Құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге немесе басқа сөздермен алмастыруға бола беретін еркін тіркес
Тұрақты тіркестер
Тіл арқылы қатынас жасағанда, сөздер дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады. Тіркестер екі түрлі болады: еркін тіркес және тұрақты тіркес.
1) Еркін тіркес (сөз тіркесі)
Еркін тіркесте сөздердің орнын өзгертуге немесе бір сөзді басқа сөзбен алмастыруға болады. Мұндай тіркестер сөз тіркесі деп аталады. Еркін сөз тіркесінің мағынасы оны құрайтын сөздердің өз мағыналарымен тікелей байланысты болады.
Мысалдар
- Үлгілі бала → үлгілі қыз
- Диктант жазу → шығарма жазу, хат жазу, мазмұндама жазу
Негізгі белгісі
Құрамы өзгерсе де, мағынасы сол тіркесті құраған сөздердің мағынасынан туындайды.
2) Тұрақты тіркес
Мағынасы тұтасып кеткен, құрамын өзгертуге немесе басқа сөзбен алмастыруға келмейтін, сөйлемде бір сөздің орнына қолданылатын тіркестер болады. Бұлар көркем, бейнелі ұғымды білдіреді. Сондықтан олар тұрақты тіркестер деп аталады.
Неге “тұрақты”?
Тұрақты тіркестің мағынасы оның құрамындағы жеке сөздердің мағыналарынан тумайды; ол басқа, ауыспалы мағынаны білдіреді.
Мысалдар (өзгертуге келмейді)
- Қой аузынан шөп алмас (жуас)
- Ит жанды (көнбіс, төзімді)
- Таяқ тастам жер (жақын)
- Мұзға отырғызып кету (алдау)
- Жұмған аузын ашпау (үндемеу)
- Көзді ашып-жұмғанша (лезде)
Мысалы, қой аузынан шөп алмас тіркесін түйе аузынан шөп алмас деп, ал ит жанды тіркесін мысық жанды деп өзгертіп айтуға болмайды.
Тағы бірнеше тұрақты тіркес
- Қабырғаңмен кеңес — ойлан
- Бесіктен белі шықпай — ерте (жас кезде)
- Қас пен көздің арасында — шапшаң
- Тайға таңба басқандай — анық
- Біреудің ала жібін аттамау — ұрламау, адал болу
- Жүрек жұтқан — батыр
- Қоян жүрек — қорқақ
- Тіс жармау — үндемеу
Еркін сөз тіркесі мен тұрақты тіркестің айырмасы
Сөз тіркесі
еркін-
Мысал 1
Таза дәптер, таза киім; әдемі дәптер, әдемі киім.
-
Мысал 2
Әдепті оқушы, әдепті кісі; баланың ісі, үлкеннің ісі.
Тұрақты тіркес
тұтас мағына-
Мысалдар
Тайға таңба басқандай (анық), біреудің ала жібін аттамау (ұрламау), жүрек жұтқан (батыр), қоян жүрек (қорқақ), таяқ тастам (жақын), тіс жармау (үндемеу).
Сөйлемдегі қызметі
Неше сөзден құралса да, тұрақты тіркес бір ғана ұғымды білдіреді және сөйлем ішінде бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады.
Мысал
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елге қызмет етеді.
Бұл сөйлемдегі көзі ашық, көкірегі ояу — “қандай?” сұрағына жауап береді, саналы деген мағынаны білдіреді және анықтауыш қызметін атқарады.
Анықтама
Орын тәртібі қалыптасқан, құрамы өзгермейтін, мағынасы тұтасып бір ұғымды білдіретін және сөйлемде бір ғана мүше ретінде қолданылатын тіркесті тұрақты тіркес дейміз.
Тұрақты тіркестер ғылым тілінде фразеология, ал жеке бірліктері фразеологизм деп те аталады.