Ағаш туралы ырымдар

Технология пәні • 5-сынып • Аралас сабақ, сарамандық жұмыс

Сабақтың тақырыбы: Ағаштан қар күрейтін күрек жасау

Бұл сабақ оқушыларды кәсіпкерлікке, іскерлікке баулып, ағаш материалдары негізінде бұйымды көркем өңдеу арқылы эстетикалық талғамын дамытуға бағытталған. Нәтижесінде оқушы бұйымды өтімді әрі тартымды етіп жасауға үйренеді.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Білімділік

Қар күрейтін күрек жасау технологиясын меңгеру; қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, ағаш өңдеу үстелінде (верстакта) жұмыс істеу дағдыларын дамыту.

Дамытушылық

Бұйымды толық аяқтау барысында өз бетінше композиция құруға мүмкіндік беру; ой-қиялын дамыту.

Тәрбиелік

Эстетикалық талғамын қалыптастыру, танымдық деңгейін көтеру, еңбекке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Әдістер мен көрнекіліктер

Сабақта қолданылатын әдістер

  • Жұптасып және топпен жұмыс
  • Сызу, түсіндіру, салу, көрсету, таныстыру
  • Сұрақ-жауап, проблемалық оқыту

Көрнекіліктер

  • Күрек жасаудың технологиялық картасы
  • Дайын бұйымдар үлгілері
  • Дайындамалар және техникалық сызбалар

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу
  • Жұмыс орнын дайындау

2) Өткен материалды қайталау (сұрақ-жауап)

1. Ағаш қандай материал және оны не үшін қолданамыз?

Ағаш — табиғаттың бір бөлігі. Оны түрлі құрал-саймандар мен тұрмыстық бұйымдар жасауға, сондай-ақ үй құрылысына қолданамыз.

2. Ағаш материалын өңдеу үшін қандай ерекшеліктер ескеріледі?

Табиғи түр-түсі, тығыздығы, жұмсақтығы мен қаттылығы, жылу және ылғал өткізгіштігі ескеріледі.

3. Суретке қарап, ағаштың құрылысын айтып бер.

Ағаш өзек, өзек сәулесі, камбий, қатты қабат, флоэма және қабықтан тұрады.

4. Ағаштың қабығы қандай қызмет атқарады?

Қабық ағашты қоршаған ортаның әсерінен, күннің қызуынан, жаңбырдан, аурулар мен бактериялардан қорғайды.

5. Ағаш материалының қандай қасиеттері бар?

Түсі, тығыздығы, текстурасы, ылғалдылығы, беріктігі.

6. Текстура дегеніміз не?

Діңді тақтай етіп тілгенде жылдық сақиналардан тік не ирек сызықтар тәрізді сурет пайда болады. Сол сурет ағаштың текстурасы деп аталады.

7. Ағаш қандай бөліктерден тұрады?

Тамыр, дің және ұшар бас.

8. Құрылыс материалына ағаштың қай бөлігі алынады?

Ең берік тұсы — діңнің орта бөлігі.

9. Ағашты қалай кептіреді?

Ең қарапайым тәсіл — табиғи кептіру: ағаш материалдарын арасында ауа өтетіндей етіп қабаттап жинайды.

10. Ағашты кептіргенде шет жақтары жарылып кетпеуі үшін не істеуге болады?

Шет жақтарына майлы бояу немесе әк жағуға болады.

11. Ағашта кездесетін мүкістердің зияны қандай?

Без, қос өзектілік, талшықтың қисаюы ағаштың сапасын төмендетіп, беріктігін азайтады және сызаттардың пайда болуына әкеледі.

Үй тапсырмасын бекіту: «Қарлы кесек» ойыны

Ойын бастаушы қолындағы «қар кесегін» бір оқушының атын айтып лақтырады. Ұстаған оқушы ағаш, тал және оның түрлеріне байланысты ырым, мақал-мәтел немесе өлең айтуы керек.

Мақал-мәтелдер

  1. Бір талды кессең, он тал ек.
  2. Бабын тап та, бақ өсір.
  3. Бір тұт еккен кісі жүз жыл гауһар терер.
  4. Әкеден мал қалғанша, тал қалсын.

Өлең жолдары

  • Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым,

    Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым. — Қорқыт

  • Қабаққа біткен қайыңның беріші еді, безі еді,

    Өтіндей-ақ аюдың, әкемнен қалған көз еді.

Ырымдар

  1. Түсінде ағаш көрсе, адам байиды деп жорамалдаған.
  2. Жеміс ағаштары күзде қайта гүлдесе, алдағы қыс жылы болады.
  3. Емен жаңғағы көп болса, қыс қатты болады.
  4. Ағашты сәрсенбі күні отырғызса, несібе мол болады.

3) Жаңа сабақ: проблемалық сұрақтар

Қыс мезгілінде жер үйде тұратын адамдар қандай қиындықтарға тап болады?

От жағу, қар күреу сияқты жұмыстар көбейеді.

Ата-анаңа көмектесесің бе?

Күнделікті үй шаруасына қатысу — жауапкершілікті арттырады.

Қар күреу үшін не керек?

