Ағаштарды көркемдеп өңдеу, жиналмалы балалар орындығын жасау

Сабақтың тақырыбы

Ағашты көркемдеп өңдеу: жиналмалы балалар орындығын жасау.

Білімділік мақсаты

Ағаш қалдықтарын тиімді пайдалануға, құрал-жабдықтармен дұрыс жұмыс істеуге және сыйлыққа арналған бұйымдарды дайындауға үйрету.

Дамытушылық мақсаты

Шығармашылық жобалар жасауға баулу, күрделі бұйымдарды дайындау арқылы ой-өрісті дамыту және өз бетінше іздену дағдысын қалыптастыру.

Тәрбиелік мақсаты

Эстетикалық талғамды, ақыл-ой мәдениетін және еңбекке жауапкершілікті тәрбиелеу.

Сабаққа қажетті құралдар мен материалдар

  • Қолдан дайындалған нұсқау карта
  • Орындықтың дайын үлгісі
  • Құрал-жабдықтар
  • Құм қағаз
  • Лак
Пәнаралық байланыс: сызу Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері Сабақтың типі: жаңа сабақ Сабақтың түрі: ашық сабақ

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеріп, шеберхананың тазалығына назар аударамын. Кезекші құрал-саймандарды таратып болған соң, олардың жұмысқа жарамдылығын тексеремін.

II. Сабақтың мақсаты

Құрал-жабдықтармен дұрыс әрі қауіпсіз жұмыс істеуді меңгерту және ағаш қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы бұйым дайындауға үйрету.

III. Жаңа сабақты түсіндіру

Күнделікті тұрмыста ағаш бұйымдары жиі кездеседі. Көптеген үйлерде болатын сандық, кебеже, келі, күбі сияқты бұйымдар жиде, қарағаш, тораңғыл, көк тал және басқа да ағаш түрлерінен жасалады.

Ең маңыздысы — ағаштың қалдықтарының өзінен-ақ сәнді, сыйлыққа лайық бұйымдар жасауға болады. Бүгін біз жиналмалы балалар орындығын дайындаймыз. Бұл бұйым балалардың қызығушылығын арттырып, «өзім де құрастырып көрсем» деген ынтаны оятады.

IV. Сарамандық жұмыс (топпен орындау)

Негізгі өлшемдер

Сызбада көрсетілгендей, 30×15 мм рейкалар дайындалады. Орындықтың негізі төрт элементтен құрастырылады.

  1. а) Аяқтары

    4 дана
    • Өлшемі: 30×15 мм, ұзындығы: 300 мм.
    • Құм қағазбен мұқият тазаланады.
    • Ортасынан 6 мм өткерме тесіктер тесіледі.
  2. ә) Орындық беті

    6 рейка
    • Өлшемі: 30×15 мм, ұзындығы: 280 мм.
    • 6 мм өткерме тесіктер аяқтары мен бел ағаштары құрастырылғаннан кейін, бетіне қойып тұрып дәл белгіленеді.
  3. б) Бел ағаштарын бекіту және құрастыру

    • Өткерме тесіктерді тесу және құрастыру (тойтарып шегелеу) құрастыру сызбасына сай орындалады.
    • Ескерту: дұрыс құрастырылмаса, орындық жиналмай қалады.
  4. в) Аяқтар аралығын реттегіш рейка

    2 дана
    • Өлшемі: 20×10 мм, ұзындығы: 180 мм.
    • Орындық толық құрастырылғаннан кейін, жинап көріп барып бекітіледі.

Аяқтау жұмыстары

Барлық бөлшектер тегістелген соң, беті шаңнан тазартылады да, қажетіне қарай лак жағу арқылы әсем көрініс беріледі.

V. Сабақты қорытындылау

Топтардың жасаған бұйымдарының сапасын тексеріп, жұмыстың нәтижесін талдаймын және жіберілген кемшіліктерді көрсетемін.

Туған жердің әсем ағаштарының қалдықтарының өзінен-ақ көркем бұйым жасауға болады. Табиғатты аялап, күтіп ұстауға үйреніңдер: табиғат — ұлттық байлығымыз. Ағашты дұрыс өңдеу арқылы талай әсем бұйым жасауға болатынына көз жеткіздіңдер. Енді өздерің де ізденіп көріңдер.

VI. Үй тапсырмасы

«Ағашты көркемдеп өңдеу» тақырыбы бойынша асханалық тақтайшаға арналған сыйлықтық жобаны әзірлеп келіңдер.