Біздің тарихымыз - бірігудің тарихы
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Ақбұлақ орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Темкенева Толқын Алпыспаевна
Мерекелік концерт бағдарламасы
«Еркін елдің ертеңі»
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған оқушылардың мерекелік концерті.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Биылғы жыл — еліміз үшін мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл сияқты айтулы мерекелермен мәнді.
Ендеше, ел мерейін асырған мерейтойларды лайықты атап өтуге арналған «Еркін елдің ертеңі» атты шағын концертімізге қош келдіңіздер!
Өлең жолдары
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тең-тепе-тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы — құт, жері — дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән: «Жаса, қазағым!»
Орындайтын: 10-сынып оқушысы Рамазанов Нұрманас
Тәуелсіздік және бірлік
Иә, қазақ халқы бабалардан мирас болған ата-мекенімізді тәуелсіз ел етті. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын сайлады. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдық. Татулықты — тұрақтылықтың, ал тұрақтылықты — дамудың тұғыры еттік.
Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы — бірлік. Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын белес жоқ.
Би: «Қара жорға»
Орындайтын: Адрышқанова Назерке
Бір шаңырақ астындағы көпұлтты Қазақстан
Қазақстан Республикасында бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс мекендейді. Тарихтың белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге қоныс аударған жұрт үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.
Ән: «Алтын бесік»
Орындайтын: Ерланова Айым
Достық туралы шумақ
Барлық ұлттың басын қосты бұл достық,
Ұлы достық, нұрлы достық, күн достық.
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты.
Би: Ырғақты би
Орындайтын: 9-сынып қыздары
Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінде тегі басқа болғанымен — теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен — жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық.
Туған елдің туы астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты: «Бір халық — бір ел — бір тағдыр».
Көрініс: Мұхтар Мағауин — «Бір атаның балалары»
Ұлы Жеңіс — ұрпаққа аманат
Санаулы күндерден кейін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Сұрапыл соғысқа ауылымыздан мына ардагерлер қатысты: Әдішев Мұқаметқали, Әдішев Сіләмқан, Бектеміров Жақия, Зайнулдинов Жәдігер, Зайнулдинов Жәнәбіл, Жақсыбаев Қайырбек, Көлбаев Сәбит, Қасымқанов Мамырқан, Қуанғанов Мұсағали, Темерқанов Закария, Үркімбаев Мамырбек.
Майданның от-жалынын көріп, Жеңіс үшін жанын қиған аталарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ән: «Сендерге риза ұрпағың»
Қазақ хандығы — ұлы дала шежіресі
Биыл ел болып атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы — ұлы дала шежіресінің жарқын беттері. Мыңжылдықтар тоғысында жаңа мемлекет құрдық, батыр бабалардың арманын ақиқатқа айналдырдық.
Тарихымыздың қай кезеңіне көз салсақ та, ол — бірліктің жылнамасы. Қазақ әлсіресе — алауыздықтан әлсіреді, күшейсе — бірліктен күшейді. Бірлігі бар қазақты ешкім жеңе алмаған.
Ұлдар вокалы: «Алға, қазақ жігіттері!»
Қонақтар: Мерейтойға арнайы келген Үнді елінің бишілері
Ұлттық идея және жас ұрпақ
Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу — әрбір жастың, баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Біздің тарихымыз — бірігудің тарихы. Ұлы Отан соғысында да түрлі ұлттың өкілдері тізе қосып, жауды жеңді. Бірлігі бар елде — береке бар.
Интермедия: Бастауыш және орта буынның біріккен қойылымы
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея терең тарихтан бастау алып, бүгінгі күннің мұраттарына сай келуі тиіс екенін айтқан. Тоныкөк абыздың «Түркі жұртының мұраты — Мәңгілік ел» деген сөзі де осы ойды айқындайды.
Бабалардың арманы, бүгінгі еліміз бен болашақ ұрпақтың биік мақсаттары бір арнаға тоғысады. Қазақстанның ұлттық идеясы — «Мәңгілік ел».
Мәнерлеп оқу: Несіпбек Айтұлы — «Мәңгілік ел белгісі»
Оқитын: Нұрланбек Таңнұр
Бабалардың тасқа басқан өсиетін жаңғыртып, Мәңгілік Ел болуға бет түзедік. Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын — өсіп келе жатқан білімді де өнерлі жас ұрпақ, егеменді елдің ертеңі.
Ән: «Ау, құрбым!»
Орындайтын: 9-сынып оқушылары (Аяулым Байсаринова)
Би: «Аққу биі» (оригиналды жанр)
Орындайтын: Талшын және Назлы
Ассамблея және татулық дәстүрі
1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 20 жылдығын атап өтпек болған Ассамблея мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, халықтың қолдауына ие болды.
Көп ұлт пен ұлыстың басы қосылып, елімізде тыныштық орнады. Қазақстан көркейіп, жаңарды.
Ән: «Жаса, Қазақстан!»
Орындайтын: Рамазанов Нұрманас
Қыздар вокалы: «Балапан қаз»
Негізгі ой
Ел бірлігі — ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық — ең алдымен өзімізге қажет. Көп ұлтты мемлекеттің жарқын болашағының бір кілті — Қазақстан халықтарының бірлігі.
(Сахнаға әр ұлттың өкілі болып киінген балалар шығып, бір шаңырақ астына жиналады.)
Ән: «Қазақтай ел қайда»
Қорытынды
Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі — еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір. Ендеше, бейбітшілік жасасын! Ынтымақтастық жасасын! Қазақстан жасасын! Қазақстан халықтарының бірлігі жасасын!
Жаса, жайна, Қазақстан!
Осымен бүгінгі мерекелік кешіміз аяқталды. Сау-саламатта болыңыздар!