Амандасу әдептіліктің белгісі

Тәрбие сағатының бағыты

Тақырыбы

Әдептілік әлеміне саяхат

Мақсаты

  • Оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке баулу; жаман әдеттерден аулақ болуға бағыттау.
  • Өз халқының салт-дәстүрін таныта отырып, «әдеп әліппесін» қалыптастыру.
  • Адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді ажырата білуге үйрету, әдепті мінез-құлықты оқушы бойына сіңіру.
  • Үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға дағдыландыру; алған білімді тереңдету.
  • Сұрақ-жауап арқылы балалардың сөздік қорын дамыту.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Әңгімелеу Сахналау

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • «Әдептілік әлемі» тақтайшасы, гүлдер мен іздер суреттері
  • Ойын тапсырмалары
  • Ағаш, жапырақтар (лебіз ілу үшін)

Жылы кіріспе: амандасу — әдептің бастауы

Тәрбие сағаты мейірім мен ізетке толы тілектерден басталады:

Мейірімді жүрекпен, ақпейілді тілекпен амандасып алайық, бір жадырап қалайық!

Амандасу сөздері:

  • Армысың, қайырымды Аспан-ата!
  • Армысың, мейірімді Жер-ана!
  • Армысың, шұғылалы нұрлы Күн!
  • Армысың, мектептегі сыныптас!
  • Армысыздар, құрметті мұғалімдер!

Сұрақ-жауап арқылы ой қозғау

Неліктен амандасамыз?
Үлкендермен және барлық адамдармен сәлемдесу керек.
Амандасу ненің белгісі?
Амандасу — әдептіліктің белгісі.
Әдептілікке не жатады?
Сыйластық, қамқорлық, кішіпейілділік, мейірім, жауапкершілік, мәдени қарым-қатынас.

Тапсырмалар: әдептілік дағдыларын бекіту

Алдымыздан «Әдептілік әлемі» жазуы шығады. Бірнеше тапсырманы орындау арқылы бұл әлемнің құндылықтарын ашамыз.

1-тапсырма: жағдаятты шешу

Жағдаят 1

Көшеде таяққа сүйенген қарт кісі келе жатыр. Басын көтеріп жол бағдарлауға қиналады. Сіз қарсы келдіңіз. Не ойлайсыз? Не дейсіз? Не істейсіз?

Мақсат: көмектесудің сыпайы жолын табу, қауіпсіздік пен құрметті ұштастыру.

Жағдаят 2

Автобуста отырсыз. Ішке әже кірді. Не ойлайсыз? Не дейсіз? Не істейсіз?

Мақсат: орын ұсыну, ілтипат таныту, мәдениетті тіл табысу.

2-тапсырма: сахналық көрініс

Дүкенге қарай келе жатқан қарт кісі тайғанақ жерде тайып құлайды. Мектепке бара жатқан бір қыз бен бір ұл оны көреді. Ұл бала қызға сөмкесін ұстатып, қарт кісіні көтеріп тұрғызады. Қарт кісі «рақмет» айтып кетеді.

Диалог:

  • — Ана кісі сенің анаң ба?
  • — Жоқ, анам емес.
  • — Жеңгең бе?
  • — Жоқ.
  • — Әжең бе?
  • — Жоқ, әжем емес.
  • — Танисың ба?
  • — Жоқ, танымаймын. Жай ғана адам ғой.

Талқылау: бұл көрініс мейірімнің таныстыққа тәуелді емес екенін көрсетеді.

3-тапсырма: «сиқырлы сөздер»

Күнделікті қарым-қатынасты көркейтетін сөздер:

Рақмет Кешіріңіз Қайырлы таң Өтінемін Сау болыңыз

4-тапсырма: «Жалғастыр» ойыны

Не істеуге болмайды?

  • Үлкендердің алдынан кесіп өтуге болмайды.
  • Құстарды атуға болмайды.
  • Құстың ұясын бұзуға болмайды.
  • Сабақтан кешігуге болмайды.
  • Мектепте төбелесуге болмайды.

Не істеу керек?

  • Үлкенді сыйлау керек.
  • Үлкендерге сәлем беру керек.
  • Оқу құралдарын күтіп ұстау керек.
  • Көмек сұрағанға қол ұшын беру керек.
  • Сөзді тыңдап, сабырмен жауап беру керек.

Тыйым сөздер (тәрбиелік ереже)

Қарсы ал ерте күн көзін, төсегіңді жина өзің.

Киме теріс киімді, теппе киім-бұйымды.

Асықпай іш тамақты, жалама аяқ-табағыңды.

Нанды үгітпе, қадірле, қабығымен бәрін же.

Саусағыңды сорма, салдыр-салақ болма.

Салма ауызға инені, үзбе жұлқып түймені.

Жасама жат қылықты, былғама су мен құдықты.

Қауіпсіз деп ойлама, отпен оқыс ойнама.

Кеспе жолын үлкеннің, шыдамсыздық — үлкен мін.

5-тапсырма: сұрақ

Әдептілік пен жақсы қасиеттерді қайдан үйренеміз?

  • Мақал-мәтелдерден
  • Кітаптан
  • Нақыл сөздерден
  • Мектептен
  • Ата-анадан
  • Жақсы адамдардан
  • Газет-журналдан және басқа дереккөздерден

Құқық пен құрмет: негізгі баптар

Әдептілік — тек мінез-құлық емес, ол өзгенің құқығын құрметтеу.

5-бап

Басқаны қинауға, оған қатал қарауға, кемсітуге және ренжітуге ешкімнің құқығы жоқ.

12-бап

Біреудің атына кір келтіруге, жеке өміріне араласуға, рұқсатсыз үйіне кіруге, біреудің хаттарын оқуға ешкімнің құқығы жоқ.

19-бап

Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар.

29-бап

Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.

30-бап

Азаматтардың тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. Конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.

6-тапсырма: лебіз айту

Енді айналамыздағы адамдарға — ата-анамызға, ұстаздарымызға, достарымызға — жылы лебіз айтамыз. Сол тілектерді жапыраққа жазып, «лебіз ағашына» ілеміз.

Лебіз үлгісі

«Саған денсаулық, табыс және жақсы көңіл-күй тілеймін.»

Лебіз үлгісі

«Әр күнің қуанышқа толы болсын, еңбегің жана берсін.»

Қорытынды ой

Әдептілік — амандасудан басталып, қамқорлықпен жалғасады. Сыпайы сөз — жүрекке жол, ал жақсы іс — адамдықтың өлшемі.

Сабақ соңында «Әдептілік әлеміндегі» сөздер оқылып, тәрбие сағаты қорытындыланады.