Гүлдер натюрморты
Сабақтың тақырыбы
«Алғашқы гүлдер» (Бейнелеу өнері, 2-сынып)
Сабақтың мақсаты
- Оқушылардың кескіндемелік дағдысы мен біліктілігін жетілдіру.
- Акварельмен жұмыс істеудің а-ля прима тәсілін түсіндіру.
- Өмір шындығына эстетикалық қатынасты қалыптастыру.
- Табиғатты қорғауға, аялауға баулу.
Күтілетін нәтиже
- Біледі
- Гүлдің түрлерін ажыратады.
- Түсінеді
- Сурет салу тәсілдерінің ерекшеліктерін түсіндіреді.
- Меңгереді
- А-ля прима акварель тәсілін қолданады.
Психологиялық ахуал
Сабақ басында оқушыларды бір ортаға жинап, «Шаттық шеңберін» ұйымдастыру ұсынылады.
Шаттық шеңбері
Ашық болсын күніміз,
Ашылсын нұрымыз.
Бай тұлғалы өмірде
Айтылсын жырымыз.
Сабақтың мақсаты мен жұмыс жоспарын тұжырымдау
Шіркін, сурет сабағы,
Ауылды еске алады.
Мың құбылтып бояймын,
Туып-өскен даланы.
Жаңа сабақ: көктемнің алғашқы гүлдері
Мұғалім оқушылардың ойлауын белсендіру үшін сұрақ-жауап арқылы сабақ тақырыбын ашады.
Сұрақтар
- Қазір қай мезгіл?
- Көктем екенін қандай белгілер арқылы білеміз?
- Аз күннен кейін шөп жерді жасыл кілемдей басқанда, алғашқы көктем гүлдері қайдан шығады?
- Гүлдер қайда өседі?
Негізгі ұғым
Дала гүлдерін екі топқа бөлуге болады:
Табиғи
Өздігінен өсетін, күтімсіз өсімдіктер.
Мәдени
Адам қолымен отырғызылып, күтіп-бапталатын гүлдер.
Суретпен жұмыс
Оқулықтағы гүлдер натюрмортының авторы — Мартирос Сарьян, армян суретшісі. Оқушылармен бірге натюрморттың түстері, көңіл күйі және композициясы талқыланады.
Нәзік өсімдіктердің ғұмыры қысқа болғанымен, олар бізге ерекше қуаныш сыйлайды. Бүгін біз көктемнің алғашқы гүлдерін бейнелейміз.
Техника: а-ля прима (акварель)
Бұл сабақта а-ля прима тәсілі таңдалады. Атауы «бір көргеннен, бірден» деген мағына береді. Яғни акварель бояуы қағаз бетіне жұқалап қабатталмайды — түс бірден қанық әрі батыл түсіріледі.
Оқушыларға арналған қысқа кеңестер
- 1 Қарындаш ізі өте әлсіз әрі жіңішке болсын: ол акварельдің астынан көрініп кетуі мүмкін.
- 2 Судың мөлшерін тепе-тең ұстаңыз: су көп болса, бояу «жүзіп» кетеді; су аз болса, қағаз «шөлдеп», түс дұрыс ашылмайды.
- 3 Бояуды палитрада езген дұрыс. Палитра орнына альбом парағын қолдануға болады — онда түс айқынырақ көрінеді.
Практикалық жұмыс
Өзіндік жұмыс
Оқушылар құмыраға салынған гүлшоқты қарап салады немесе өз қиялымен көктемгі гүлдерді композициялап бейнелейді.
Жеке қолдау
Мұғалім әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіп, композиция таңдауға, түсті үйлестіруге және бояудың су мөлшерін реттеуге бағыт береді.