Спорт түрлерін табыңдар
5-сыныпқа арналған сабақ жоспары
«Спортты ұнатасың ба?»
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Спорт туралы білімдерін тереңдету.
Дамытушылық
Оқушылардың сөздік қорын молайту, ойлау қабілетін дамыту, ойын толық әрі нақты жеткізуге үйрету.
Тәрбиелік
Денсаулық туралы пайдалы кеңестер ұсыну, спортқа сүйіспеншілік сезімін ояту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындықМұғалім оқушылармен амандасып, жылы лебіз білдіреді және сабаққа жағымды көңіл-күй қалыптастыру үшін «Шаттық шеңберін» ұйымдастырады.
Шаттық шеңбері (өлең жолдары)
Шырылдады қоңырау,
Біз сабақты бастаймыз.
Партамызға отырып,
Өзара көз тастаймыз.
Табыс тілеп көзбенен,
Жаңа білім алуға,
Алға қадам аттаймыз.
Оқушылар күнге ұқсас шеңбер құрып, Қазақстан Республикасының Әнұранын бірге орындайды (қолды жүрек тұсына қояды).
Өткен сабақты пысықтау: «Мина» ойыны
Ереже: қателескен оқушы «айып» ретінде сұраққа жауап береді.
-
Қазақтың ұлттық спорт түрлерін ата.
-
«Бірінші байлық — денсаулық» дегенді қалай түсінесің?
Жауап үлгісі: әр адам жеке басының тазалығын сақтауы, спортпен шұғылдануы, уақытылы дұрыс тамақтануы, ішімдік пен темекіден аулақ болуы керек.
-
Қазақстанның белгілі спортшыларын ата.
-
Қысқы Олимпиадада қандай спорт түрлері болады?
Мәнерлеп сырғанау, хоккей, биатлон, шаңғы, шаңғымен секіру, конькимен жүгіру.
-
Ұлттық ойындар адамды неге үйретеді?
Жылдамдыққа, ептілікке, ойлауға, өнерлі болуға үйретеді.
Сабақ сайыс түрінде жалғасады: оқушылар түрлі-түсті кәмпиттер арқылы екі топқа бөлінеді.
1-топ
«Палуандар»
2-топ
«Боксшылар»
Оқушылар жұппен және жеке жұмыс істейді. Бір-бірін бағалап, фишка жинайды. Сабақ соңында жиналған фишкалар бойынша қорытынды баға шығарылады.
II. Өткен материалды қайталау (сұрақ-жауап)
Спорт дегеніміз не? — Денсаулық кепілі. Адам спорт арқылы денсаулығын жақсартып, өзін-өзі дамытуға ұмтылады.
- Саған спорт ұнай ма?
- Спорттың қай түрімен шұғылданасың?
- Ұлттық ойындарды білесіңдер ме?
«Кім жылдам?» ойыны
Мақсаты: спортшының аты-жөнін және қай спорттан жеңімпаз болғанын анықтау.
Олимпиадада спортшыларымыз алтын алып, көк Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәттер әрқайсымыздың жүрегімізге ерекше әсер етеді. Бұл — елімізге деген мақтаныш сезімін арттырып, патриоттық рухты нығайтады.
III. Жаңа сабақ
Жаңа тақырыпты меңгеру: сөздікпен жұмыс және сөйлем құрастыру.
IV. Дәптермен жұмыс
Жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңдар:
- Балалар күніне 10–11 сағат ұйықтауы керек.
- Ұйықтар алдында майлы тамақ жеу зиян.
- Денсаулық — зор байлық.
- Әр адам спортпен айналысуы тиіс.
- Салауатты өмір салтын қадағалау — біздің міндетіміз.
V. Сергіту сәті
Қысқа сергіту жаттығуларынан кейін оқылым тапсырмасы орындалады.
Оқылым әрекеті
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңдер:
Салауатты өмір салтына дене шынықтыру, спорт, дене тәрбиесі, туризм, табиғатқа серуен, таза ауада жүру жатады.
Кешкі тамақтан соң таза ауада бір-екі сағат серуендеп, ұйықтаудың пайдасы зор. Ұйқы 7–8 сағаттан кем болмауы тиіс.
Әрдайым тамақты жаңадан дайындап ішкен дұрыс. Спорттың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін және оның өмірді ұзартатынын білеміз.
Сөйлесім әрекеті
- Мәтінде не туралы айтылады?
- Салауатты өмір салтына нелер жатады?
- Ұйқының пайдасы қандай?
- Неге салауатты өмір салтын сақтау керек?
VI. Ой толғаныс (топтық жұмыс)
1) Ереже құрастыру
Салауатты өмір салтын қалыптастыратын ережелерді құрастырыңдар:
- Табиғатта серуендеу
- Спортпен шұғылдану
- Таза ауада жүру
- Дұрыс тамақтану
- 7–8 сағат ұйықтау
2) Спортпен шұғылданатын адамның бейнесі
Дені сау адам қандай болады? Сипаттап жазыңдар және постерге түсіріңдер.
Әр топ өз постерін қорғайды.
Жазылым әрекеті (грамматика: есімдік)
I топ
«Өмір» сөзін тәуелдеу.
II топ
«Адам» сөзін септеу.
2-тапсырма: тест
-
Есім сөздердің орнына қолданылатын сөздер қалай аталады?
А) үстеу Ә) есімдік Б) етістік
-
Есімдіктерді табыңдар.
А) үш, бес Ә) оқиды, жазады Б) мен, сол
-
Өздік есімдігі қатысқан сөйлемді анықтаңдар.
А) Ол спортпен айналысқанды ұнатады. Ә) Өзіміз үйде жаттығулар жасаймыз. Б) Сендерге қандай спорт түрі ұнайды?
-
Болымсыз етістікті табыңдар.
А) келмеді, келген жоқ Ә) келді ме? Б) келу керек
-
Көп нүктенің орнына тиісті есімдіктерді қойып жазыңдар.
… мектепте жақсы оқимын. … ұстазымызбен бірге әртүрлі тарихи орындарға барамыз.
А) сен, олар Ә) мен, біз Б) сіз, саған
-
Серік Сәпиев қандай спорт түрінен жеңімпаз болды?
А) ауыр атлетикадан Ә) жеңіл атлетикадан Б) бокстан
-
Спорт түрлерін табыңдар.
А) күрес, каратэ Ә) ән, күй Б) сурет, мүсін өнері
VII. «Ойлан тап» ойыны
Әр оқушы мұғалімнің қолындағы қорапқа бір затын салады. Мұғалім кез келген затты көрсеткенде, сол заттың иесі мұғалімнің сұрағына жауап береді.
Қорытынды тапсырма
Оқушылар дәптерге мидың суретін салып, сурет ішіне сабақта үйренген жаңа сөздерді жазады.
VIII. Сабақты қорыту
Спорт — көркі өмірдің,
Спорт — досың, серігің.
Жаттықсаң шымыр боларсың,
Шынығып, өсіп толарсың.
Қорытынды ой: салауатты өмір салтын ұстанып, спортты күнделікті серік етейік.
IX. Үй тапсырмасы
«Менің сүйікті спортым» тақырыбында шағын әңгіме жазу.