Қызыр дарысын, бақ қонсын
Жаршылардың шақыруы
1-оқушы — Ерлік
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Бос қарап тұрмаңыздар. Наурыз тойы басталды. Көргендер де — арманда, көрмегендер де — арманда: қызықтан тыс қалмаңдар!
2-оқушы — Батихан
Салт-дәстүрмен жарасып, қайта құрып жаңаша, жарыса өнер көрсетіп, той тойлайық тамаша!
3-оқушы — Ч. Әли
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Ұлыс тойы басталды. Наурыз туын көтеріп, жар салайық әлемге. Көрмегендер — көріңдер, естімегендер — естіңдер: дабылын қағайық, бәріңді шақырамыз!
4-оқушы — Алдияр
Ұлыстың ұлы күніне жиналыңдар алаңға, кешігіп қалмаңдар! Күміс көмей әншілер, құдіретті күйшілер, мың бұралған бишілер, балтыры жуан палуандар, құралайды көзге атқан мергендер — бәрі бір сахнада!
Жүргізушілер сөзі: Наурыз мәні
1-жүргізуші — Арманбек
Сәлеметсіздер ме, қымбатты қауым! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурызға арналған мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер.
2-жүргізуші — Раушан
«Наурыз» сөзі парсы тілінен енген: нау — жаңа, руз — күн. Қазақстанда Наурыз мейрамы 1926 жылға дейін тойланып, кейін тоқтаған. Тек 1988 жылдан бастап ресми түрде қайта аталып өтуде.
Қызыр түні
Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша, Наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды. Сондықтан бұл түн «Қызыр түні» деп аталады.
Шырақ жағу
Осы түні «жалғыз шала сәуле болмасын» деп, төрге қос шырақ жағып қояды.
Көрісу және Наурыз көже
Наурыз күнінің бір ерекшелігі — мерекенің көрісуден басталуы. Ұлыс күні жеті түрлі тағамнан Наурыз көже пісіріледі.
Кейіпкерлер көрінісі: Жер-Ана, Наурыз-Ару, Қызыр баба
Жер-Ана (Шырын)
Ей, адамзат! Тәңірім жаратқалы мен бүкіл әлемді алақаныма салып, аялы бесігімде тербетіп келем. Мен — бар ғұмырыңыздың мәңгілік куәгері болған қасиетті Жер-Анаңмын! Сіздерді көп күттірмей, Наурыз-Ару да келіп қалар!
Наурыз-Ару (Қарлығаш)
Армысыз, Жер-Ана! Менің келе жатқанымды қайдан сездіңіз? Оян, тіршілік, оян! Мен келдім!
Қызыр бабаға бата сұрау
Жер-Ана: «Қызыр түні... Елімізді Қызыр баба аралап жүр! Ол адамзатқа дәулет дарытып, бақ қондырады!»
Қызыр баба (Қуаныш):
Үлкенің мен жасыңа — береке қонсын басыңа!
«Наурызға» келген халайық, Жамбылдың жетсін жасына.
Ырыс-дәулет мол болсын, жылда осындай той болсын!
Гүлдердің тілегі
1-гүл (Әсел)
Биыл — ұлу жылы. Бүгін жер бетіне жақсылық ұялаған күн.
2-гүл (Жансая)
Бүгін — Самарқанның көк тасы еріген күн.
3-гүл (Әнел)
Бүгін — Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тіршіліктің оянған күні.
Хормен айтылатын тілек
Ұлыс оң болсын, қайда барсаңыз жол болсын! Ақ мол болсын! Қызыр дарысын, бақ қонсын! Наурыз құтты болсын!
Тойларда шашу шашу — еліміздің дәстүрі. (Шашу шашылады.)
Өнер шашуы
Арманбек — жыр жолдары
Наурыз мейрамы жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн-көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен, Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл-көктем!
Осыдан кейін қыздардың орындауында би ұсынылады.
Күй мен ән
Домбырашылар тобы күй орындайды. Кейін «Наурыз думан» әні шырқалады (қыздар, Алпамыс, Әділ, Алмас, Нұржан).
Төрт түлік пірлері: ақ тілектер
Шопан ата (Олжас)
Малды берсең — қойды бер, ұлды берсең — бойлы бер.
Жұртқа ақыл салғандай, ақылы артық ойлы бер.
Жылқышы ата (Берік)
Шаруаның бір пірі — Жылқышы ата, тілегенде өзің бер ақтап бата.
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып, ойдан-қырдан арқансыз әкеп мата.
Ойсыл қара (Еламан)
Шаруаның бір пірі — Ойсыл қара, түйені өсір, жарқылдап болсын пана.
Ит-құс, пәле-индеттен аман сақтап, топ-топ қылып боталат аруана.
Зеңгі баба (Сайранбек)
Шаруаның бір пірі — Зеңгі баба, сиыр берсең — сүтті бер, өңкей мама.
Кең өріске шұбыртып өзің бағып, кешке қарай қораға әкеп қама.
Сексек ата (Серхан Әли)
Қойды көсем бастайтын, өткелден үркіп саспайтын,
Қарағай мүйіз серкелі, шүйде жалды, желкелі —
Сексек ата баласы, ешкі бассын үйіңде!
Көрініс: Құда түсу рәсімі
Қонақ күту және салт сөзі
«Жақсы қонақ келсе — құт келеді» дейді халқымыз. Көршілер арқан тартып, шашу шашып, қонақтарды қарсы алады. Қонақтар дастарқан басына жайғасады.
«Осы үйде той болғалы жатыр» дегенді естіп, арнайы келдік. Сіздерде лашын бар, бізде сұңқар бар: сол лашынды сұңқарға ілгізгелі келдік. Ата-бабамыздың дәстүрін сақтай отырып, туған-туыс, көрші-қолаңды жинап, қызыңызға құда түсіп, алдарыңыздан өтуге келдік. Жастар бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтеруге бел буған екен — екі жастың ниетін неге қолдамасқа? Құп көрсеңіздер, құдандалы болайық!
«Өлі-тірі» кәдесі
Құрметті құдалар! «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Алдағы құдалығымыз баянды болсын деп, «өлі-тірі» әкелдік. Соған батаңызды беріңіздер.
Түсіндірме: «Өлі-тірі» — аруақтарға арнап союға, етін елге үлестіруге арналған мал. Мұндағы «өлі» мен «тірі» — екі жақтың құдалықтың баянды болуын ниет етіп, өлі мен тірінің алдында уәде етуін білдіреді.
Сый-кәде, сырға салу, бата
«Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, азын-аулақ сыйымыз бар еді — ұсынуға рұқсат етіңіздер. Ең бағалы кәде алдымен қыздың әкесіне, кейін құдағи мен құдашаларға үлестіріледі.
Салт бойынша болашақ ене қызға белгі ретінде сырға салады. Қыз бен күйеу жігіттің әжелері ақыл-кеңес, өсиет сөздерін айтады.
Қызға өсиет: жаңа отаудың шаруасына икемді бол, оқыс мінез көрсетпе, тазалық сақта, бауырмал бол, сабырлы да салмақты бол, ата-анаңның және ел-жұртыңның сенімін ақта. Ол үйде де ақыл айтар әже бар — сүйкімді келін бол.
Құдағиға тілек: «Ырыс алды — қыз» дейді. Қызымыз сіздің үйге бақ-береке әкелсін. «Келіннің өнегелі болуы — енеден» деген сөзді бұрынғы үлкендер жиі айтқан.
Бата:
Я, Тәңірі-құдірет, мал-бастарын аман ет.
Бастарына бер бақыт, асына бер берекет.
Өмір-жастарын ұзақ ет, ұрпақтарын асыл ет!
Көрмей өссін қасірет, өмірдегі жақсылықты дәл осы үйге нәсіп ет!
Құдалар әні
Рәсім соңында құдалар әнмен жеткізеді.
Күш сынасу дәстүрі
Раушан — дәстүр туралы
Қазақтың тойы мен мерекесі балуандар күресінсіз, күш сынасуынсыз өтпеген. Бұл жолы күрес өткізбесек те, білек күшін сынап, жігіттердің мықтысын анықтайық. Ортаға батыр ұлдарымызды шақырамыз!
Қорытынды тілектер
- Ұлыс бақты болсын!
- Әр күніміз жақсы болсын!
- Достығымыз берік болсын!
- Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
- Назарларыңызға көп рақмет! Наурыз тойы құтты болсын!