбат құндылық. Оны қадірлеу — өзіңді құрметтеу, ал өзгенің өмірін құрметтеу — адамдықтың ең биік өлшемі. Қиындық пен сынақ қатар жүрсе де, мақсат пен еңбек адамды алға жетелейді.