Жапырақты бейнелеу
Сабақ жоспары (2-сынып, бейнелеу өнері)
Сабақтың тақырыбы
Күз ғажайыптары. Жапырақты бейнелеу
Негізгі ой
Күзгі түстердің алуан реңкін байқап, жапырақтың пішіні мен құрылымын түсіну арқылы оны әртүрлі материалдармен әсерлі бейнелеу.
Сабақ форматы
- Бақылау және әңгімелеу
- Көркемдік талдау
- Практикалық жұмыс
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Пән бойынша білім, білік, дағдыларды қалыптастыру. Жапырақтардағы алуан түстер мен реңктерді байқап, бояуларды өзара үйлестіре отырып бейнелеуге дағдыландыру.
Дамытушылық
Күзгі көріністердің құлпырған әсемдігін бақылап, табиғаттағы өзгерісті қағаз бетіне түсіруге үйрету. Жапырақтардың пішіні мен құрылымын салыстырып, өз ойын сурет арқылы жеткізу қабілетін дамыту.
Тәрбиелілік
Сұлулық тәрбиесін қалыптастыру: табиғат пен өнердегі әсемдікті түсіну, ұқыптылық пен еңбек мәдениетін дамыту.
Құрал-жабдықтар және көрнекіліктер
Плакаттар, түрлі түсті қарындаштар, ақ қағаз, күзгі көріністерге арналған репродукциялар, суретшілер жұмыстары, фотосуреттер, оқушылар жұмыстары, өшіргіш, акварель бояуы, қылқалам, гуашь, тушь, қаламұш, фломастер және басқа да материалдар.
Кілт ұғымдар
Сабақтың өту барысы
-
1-кезең
Ұйымдастыру
-
2-кезең
Үй тапсырмасын тексеру
-
3-кезең
Жаңа тақырыпты түсіндіру
-
4-кезең
Тапсырмаларды орындау
-
5-кезең
Бекіту
-
6-кезең
Үй тапсырмасы
Кіріспе әңгіме: күзгі пейзаж және түстер
Табиғат шебер суретші секілді айналаны сан түрлі бояуға бөлеп, күз де келіп жетті. Ағаш басындағы жапырақтар қызыл, жасыл, сары шамдардай жарқырайды, ал жерге төгілген жапырақтар түрлі түсті кілемдей құлпырып жатады.
Сол «кілемнің» түстеріне мұқият қарап, өзіңе ұнаған жапырақтарды таңдап алып салыстыр: олардың бір-біріне ұқсамайтынын байқайсың. Жапырақтың пішіні арқылы оның қай ағашқа тиесілі екенін де анықтауға болады.
Сұрақтар (талқылауға)
- Пейзаж деген не? Еске түсір.
- Күзгі пейзаж саған қандай көңіл күй сыйлайды?
- Күз бояулары туралы айтып бер.
- Күзде жапырақ, шөп және аспан түстері қалай өзгереді?
Жапырақты бақылау: пішін және құрылым
Пішін арқылы тану
Жапырақтардың пішіні, түсі және көлемі әртүрлі. Мысалы, талшын жапырағы көбіне жеті жапырақшадан тұрады: барлығы сағақ басындағы бір нүктеден тарайды, ортаңғы жапырақша ең ірі болады.
Құрама жапырақ мысалы
Қараған жапырағы көптеген ұсақ жапырақшалардан құралады. Олар ортаңғы сызықтың екі жағына бойлай орналасады.
Ішкі құрылым
Әртүрлі болғанымен, көп жапырақта ортақ белгілер бар: сағақ, ортаңғы талшық және одан тарайтын ұсақ талшықшалар. Ортаңғы талшық жапырақты тең екі бөлікке бөліп, пішінді дұрыс салуға көмектеседі.
Салу тәсілі: жеңіл қадамдар
- 1 Алдымен ортаңғы талшықты жеңіл сызықпен белгіле.
- 2 Одан екі жаққа ұсақ талшықшаларды бағыттап түсір.
- 3 Жапырақтың сыртқы жиегін жүргіз. Сызықтың әдемі әрі жапыраққа ұқсас болуын қадағала.
- 4 Түс, реңк және жарық-көлеңкені беріп, жұмысынды толықтыр.
Жапырақты бейнелеудің тәсілдері
Егер жақсы суретші болғың келсе, шабытың мен шеберлігіңді көрсет. Жапырақты тек бір ғана әдіспен емес, түрлі материалмен әрқилы әсерлі етіп орындауға болады.
1) Түрлі түсті қарындаш (штрих)
Әртүрлі штрих сызықтарын қолдан. Реңкті біртіндеп қоюлатып немесе жеңілдетіп, жапырақтың көлемін көрсет.
Кеңес: бір бағыттағы штрихтан кейін екінші бағыттағы жеңіл қабат қоссаң, фактура айқын көрінеді.
2) Акварель қарындаш және қараңғы негіз
Негіз ретінде қоңырқай немесе қара түсті қағаз ал. Әшекейлеу (декорация) тәсілдерін еске түсір: қара фонда реңктер жарқырап көрінеді, жұмыс әсерлі шығады.
3) Ақ-қара графика (тушь, қаламұш, фломастер)
Жапырақты сызық, нүкте, штрих арқылы бер. Әшекейлеу элементтерін қоссаң, композиция айқын әрі сәнді көрінеді.
4) Жапырақ таңбасы (баспа)
Жапырақтың астыңғы жағына түсті гуашь жағып, қағаз бетіне абайлап жапсыр да, үстінен жайлап бастыр. Әдемі көшірме шыққан соң, сыртқы жиегін сызып, ұсақ бөлшектерін толықтыруға болады.
5) Монотипия (акварель дақтары)
Палитрада қажетті түстер гаммасын дайында. Әйнекке немесе қағазға қылқаламмен түрлі түсті дақтар жақ та, үстіне ақ парақты жапсыр. Шыққан бедерді бірнеше сызықпен ғана толықтырсаң, жапырақ бейнесі ерекше көрінеді.
6) Аппликация (қағаз, журнал, мата)
Түрлі түсті қағазды немесе ескі журналдарды қолдан. Егер мүмкін болса, ескі шілтер не перде қиындысынан жапырақ пішіндерін қиып алып, бір түсті матаға жапсыр: композиция нәзік әрі сәнді болады.
Композиция идеясы
Күзгі жапырақтардан тұтас бір композиция құрастыр. Өзіңе ұнаған тәсілді таңдап, бірнеше жапырақты бір парақта үйлестіріп орналастыр: түс тепе-теңдігіне, пішіндердің ырғағына және бос кеңістікке назар аудар.
Үй тапсырмасы
1) Күзгі көрініс
Күзгі табиғатты бейнелеу (пейзаж).
2) «Төгілген күзгі жапырақтар»
Тақырып бойынша сурет салу, түстердің реңкін көрсету.
3) Жапырақты бейнелеу
Жоғарыдағы тәсілдердің бірін таңдап, жапырақ пішінін дәл келтіру.
Қосымша материалдар (тақырыптар тізімі)
Төмендегі бөлімдер сабаққа дайындалуға және білімді бекітуге көмектеседі:
Бейнелеу өнерінің түрлері
Кескіндеме, мүсін, графика, сәндік-қолданбалы өнер
Жанрлар
Пейзаж, портрет, натюрморт, анималистік жанр
Түс және реңк
Жылы/суық түстер, реңк атаулары, түстердің маңызы
Композиция және сызық
Тепе-теңдік, сызық түрлері, пішін мен бейне байланысы
Әсерлілік
Әртүрлі материалмен орындалған жұмыстардың ерекшелігі
Адам бейнесі
Дене мүшелері, қимыл-қозғалыс, мимика, портрет
Сәулет және мұражай
Сәулет ескерткіштері, киіз үй, мұражай ұғымы
Өрнек және симметрия
Қазақ ою-өрнектері, өсімдік өрнектері, симметрия