Қар күрейтін күрек.

Күректі қайдан аласыңдар және бағасы қанша болуы мүмкін?

Дүкеннен, базардан алынады. Бағасы шамамен 1000–1500 теңге болуы мүмкін.

Барлық оқушының бойына сай күрек табыла бермейді. Не істейміз?

Бүгін өз қолымызбен бойымызға сай, жеңіл әрі ыңғайлы қар күрейтін ағаш күрек жасауды үйренеміз. Бұл үшін көп материал қажет емес, мектеп шеберханасындағы құрал-жабдықтар жеткілікті.

Бұйымның қызметі

Ауланы қардан тазалау.

Қажет материалдар

  • Ағаш
  • Фанера (шебік)
  • Қаңылтыр
  • Шегелер, бұрандалы шегелер

Бұйымға қойылатын талаптар

  • Қауіпсіз әрі берік болуы
  • Мөлшері оқушының жас ерекшелігіне сай болуы
  • Жасалуы қарапайым болуы
  • Материалдары қолжетімді және қымбат емес болуы
  • Дизайны ұқыпты, тартымды болуы
  • Экономикалық және еңбек шығыны көп болмауы
  • Мектеп шеберханасында жасауға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті болуы

Күрек бөлшектері (техникалық сызба бойынша)

Қолдарыңа таратылған техникалық сызбада барлық өлшемдер мен мәліметтер көрсетілген. Күрек бірнеше бөлшектен тұрады және сол бөлшектерді құрастыру арқылы дайын бұйым алынады.

1) Қалақ
2) Сап
3) Табан
4) Қамыт
5) Табан тірегі
6) Шеге
7) Бұрандалы шеге

4) Сергіту сәті

Сөзжұмбақ (тақырыптық ұғымдар)

  1. Ағаштың қасиеті
  2. Ағаш құрылысы
  3. Ағаш бөлігі
  4. Қолмен салынған зат бейнесі
  5. Киіз үй сүйегін жасаушы шебер қолөнерші

«Адасқан сөздер» ойыны

Сөздерді ретімен орналастырып, мақал-мәтелді құрастыр:

Шешеннің сөзі мерген, ісіңе сен, күшіңе сенбе, шебердің көзі мерген.

Дұрыс жауабы: Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген. Күшіңе сенбе, ісіңе сен.

5) Сарамандық жұмыс (топтық жұмыс)

Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топқа жетекші тағайындалады. Сабақ соңында жетекші өз тобындағы оқушылардың жұмысқа қатысуын бағалайды.

Қауіпсіздік ережелері (ағашты қолмен өңдеу)

Жұмысқа дейін

  1. Арнайы жұмыс киімін ки.
  2. Қажетті құрал-сайманды түгендеп, мұқият тексер.
  3. Жұмыс орнын және саймандарды ережеге сай орналастыр.
  4. Жұмыс үстінде артық зат қалдырма.

Жұмыс кезінде

  1. Дайындаманы верстакқа мықтап бекіт.
  2. Әр амалды өзіне тиісті сайманмен орында; құрал қайралған, тұтқасы бүтін болсын.
  3. Нұсқау карта бойынша тиісті құралдарды қолдан.
  4. Жұмыс орнын үнемі тазалап отыр.
  5. Жұмыс кезінде алаңдама.
  6. Құрал бүлінсе, міндетті түрде ауыстыр.

Жұмыстан кейін

  1. Дайындалған бөлшектер мен материалдарды кезекшіге немесе мұғалімге тапсыр.
  2. Жұмыс орнын ретке келтір; қолмен сыпыруға және ауызбен үрлеуге болмайды.
  3. Өзіңді ретке келтір.
  4. Шеберханадан мұғалімнің рұқсатымен шық.

Орындау реті

  1. Мұғалім техникалық сызбаларды таратады.
  2. Оқушылар сызбаға қарап, күрек жасауға қажетті бөлшектерді дайындайды.
  3. Топ жетекшілері бөлшектердің дайын екенін хабарлайды.
  4. Күрек құрастыруға арналған технологиялық карта таратылады.
  5. Карта бойынша бөлшектер құрастырылып, дайын бұйым шығарылады.

6) Жаңа сабақты бекіту (қысқа сұрақтар)

  • Ағаш күректі қандай мақсатта пайдалануға болады?
  • Күрек жасауға қандай материалдар қажет?
  • Ағаш күрек неше бөліктен тұрады?

7) Сабақты қорытындылау

Бүгінгі сабақта біз ағаштан қар күрейтін күрек жасауды үйрендік. «Жас уақытта үйрену — тасқа жазған хатпен тең» деген нақылды негізге ала отырып, жас кезден өнер үйренудің маңызы зор. Үй жағдайында қауіпсіздікті сақтай отырып, бүгінгі үйренген үлгі бойынша күрек макетін жасап көріңдер.

8) Үй тапсырмасы

  • 48-беттегі тақырыпты оқу.
  • Үйде күректің макетін жасап келу.

9) Бағалау

Топ жетекшілерінің бағалауын тыңдай отырып, мұғалім ескерту және мадақтау арқылы қорытынды баға қояды.