Ана туралы бірер сөз

Мерекелік шара 8 наурыз Мектепалды даярлық

Өмір гүлі – аналар

Мақсаты

Көктемнің алғашқы мерекесі — Аналар мерекесі туралы түсінік беру. Балаларды аналарына деген сүйіспеншілікке баулу, ана еңбегін ардақтап, құрметтей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Қанатты сөздер
  • Шарлар
  • Гүлдер
  • Суретті плакаттар

Форматы

Балалардың әні, биі, тақпағы және аналар туралы жүрекжарды тілектер.

Кіріспе сөз

Тәрбиеші: Құрметті қонақтар мен ұстаздар! Бүгін бізде үлкен мереке. Мектепалды даярлық сынып тәрбиеленушілері өздері дайындаған билерін билеп, әндерін шырқап, тақпақтарын оқиды. Көктемнің алғашқы айындағы ең алғашқы мереке — 8 наурыз, Аналар мерекесі.

Ана — ең қастерлі сөз

Ана — әрбір адам үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адам дүниеге келгенде ананың ақ сүтімен нәр алып, ана құшағында мейірімге бөленеді. Ауыздан шығатын алғашқы сөздердің бірі де — «ана».

Борыш пен құрмет

Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда, бізді сүйетін, күйетін, әрдайым қамымызды ойлайтын абзал жан — ана. Қанша табысқа жетсең де, қанша танымал болсаң да, анаңды және оның жақсылығын ұмытпау — өмірлік парыз.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» — ортамыздағы асыл әжелеріміз бен аналарымыз аман болсын! Осы мерекеге орай «Өмір гүлі – аналар» атты шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Өлеңдер мен құттықтаулар

Мәдина

Жиналыппыз бүгін, міне, бәріміз,
Үлкен-кіші — жасымыз, кәріміз де.
Қош келдіңіз, қадірменді аналар,
Гүл-гүл жайнап біздің мына кешімізге!

Тоғай

Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі — аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық!

Би нөмірі

«Қыздар мерекесі» биі.
Орындайтындар: Ахмедияр – Нұрша, Нұралы – Мәдина, Тоғай – Жаннұр.

Аяулым

Ана деген — жарық жұлдыз, шырағың.
Ана деген — қайнар ыстық бұлағың.
Ана деген — өмірдегі қамқорың.
Ана деген — сүйенерің, жан құрбым.

Алтынай

Біз ғана емес қадір тұтқан балалар,
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген — тіршіліктің тірегі.
Армысыздар, қасиетті аналар!

Нұрша

Аяулы да алтын нұрлы анашым,
Жүрегіммен мәңгі бірге боласың.
Сен асқарсың, сен аспансың — биіксің,
Сен дархансың, жомартсың, данасың!

Миржан

Асыл анам — алтын жан, асқар тауым,
Арайланып алдымнан атқан таңым.
Әлпештедің, әлдилеп, аяладың,
О, анашым, бір өзіңсің сая бағым!

Көрініс: «Мысық биі»

Орындайтын: Габитова Асылай.

«Мен әдемі мысықпын: мяу-мяу-мяу. Тез жүгіре аламын, жылы жерде ұйықтағанды жақсы көремін. Менен тышқандар қорқады. Мяу-мяу-мяу!»

Мирас

Өмірде қымбат екен ана деген,
Өмірі гүл жаратын баламенен.
Біздерді ақ гүліндей аялаған,
Мен оның жалғасы боп қала берем.

Альбина

Ана — бала, бала — ана бір ұғым,
Бір-біріңсіз жоқ олардың бақыты.
Ана — бала, бала — ана әрдайым,
Бірге жүрсін, бірге көрсін шаттықты.

Ақырыс

Ана тұрса құшаққа алып баласын,
Бақыт, шаттық белгісіндей жарасым.
Қабағыңды кірбің шалмай өмірде,
Қуанышқа кенеле бер, анашым!

