Кейіпкерлері жануарлар
Сабақтың тақырыбы: «Жануарлар жайлы ертегілер»
Сабақтың мақсаты
1-мақсат
Оқушыларды ертегілердің мазмұнымен таныстыру және мазмұн негізінде сурет салуға үйрету. Жеке тұлғаның рухани мәдениетін қалыптастыру, балалардың бейнелеу қабілетін шыңдау.
2-мақсат
Ертегілер әлемі туралы танымды кеңейту, іздену мен зерттеу қабілеттерін дамыту. Ертегіге қызығушылықты арттырып, шығармашылық ізденісті қалыптастыру; көркемдік талғамды, қиялды және ойлау кеңістігін дамыту.
3-мақсат
Ертегілердің негізгі идеясы мен тәрбиелік мәні арқылы ұлтымыздың асыл қасиеттерін сіңіру. Оқушылардың ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттырып, белсенділігін шыңдау.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың қатысуын түгендеу.
- Құрал-жабдықтарын тексеру.
- Сабақтың мақсаты мен жұмыс тәсілдерімен таныстыру.
2) Жаңа сабақ: «Ертегі кейіпкерлері»
Сұрақ
Ертегі дегеніміз не?
Сұрақ
Ертегіден біз нені көре аламыз?
Сұрақ
Ертегіні жақсы көреміз бе? Неліктен?
Ертегі десе көз алдымызға ғажайып көріністер елестейді. Ертегі бізді әрдайым алыс сапарларға жетелейді. Ертегінің басталуын еске түсірейік:
Бар екен де, жоқ екен,
Ерте, ерте ертеде,
Ешкілері бөрте екен,
Қырғауылы қызыл екен,
Құйрықтары ұзын екен...
Ертегі кіріспесі балалардың қиялын оятып, оқиға әлеміне жетелейді.
Адам қиялынан туған көне мұралар негізінен мифтер, аңыздар және ертегілер болып бөлінеді.
Ертегілер — қиял-ғажайыпқа толы әлем: жануарлар адамша сөйлейді, батырлар тек жаумен ғана емес, айдаһарлармен, жын-перілермен, халық қиялы тудырған түрлі құбыжықтармен шайқасады.
Қиял-ғажайып кейіпкерлер
Айдаһар, мыстан кемпір, ұшатын кілем, дәу, желаяқ, көлтауысар, саққұлақ және т.б.
Қарапайым адамдар
Кей ертегілерде басты кейіпкер — күнделікті өмірдегі адам. Ол ақылымен, еңбегімен, батылдығымен жеңіске жетеді.
Жануарлар
Жануарлар адам сияқты сөйлеп, олардың әрекеті арқылы адамдардың мінез-құлқы танылады.
Ертегілердің түрлері
- Қиял-ғажайып ертегілер — баланың қиялын ұштап, болашаққа сеніммен қарауға тәрбиелейді.
- Батырлық ертегілер — елін қорғаған ерлердің ерлік істерін баяндайды (мысалы: Ертөстік, Қобыланды).
- Күлдіргі ертегілер — Алдар көсе, Жиренше шешен, Қожанасыр сияқты тапқыр кейіпкерлермен байланысты.
3) Иллюстрация дегеніміз не?
Ертегі мазмұнына арналып салынған сурет иллюстрация деп аталады. Ертегі кейіпкерлеріне арнап сурет салу — ең қызықты тақырыптардың бірі: бала оқиғаны елестетеді, кейіпкер мінезін аңғарады, композиция құрастырады.
Иллюстрацияға қойылатын талаптар
- Басты кейіпкерді анық көрсету.
- Ертегідегі ең қызықты сюжеттік көріністі бейнелеу.
- Композиция құрылымын ойластырып, содан кейін қағаз бетіне түсіру.
- Иллюстрация ертегінің мазмұнын ашуы.
- Түстері ашық әрі үйлесімді болуы.
Бүгінгі тапсырма
«Бауырсақ» ертегісіне иллюстрация жасап көреміз. Негізгі композицияға ертегідегі басқа кейіпкерлердің бірін қосып бейнелейміз: аю, түлкі немесе қоян.
Неге бұл маңызды?
Сурет салу барысында ертегі баланың дүниетанымын кеңейтіп, ойлауын, елестетуін және шығармашылық белсенділігін дамытады.
4) Сурет дәптерімен жұмыс (сарамандық жұмыс)
Жұмыс кезінде «Ертегі әлемінде» атты ән/өлең жолдарын бірге оқып, көңіл күй қалыптастырамыз:
Ғажайып түс көрдім,
Таң ата мен бүгін,
Ертегі әлемінің
Қызығында жүрдім.
Нұрына шомылдым бүгін,
Жұлдыз-айы көркем,
Әдемі еді неткен:
Құстар сөйлейді,
Бұлттары билейді...
5) Сабақты қорытындылау
Талқылау сұрақтары
- Бүгінгі сабақта не үйрендік?
- Сабақ несімен ұнады?
- Ертегі дегеніміз не?
- Ертегілердің қандай түрлері бар?
6) Үй тапсырмасы
Суретті аяқтау. Ертегідегі жануарлардың бейнесін толықтырып, бояу үйлесімін келтіру.