Басқаларға көне қоймайтын дворяндарыңыз сіз айтқанда ылғи тыңдайтынының мәнісі қалай

Өмір мен уақыт

Барлық жаман нәрсені екі түрлі жолмен емдеуге болады: біріншісі — уақыт, екіншісі — үндемеу.

«Өткенге қарап басыңды и, ертеңге қарап білегіңді сыбан», — деген сөз бар. Өмір — мейрам емес; сондықтан әрдайым көңілді жүру мүмкін емес. Біз таңданумен, үміттенумен, сүюмен өмір сүреміз. Өмір заңы — алда атқаратын іс те көп, көретін қызық та көп.

«Өмір сұрқай» дейміз. Бірақ өмірді сұрқай ететін — өзіміз.

«Өткеніңнен қызулы от алуың да, өртеніп біткен күл алуың да мүмкін», — деген Жорес. Ал «уақыт өтіп бара жатыр» дейміз. Талмұдта: «Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, уақыт тоқтап тұр — біз өтіп бара жатырмыз», — делінеді.

Еңбек

Адам жұмыстан өлмейді — жалғыздықтан, құсалықтан, керексіздіктен өледі. Құсқа қанат қандай керек болса, адамға жұмыс сондай керек.

Төле би

«Жігіт адамға бас кесір — еріншектік, ортаншы кесір — ұйқышылдық, кенже кесір — кедейлік».

Эпикур

«Өзің жете алатын нәрсені Құдайдан сұрап қайтесің?»

Басқа жәрдем жоқ кезде суға батпай қалудың амалы — қолмен есе беру, қайта-қайта есе беру. Сократ: «Сені суық суға тастап жіберсе, өзіңнен-өзің мықты жүзгіш болып кетесің», — дейді.

Өмір сағат сияқты: бұрап тұрмасаң — тоқтап қалады, ал тым қатты бұрасаң — серіппесі үзіледі.

Бақытты болу — рахат сезімде жүру. Адам өмірінің басым бөлігі жұмыспен өтеді, сондықтан ең алдымен істеп жүрген ісіңнен рахат табуды үйрен.

Лао-цзы

«Бақыт та, бейбақтық та алдын ала маңдайға жазулы. Бірақ адам өзінің пейілі арқылы екеуінің біріне тап болады».

Басқару

Бір өзің ештеңе жасай алмайсың. Екі жүз жыл жасайтын үйеңкі де жаңадан отырғызылған кезде жалғыз қалса, қурап кетуі мүмкін. Сондықтан төңірегіңе тілеулестеріңді топтастырып, оларды шашау шығармай басқаруды үйрен.

Абай

«Көпте ақыл жоқ. Көптің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бір бұруға жарағандық — ерлік».

Лао-цзы

«Өзгені жеңсең — мықтысың, өзіңді жеңсең — құдіреттісің».

Гёте

«Майдалардың арасында жүрсең — ұсақтайсың, ірілердің арасында жүрсең — өзің де өсесің».

Жақсылармен жанас.

Әпсана: жыланның басы мен құйрығы

Бірде жыланның басы мен құйрығы келіспей қалады. Құйрық: «Мен алда жүруім керек», — дейді. Бас: «Бұрыннан мен алда жүретінмін, енді неге соңына түсуім керек?» — деп көнбейді.

Оған риза болмаған құйрық ағашқа оралып қалады да, бас ілгері жылжи алмай қалады. Содан бас амалсыз құйрықты алға жібереді. Ал құйрықта көз жоқ: жанып тұрған отқа түсіп кетеді.

Ұстаз бен шәкірттің, бастық пен орынбасардың арасында осындай жағдайлар жиі кездеседі.

Қарамағыңдағыларға жоспарлап отырған істің тиімділігін түсіндір.

Екатерина II

Бір шетелдік елші: «Басқаларға көне қоймайтын дворяндарыңыз сіз айтқанда үнемі тыңдайтынының сыры неде?» — деп сұрағанда, ол: «Мен оларды ешқашан өздеріне тиімсіз жұмысқа жұмсамаймын», — деп жауап берген.

Қағида

Бір күн түсіндіргенше, бір сағат істеп көрсеткен жақсы.

Шредер заңы

Бір шешімге келе алмаудың өзі — жұмсақтықтың белгісі.

Табандылық

Конфуций: «Бір істі қолға алған кісі құдық қазушының кейпін киеді. Егер ол құдықты терең қазып, су көзіне жетпей тоқтаса, бар еңбегі зая кетеді», — деген.

Іске көшу

«Ақша жоқ» деп қайталай бергеннен ештеңе өнбейді. Одан да ақша болуы үшін кішкене болса да әрекет жасап көр.

«Қараңғыны қараңғы деп сөккенше, қолдан келсе бір шам жақ», — дейді дана сөз.

Сондықтан «ақша жоқ» деп көз жасыңды төккенше, тәуекел деп теріңді төк.

Мырзагелді Кемел, «Абзалдық әліппесі» шығармасынан үзінді.