Надира

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді сәбиі де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ!

Би нөмірі

Үнді биі. Орындайтын: Жардемова Надира.

Дәулет

Ұмытпаңдар аналардың әлдиін,
Сол әлдиден басталады ән-күйің.
Суытпаңдар елжіреген жан күйін,
Ардақтаңдар, ардақтаңдар ананы!

Жаннұр

Ана десем, сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірімін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.

Асылай

Ана деген — асылы ғой даланың,
Ана деген — сағынышы баланың.
Бұл өмірге қуанышпен нұр төккен,
Бас иеміз алдында біз ананың!

Сағыныш

Сүрінсем сүйеп, болатын тірек —
Сол үлкен жүрек.
Сен екен жалғыз,
Жан-ана!

Барлығы (хормен)

Ақ сүтінен жаралған,
Ақ сүтінен нәр алған,
Анаға бас иеміз!

Ана туралы бірер сөз

Сөз кезегі балаларға беріледі.

Мәдина

Ақ тілеулі, кең пейілді аналар — өмірдің бастауы, тіршіліктің сәні. Аналар — біздің басты байлығымыз. Ана — жер шарының әр түкпірінде, әр үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен аяулы жан.

Дәулет

Бәйшешек нәзік болса да, қардың астынан бүршік жарады. Біздің асыл аналарымыз да нәзік бола тұра, талай қиындыққа төзімді.

Алтынай

Адам ең алдымен ана алдында қарыздар. Ана қарызы алтынға бөлеуді де, ақ орда салуды да қаламайды. Ана баласының ер жетіп, адал болуын қалайды. Анаға бұдан артық сыйдың керегі жоқ.

Асылай

Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы асыл қасиет күннің нұрынан да, ананың ақ сүтінен де дариды.

Дильназ

Адам үшін ең аяулы, қастерлі жан — ана. Бала дүниеге келгеннен бастап, ана өзінің жұмсақ алақанын, жылы жүзін, ыстық құшағын, мейірімі мен махаббатын арнайды. Ана махаббаты адамға қанат бітіреді, күш береді.

Есенкелді

Менің анам — ең құрметті жан. Ол өте әдемі, мейірімді, қайырымды. Ол маған өмір сыйлады. Рахмет саған, анашым!

Би нөмірі

Үнді биі. Орындайтын: Қуанғали Мәдина.

Сағыныш

Халқымызға билік айтар даналар,
Даналардың өзі аналардан жаралар.
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін,
Сізден жақын адам бар ма, аналар?!

Есенкелді

Балаға ең жақын — сіз ғой, ана,
Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.
Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,
Теңесе алар оған тек Отан ғана.

Әйгерім

Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Әлпештеген баласын —
Ана — бақыт, ана — жыр.
Әркім сүйіп өзінің,
Мақтан етер анасын.

Ақыл құйған санама —
Күннен артық, расында.
Күн алыста, ал анам
Үнемі менің қасымда.

Би нөмірі

«Көңілді балалар» биі. Орындайтындар: тәрбиеленушілер тобы.

Нұралы

Шуақ төгіп күлімдейтін қарасам,
Анашымды күнге ғана баласам.
Жер бетінде ең жақыным — өзіңсің,
Мәпелейсің, аялайсың әрқашан!

Ахмедияр

Айналайын анашым,
Көкте күн боп жанасың.
Ет жүрегің елжіреп,
Құшағыңа аласың.

Сыйлаған маған өмірді —
Анашым менің аялы.
Жүрегі жұмсақ, көңілі —
Күн шуақты саялы.

Бекұлан

Теңдесі жоқ данасың,
Арқа сүйер панасың.
Еңбегіңді ақтаймын,
Аман болшы, анашым!

Қорытынды

Тәрбиеші: Осымен «Өмір гүлі – аналар» атты ертеңгілігіміз өз мәресіне жетті. Қымбатты аналар, жер бетіне жақсылық нұрын сеуіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер!