Сызба бойынша сөйлем құра білуге дағдыландыру

Ашық сабақ

Тақырып: «О» дыбысы мен әрпі Дайындық тобы

Сабақтың мақсаты

  • «О» дыбысы мен әрпімен таныстыру, «О» әрпінің баспа түрін жазуды үйрету.
  • Балалардың білімін кеңейтіп, ой-өрісін, есту және есте сақтау қабілетін, белсенді қызығушылығын дамыту.
  • Имандылыққа тәрбиелеу, баланың рухани өсуіне бағыт беру.

Сабақтың міндеттері

  • Сабаққа қызығушылық тудыру.
  • Өткен дауысты және дауыссыз дыбыстарды еске түсіріп, қайталау.
  • Жаңа тақырыппен таныстыру.
  • Тілді дамыту, сөздік қорды молайту.
  • Сөздерге дыбыстық талдау жасай білуге үйрету.
  • Сызба бойынша сөйлем құрастыруға дағдыландыру.
  • Жазбаша тапсырмалар арқылы қолдың ұсақ моторикасын дамыту.

Әдіс-тәсілдер және ресурстар

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Түсіндіру Көрнекілік Ойын Практикалық Сөздік

Көрнекіліктер

  • Хат, «О» әрпінің таңбасы
  • Ойыншықтар, орамал
  • Торғай бейнеленген суреттер

Құрал-жабдықтар

  • Текшелер, доп
  • Сөйлем сызбасы, тақта, магнит
  • «Балапанның» жазу дәптері

Сабақтың барысы

1) Шаттық шеңбер

— Амансыңдар ма, балалар! Сендермен қайта кездескеніме қуаныштымын. Бүгін топқа қонақтар келіп отыр.

— Қане, бәріміз дөңгеленіп, шаттық шеңберіне тұрайық. Бір-бірімізбен амандасайық.

Шаттық сөзі

Күндей жадырап,

Айдай арайлап,

Жұлдыздай жарқырап,

Судай мөлдір, таза көңілмен

Бүгінгі күнді бастайық.

— Жақсы, балалар, енді дөңгеленіп отырайық.

2) Әліппе елінен хат

— Балалар, қараңдаршы: бізге Әліппе елінен хат келіпті. Өзі қандай үлкен әрі ауыр екен!

— Не деп жазғанын көрейік пе? Жақсы, мен хатты жайлап ашайын.

Хат мәтіні

Сәлеметсіңдер ме, даярлық «А» тобының балалары!

Біз — Әліппе елінің патшасы Дауыссыз дыбыс және ханшайымы Дауысты дыбыс. Сендерге қуанышты хабар жеткізбекпіз.

Бүгін сендерге сабақтың соңында сыйлық жібереміз. Бірақ бұл сыйлыққа лайықсыңдар ма — соны тапсырмаларды орындаған кезде көреміз.

— Балалар, патша мен ханшайым бізге тапсырма жолдапты. Сыйлықты алғымыз келе ме?

— Онда тапсырмаларды бірге орындаймыз. Қандай тапсырма болса да, соңына дейін жеткіземіз!

3) Қайталау: өткен әріптерді еске түсіру

— 1-тапсырма: жұмбақ-өлеңдер арқылы өткен әріптерді табайық.

1-жұмбақ

Аяулы ару — Алматы,
Алатау — асқақ аясы.
Алқабында атақты,
Алқызыл апорт алмасы.

Жауабы: А әрпі

2-жұмбақ

Пай-пай, пілдің күштісі-ай,
Піл пайдалы, үйреткен.
Пара-пар ол кранға,
Бөренені сүйреткен.

Жауабы: П әрпі

3-жұмбақ

Соңында ол айдың да,
Соңында ол тайдың да.
Тұрады ол ортада,
Айбын менен айдында.

Жауабы: Й әрпі

4-жұмбақ

Айырға аздап ұқсайтын,
Сабы жоқ, бірақ ұстайтын.
Тарақты еске салатын,
Қайсы әріп? Кім бар табатын?

Жауабы: Ш әрпі

5-жұмбақ

Түсі сары, сүйкімді,
Дәмі қышқыл бір түрлі.
Ащы дей де алмайсың,
Шекерсіз жей алмайсың.

Жауабы: лимон

Л әрпі