Тепе - теңдікті сақтау

Тақырып

Тепе-теңдікті сақтау (гимнастика).

Мақсаттары

  • Өткенді қайталау: алға домалап түсу; ұлдар үшін — жауырынға тұру; қыздар үшін — көпір жасау.
  • Тепе-теңдік дағдыларын дамыту: әртүрлі қалыпта тепе-теңдікті сақтау тәсілдерін көрсету, түсіндіру және тәжірибеде бекіту.
  • Жалпы дене дайындығы: қабылдауды, шапшаңдықты дамыту және өзара көмектесуге үйрету.

Құрал-жабдықтар

Гимнастикалық маттар Гимнастикалық таяқшалар Доптар Секіртпе Гантель Ысқырық

Сабақ құрылымы

1) Дайындық бөлімі

Сабаққа жұмылдыру, қыздыру және негізгі жаттығуларға қауіпсіз дайындық.

Жалпы қыздыру

Сапқа тұрғызу

  • Сәлемдесу.
  • Сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын хабарлау.

Саптағы жаттығулар

Бұрылулар: «Оңға!», «Кері!», «Солға!».

Жүру және оның түрлері

  • Аяқ ұшымен жүру: қолды жоғары тік көтеру.
  • Өкшемен жүру: қолды екі жаққа созу.
  • Аяқтың сыртқы қырымен жүру: қол белде.
  • Аяқтың ішкі қырымен жүру: қол белде.

Арнайы жүгіру жаттығулары

  • Жылан тәрізді жүгіру.
  • Аяқты артқа бүгіп жүгіру.
  • Тізені жоғары көтеріп жүгіру.
  • Оң/сол жақ қырмен тіркеле адымдап жүгіру.
  • Аяқ ұшын созып, алға «қайшы» тәрізді жүгіру.

Жүру және тыныс алу

Оқушылар бір лекке тұрады. 1–4 санау арқылы тыныс алу ырғағын қалпына келтіреді.

Жалпы дамыту жаттығулары

Мойынға арналған жаттығулар

  • Бастапқы қалып: қол белде. 1–4 — мойынды оңға/солға айналдыру.
  • Қол белде. 1 — басты алға түсіру; 2 — артқа; 3 — оңға; 4 — солға.

Гимнастикалық қабырғада (ағашта) орындалатын жаттығулар

  • Оң қолмен ұстап тұру: 1 — аяқ ұшына көтеріліп, қолды жоғары көтеру; 2 — сол қолмен ұстап бастапқы қалыпқа келу; 3–4 — қайталау.
  • Екі қолмен ұстау: 1 — сол аяқпен алға кең қадам, екі қол жоғары; 2 — бастапқы қалып; 3 — оң аяқпен алға кең адым, екі қол жоғары; 4 — бастапқы қалып.
  • Негізгі тұрыс: 1 — қолды кеуде тұсынан ұстау; 2 — қолды алға созу; 3 — қолды жоғары көтеру; 4 — бастапқы қалып.

Дене иілуі және үйлесімділік

  • Екі қол жоғары, аяқ алшақ: 1–3 — оң жаққа иілу; 4 — бастапқы қалып.
  • Қолды алға тік ұстау: 1 — оң аяқ ұшымен сол қолға тигізу; 2 — бастапқы қалып; 3 — сол аяқ ұшымен оң қолға тигізу; 4 — бастапқы қалып.

Секіру жаттығулары

  • 1–4 — екі аяқ бірге, бір орында түзу секіру.
  • 1–4 — қол алға, сол аяқ бүгіледі, оң аяқпен секіру.
  • 1–4 — қол жоғары, оң аяқ бүгіледі, сол аяқпен секіру.

Соңында 4 қатардан 1 қатарға тұрып, жаттығу орнына ауысу.

2) Негізгі бөлім

Тепе-теңдікке бағытталған гимнастикалық және акробатикалық әрекеттер.

Техника + қауіпсіздік

Оқушылар гимнастикалық жайма (мат) үстінде қауіпсіз түрде орналасады, жаттығу аймағы алдын ала дайындалады.

Ұлдар тобы

Қайталау (акробатика)

  • Алға домалап түсу.
  • Жауырынға тұру.

Оқушылар жаттығуларды нұсқаулыққа сай өздігінен орындайды.

Гимнастика (тепе-теңдік)

  • «Қарлығаш» қалпын жасау.
  • Бір аяқты алға созып тұрып, екінші аяқпен отырып-тұру.
  • Гантельді көтеру арқылы тұрақтылықты күшейту.

Қыздар тобы

Қайталау (акробатика)

  • Көпірге тұру.

Гимнастика (тепе-теңдік)

  • «Қарлығаш» қалпын жасау.
  • Бір аяқты алға созып тұрып, екінші аяқпен отырып-тұру.
  • Гантельді көтеру арқылы тепе-теңдікті бекіту.

Қозғалыста тепе-теңдік (доппен)

  • Гимнастикалық орындықта екі қолды екі жаққа созып, іші нығыздалған допты ұстап алға-артқа жылжып жүру.

Топтық жұмыс

Оқушылар 2 топқа бөлініп, станция әдісімен (кезектесіп) тапсырмаларды орындайды. Өзара бақылау және көмектесу — негізгі талап.

3) Қорытынды бөлім

Сабақты жинақтау, кері байланыс және тәртіппен аяқтау.

Рефлексия
  • Жаттығу орнын жинастыру.
  • Сапқа тұрғызу және сабақты қорытындылау.
  • Оқушыларды бағалау.
  • Сап бойымен залдан шығу.