Менің арманым - журналист болу

Мен қалайда журналист болам

Мен қалайда журналист болам. Бұл — бала кезден бергі арманым. Сол арман мені көп оқуға, ерінбей ізденуге, сауатты да көркем жазуға, дұрыс сөйлеуге жетелеп келеді. Мен үшін журналистика — өмірдегі ең мәртебелі, қиын да қызық мамандық.

Оқу

Көп оқу мен көкжиегімді кеңейту — күнделікті дағдыма айналды.

Ізденіс

Еңбек пен табандылық — арманға апарар жолдың өзегі.

Сөз мәдениеті

Сауатты жазу, анық сөйлеу, ойды дәл жеткізу — журналистің қаруы.

Каспий жағасындағы сыр

Каспийдің буырқанған толқынды күндері де, тып-тынық, мөп-мөлдір ашық күндері де — мен үшін ерекше. Өзім жағасында өскен көк теңізге жиі келіп, жағада ұзақ отырып кетемін. «Теңізге не үшін барасың?» деп ешкім сұраған емес. Өзім де ешкімге ашып айтпаппын.

Қарт Каспиймен қолтықтасқан шағын, әсем Форт-Шевченко қаласында туып-өскеніме тәубе деймін. Менің сырласым да, мұңдасым да — осы көк теңіз және қойын дәптерім.

Қойын дәптерім — ішкі әлемімнің айнасы

Қойын дәптерімдегі жазбаларымды жыл өткен сайын қайта оқысам, кейде «осыны шынымен өзім жаздым ба?» деп таң қалатын сәттерім болады. Бір жылдары арман туралы былай деп жазыппын:

Арман! Шіркін, арман! Қол жетпейтіндей өзіңе ұмтыла берем, ұмтыла берем. Алла сүйген құлына береді демекші, маған да оң көзіңмен қарап, осы арманымды орындашы… Адам шіркін, арманнан таусылған ба?

Арманның аты — журналистика

Менің арманым — журналист болу. Жай ғана журналист емес, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын маман болғым келеді. Елдің көзі, құлағы, үні болсам деймін. Жаңалықтың жаршысы болғым келеді.

Теңізге оқылған арман

Бір күні теңіз жайбарақат тыныш жатты. Сол тыныштыққа келіп, қойын дәптерімдегі арман туралы жазбаларымды теңіздің толқындарына дауыстап оқып бердім. Бір-бірін қуалаған толқындар арманымды алысқа алып бара жатқандай көрінді. Сол сәтте мен өзіме: «Журналист болу арманым міндетті түрде орындалады», — деп сендім.

Мектептегі алғашқы қадамдар

Мектепте «Жас қалам» әдеби бірлестігінің белді мүшесімін. Бірлестіктің мақсаты — жазуға талабы бар оқушылардың басын қосып, тәжірибе алмасу; тіл байлығын арттыру; рухани жан дүниені байыту; жазылған тырнақалды туындыларды талдап, артық-кем тұстарын көрсету.

Тәжірибе мен сын

Әңгіме, мақалаларымды ортаға салып жүрмін. Жазғандарым ұстаздарыма да, құрбыларыма да ұнайды. Кемшін тұстары болса, жетекші ұстазым әрдайым айтып, бағыт береді.

Қаламды ұштау

Осы ортада қаламым ұшталып, мақала мен әңгіме жазуға машығым артты. Ең бастысы — журналистикаға деген ынтам күшейе түсті.

XXI ғасыр журналисі қандай болуы керек?

Арманым алыстан шақырған сайын бір ой мазалайды: XXI ғасырдың журналисі қандай болуы керек? Теледидардан Дана Нұржігіттің «Дара жол», Жайна Сламбектің «Біздің уақыт», Ләйлә Сұлтанқызының «Әйел бақыты» бағдарламаларын көріп, қазіргі заманға сай журналист болудың үлгісін байқаймын.

Маған әсер еткен бағдарлама

Әсіресе, Дана Нұржігіт жүргізетін хабарларды үзбей, қызыға тыңдаймын. «Дара жол» — адамды өзіне баурап алатын сұхбат-бағдарлама. Жүргізушінің өзін-өзі ұстауы табиғи, сөйлеу мәнері жалықтырмайды, керісінше қызықтыра түседі.

Өзімше жүргізіп көру

Кейде оңашада өзім де хабар жүргізіп көремін. Бір күні жазушымен, бір күні ақынмен, мектептегі ұстаздарыммен сұхбат құрып, түрлі сұрақ қойып, оған өзім жауап беріп, тәжірибе жинадым. Осылайша көп нәрсені үйрендім. Енді үйренгенімді жүйелеп, өз жолымды тапқым келеді.

Алға қадам: таңдау және сенім

Журналист болу үшін сөз саптауымен қатар, сырт келбет те жинақы, сымбатты болғаны дұрыс. Бұл жағынан да өзіме сенімім бар: құрбыларымның «Сұлу қыз» деуі, жеңгемнің «Сұлуым» деп еркелетуі — соның бір белгісі шығар.

Қазір мектепті ойдағыдай аяқтап, журналистика мамандығына құжат тапсырып, сынақтан өтуге дайындалып жүрмін. Сөз қадірін білетін осы мамандыққа қызығушылығым күн санап артып келеді. Арман жолында аянбай ізденіп келемін.

Мен қалайда журналист болам. Және бұл арманымның орындалатынына кәміл сенемін. Арман алдамайды.

Сұлтанова Ләззат Сүлейменқызы