Тұрлаусыз мүше
Сөйлем мүшелері
Бұл сабақта сөйлем мүшелері туралы ұғымды жүйелеп, бастауыш пен баяндауыштың сөйлемнің тұрлаулы мүшелері екенін, ал қалған мүшелердің тұрлаусыз мүшелерге жататынын түсіндіреміз. Сонымен бірге сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіріп, сөздік қорды байытып, байланыстырып сөйлеуді дамытуға назар аударамыз. Сабақтың тәрбиелік бағыты — өзара ынтымақтастық, сыйластық және экологиялық тәрбие.
Сабақтың мақсаттары
1) Білімдік мақсат
- Сөйлем мүшелері туралы түсінік қалыптастыру.
- Бастауыш пен баяндауыштың сөйлемнің тұрлаулы мүшелері екенін ұғындыру.
- Бастауыш пен баяндауыштан басқа мүшелердің тұрлаусыз мүшелер екенін түсіндіру.
2) Дамытушылық мақсат
- Сауатты әрі көркем жазу дағдыларын жетілдіру.
- Сөздік қорды байыту.
- Байланыстырып сөйлеу дағдысын дамыту.
3) Тәрбиелік мақсат
- Өзара ынтымақтастық пен сыйластыққа тәрбиелеу.
- Экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Үй жұмысын тексеру
Үйге берілген жаттығуды сұрап, талдаймыз және алдыңғы тақырыпты қайталаймыз:
Сұрақтар:
- Сөйлем неше түрге бөлінеді?
- Жай сөйлем дегеніміз не?
- Құрмалас сөйлем дегеніміз не?
- Құрмалас сөйлемде қандай тыныс белгілері қолданылады?
Қысқаша жауап:
Сөйлем екі түрге бөлінеді: жай сөйлем және құрмалас сөйлем.
Ұйымдастыру бөлімі
Ойға толсын санамыз.
Бестік болсын бағамыз.
Баласындай бір үйдің,
Тату болсын арамыз.
Жаңа сабақ: Күз және құстар арқылы тапсырмалар
Әңгімелесу
— Қазір қай мезгіл? — Күз.
— Күз айларын атайық. — (оқушылар жауап береді)
— Күздің белгілері қандай?
Күзде күн салқындайды, жаңбыр жауады, жапырақтар сарғаяды. Жеміс-жидек, егін піседі. Құстардың бір бөлігі жылы жаққа ұшып кетеді.
Дегенмен, кейбір құстар қыстап қалады. Отырықшы құстарға: сауысқан, қарға, торғай, суықторғай, көгершін, тоқылдақ жатады.
Торғайдың тапсырмасы
Мен торғаймын, торғаймын,
Суықтан да тоңбаймын.
Құрт-құмырсқа, шіркейден
Бау-бақшаны қорғаймын.
Берілген сөйлемдер:
Қар жауды.
Бүгін жапалақтап қар жауды.
Екеуі де сөйлем, әрі хабарлы сөйлем.
Айырмашылығы: бірінші сөйлем тек бастауыш пен баяндауыштан тұрады. Екінші сөйлемде бастауыш пен баяндауыштан бөлек, қосымша мағына үстейтін тұрлаусыз мүшелер бар.
Ереже: Сөйлем мүшелері
Анықтама
Сөйлем құрамындағы нақты сұраққа жауап беріп тұрған мағыналы сөздерді сөйлем мүшелері дейміз.
Бастауыш
Қимылдың, іс-әрекеттің иесін білдіретін сөз бастауыш болады.
Сұрақтары: кім? кімдер? не? нелер? кімі? несі?
Жәния дайындалды.
Боран соқты.
Баяндауыш
Бастауыштың ісін, қимылын білдіретін сөз баяндауыш болады.
Сұрақтары: не істеді? не қылды? қайтті?
Әсем биледі.
Найзағай жарқылдады.
Ескерту: сызықша қойылуы
Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен жасалса, бастауыштан кейін сызықша (—) қойылады.
Әмір — күйші.
Алматы — сәулетті қала.
Тұрлаулы мүшелер
Тұрлаулы мүшелерге бастауыш пен баяндауыш жатады. Олар сөйлемдегі негізгі ойды білдіреді.
Мысалы: Бүгін жапалақтап қар жауды. (Бұл жерде негізгі ойды баяндауыш береді, ал басқа сөздер ойды нақтылай түседі.)
Тұрлаусыз мүшелер
Сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыштан басқа мүшелер тұрлаусыз мүшелер деп аталады.
Сұрақтары: қандай? кімге? неге? нені? қашан? қайда? т.б.
Ойна да, ойла: ұйқасын тап
Орыннан орынға ауысқан,
Ұшқалақ, қара ала — (сауысқан)
Сауысқанның тапсырмасы: дәптермен жұмыс
Көркем жазу: «Ш» дыбысы
Ш ш, Ш ш: шабадан, шабандоз, шалғай, шарбақ, шатқал, шәйнек, шежіре.
Жұмбақ: кім бұл?
Қара түсті, қарқылдақ,
Ұшып-қонып жалпылдап.
Қоқыстарды шоқиды,
Жем іздейді там-тұмдап.
(қарға)
Оқулықпен жұмыс
1-жаттығу
Сөйлемдерді көшіріп жазып, бастауыш пен баяндауышты тауып, астын сыз.
Адамдар санауды ертеде үйренген.
Олар алғашында саусақтарын санаған.
Кейін есептеу үшін ұсақ тастар қолданған.
Адамдар әлгі тастарды жіпке тізіп қоятын.
Кейін жіптің орнына таяқша қолданылды.
Бұл есепшоттың алғашқы түрі еді.
Техника өсті.
Есептер қиындай түсті.
Оларды шешу үшін машина керек болды.
Электронды есептеу машиналары осылай шықты.
Сергіту сәті: ұйқас жалғастыр
Тақ-тақ-тақ — айтамыз біз не? (тақпақ)
Рақ-рақ-рақ — күзде түсер не? (жапырақ)
Қол-қол-қол — күзде егін (мол)
Тоқ-тоқ-тоқ — шыбын-шіркей (жоқ)
Келесі өлең жолының ұйқасын табайық:
Тұмсығымен шымшып,
Құрт тереді. (шымшық)
2-жаттығу: шымшықтың тапсырмасы
Жұмбақтарды көшіріп жаз. Тұрлаусыз мүшелерді тауып, оларға сұрақ қой.
Мейіріммен сүйеді ол бар адамды,
Өзіне жаратпайды қарағанды.
Үй тапсырмасы
- 5-жаттығу: сызба бойынша сөйлем құрастырып жазу.
- Еркін тақырыпта құрмалас сөйлемді қатыстырып, шағын мәтін құрастыру.
Сабақты қорытындылау
Бүгін құстардың тапсырмалары арқылы сөйлем мүшелері туралы білімімізді толықтырдық. Құстар — табиғаттың көркі және адамға дос. Қыстап қалатын отырықшы құстарға қамқор болу — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Қайталау сұрақтары:
- Сөйлем мүшелері дегеніміз не?
- Тұрлаулы мүшелерге қайсысы жатады?
- Бастауыштың сұрақтары қандай?
- Баяндауыштың сұрақтары қандай?
- Тұрлаусыз мүшелерді қалай анықтаймыз?