Орталық Америка елдері
Күнделікті сабақ жоспары (7-сынып, география)
Пәні
Материктер мен мұхиттар географиясы
Сыныбы
7
Тақырыптар (31–35-сабақ)
- 31-сабақ: Солтүстік Американың климаты
- 32-сабақ: Солтүстік Американың ішкі сулары
- 33-сабақ: Солтүстік Американың табиғат зоналары
- 34-сабақ: Халқы және елдері. Америка Құрама Штаттары
- 35-сабақ: Канада. Орталық Америка елдері
Сабақ тақырыбы: Солтүстік Американың климаты
Білімділік мақсаты
Оқушыларға Солтүстік Американың климат жағдайын түсіндіру, оның маңызы мен ерекшеліктерін ашып көрсету.
Дамытушылық мақсаты
Есте сақтау қабілетін дамыту, пәнге қызығушылықты арттыру, картамен және шығармашылық тапсырмалармен жұмыс дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік мақсаты
Басқа мемлекеттермен таныстыру арқылы өз еліне, жеріне сүйіспеншілік пен құрмет сезімін тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Оқыту әдісі
Сұрақ-жауап, түсіндірмелі
Әдістемелік жабдықталуы
- Солтүстік Американың климат картасы
- Атлас карта
- Оқулық
- Суреттер
- Қосымша материалдар
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Назарын сабаққа аудару, мақсат-міндеттерді қысқаша хабарлау.
2) Жаңа сабақты түсіндіру
Солтүстік Америка Солтүстік жарты шарда орналасып, Еуразиямен ендік бойынша ұқсас жағдайға ие болғандықтан, климаттық ерекшеліктерінде ортақ белгілер кездеседі. Материк экваторлық белдеуден басқа барлық климаттық белдеулерді кесіп өтеді.
Климаттың өзіндік ерекшеліктерін қалыптастыратын факторлар
- Материк аумағының Еуразияға қарағанда шағын болуы.
- Солтүстік полюске жақын орналасуы.
- Оңтүстікке қарай сүйірленіп тарылуы.
- Батысының биік таулы, шығысының салыстырмалы аласа болуы.
- Ендік бағытта созылатын тұтас тау белдеулерінің болмауы.
Материктің солтүстігіндегі мәңгі мұз басқан, қар жамылғысы қалың аймақтарда күн сәулесінің кері шағылысуы (альбедо) жоғары болады. Соның әсерінен ауа температурасы төмендеп, қалыптасқан суық ауа массалары ешбір кедергісіз оңтүстіктегі Мексика шығанағына дейін еркін жылжиды. Нәтижесінде субтропиктік белдеудің өзінде де қар жауатын жағдайлар байқалады.
Шығыста Атлант мұхитынан келетін жылы әрі ылғалды ауа массалары Арктикадан келетін суық ауа массаларының ықпалын белгілі дәрежеде әлсіретеді. Ал батыста Кордильераның биік жоталары Тынық мұхиттан келетін ауа массаларының материк ішіне терең енуіне бөгет жасайды.
Қауіпті құбылыстар: торнадо
Оңтүстікте, Мексика шығанағы үстінде қалыптасатын тропиктік ауа массалары солтүстікке қарай емін-еркін өтетіндіктен, күшті желдер мен құйын тәрізді дауылдар — торнадо жиі байқалады.
Кейде торнадоның жылдамдығы сағатына 800 км-ге дейін жетіп, жолындағы ағаштарды тамырымен қопарып, үйлерді қиратып, ірі заттарды көтеріп әкетуі мүмкін.
Құрғақшылық, шаңды дауыл, ураган
Орталық жазықтарда аңызақ жел, құрғақшылық және топырақтың құнарлы қабатын ұшырып әкететін шаңды дауылдар жиі кездеседі.
Ал Атлант мұхиты жағалауындағы тропиктік ендіктерде жаздың соңы мен күздің басында мұхиттан соғатын өте күшті апатты дауылдар — ураган байқалады. «Ураган» сөзі майя тілінде «дауыл құдайы» дегенді білдіреді.
Климаттың алуан түрлілігі (негізгі көрсеткіштер)
Қаңтар
Канаданың Арктикалық архипелагында және Гренландияда орташа температура −40°C, ал материктің оңтүстігінде шамамен +20°C.
Шілде
Солтүстік жағалауларда орташа температура +8°C-қа әрең жетеді, ал оңтүстіктегі кейбір аймақтарда +30°C-тан асады.
Жауын-шашынның таралуы
Материктің оңтүстік-шығысында және Кариб теңізі аралдарында жауын-шашын мол түседі. Солтүстікке және батысқа қарай мөлшері біртіндеп азаяды. Тек Кордильераның солтүстік-батыс жағалауындағы тау беткейлерінде жауын-шашын қайта артады — бұған батыс желдері ықпал етеді.
3) Жаңа сабақты бекіту (тапсырмалар)
-
Климаттық карта бойынша талдау
Материктің климаттық картасын пайдаланып, қаңтар және шілде изотермаларының жүру бағыттары мен мәндерін, маусым бойынша желдердің басым бағыттарын, жылдық жауын-шашынның таралуын анықтаңдар. Байқалған ерекшеліктердің себептерін түсіндіріңдер.
-
Климаттық белдеулерді салыстыру
Климаттық белдеулер картасын пайдаланып, Солтүстік Америкадағы климаттық белдеулерді және олардың климат жағдайларын анықтаңдар. Еуразиямен салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын сипаттаңдар. Нәтижені қысқаша дәптерлеріңе жазыңдар.
Қорытынды
Бүгінгі сабақта Солтүстік Американың климатының қалыптасу факторларын қарастырып, климаттың алуан түрлілігін және қауіпті атмосфералық құбылыстардың себеп-салдарын анықтадық.
Үйге тапсырма
- §31 — оқу.
- Кескін картаға Солтүстік Американың климатын түсіріп келу.
- Осы тақырып бойынша тест сұрақтарын құрастырып келу.