Жолы болмағаны қалай
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Орын
- Саран қаласы, ОЖББ №4 мектеп
- Тобы
- Мектепалды даярлық тобы
- Жетекші
- Шаймұрат Дәмеш
- Тақырып
- «Әзілхан мектепке барады»
Мақсаты
- Балаларды әңгімені ықыласпен тыңдауға баулу.
- Оқылған мәтінді дұрыс түсінуге және ойды жинақтап жеткізуге үйрету.
- Байланыстырып сөйлеуді дамыту, сөздік қорын молайту.
- Әдептілікке тәрбиелеу.
Көрнекілік және әдіс-тәсілдер
Көрнекіліктер
Суреттер.
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, әңгімелеу.
Тәрбие жұмысының барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Тәрбиеші: «Сәлеметсіңдер ме, балалар?»
Балалар: «Сәлеметпіз.»
«Қазір бізде көркем әдебиет сабағы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды алып, ережеге сай отырамыз.»
2) Өткенді қайталау
Абай атамыздың «Күз» өлеңін сұрау.
3) Психологиялық сәт
Балалар күн нұрына қарай қол созып, алақанын жайып, төмендегі сөздерді бірге қайталайды:
Қуан, шаттан, алақай,
Қуанатын күн келді!
Күліп шықты күн бүгін,
Қайырлы таң! Қайырлы күн!
Оқушылар бір-бірімен және мұғаліммен амандасады.
4) Тақырыппен таныстыру және әңгімені оқу
«Әзілхан мектепке барады» (әңгіме)
Әзілхан мектепке барады. Сонда да майкесін бірде оң, бірде теріс киеді. Әжесі ылғи «Оң ки» деп ескертеді.
Әзілхан: «Теріс баққан деген не?»
Әжесі: «Жолы болмайды.»
Әзілхан: «Жолы болмағаны қалай?»
Әжесі: «Мысалы, біреумен төбелесіп қаласың, сүрініп құлайсың немесе сабақтан екілік аласың.»
Әзілхан: «Түсіндім.»
Әжесі: «Түсінсең, майкеңді оң ки.»
Әзілхан таза киініп, тамағын ішкен соң, мектепке кетті.
Сабақтан соң үйіне қайтып келе жатты. Бұрыштағы көк қақпалы үйден шынжырын сүйреткен сабалақ сары ала күшік шыға келді. Әзілхан тұра қашты. Күшік шәуілдеп қуа жөнелді.
Әзілхан арықтан аттай бергенде құлап түсті. Сөмкесі алысқа ұшып кетті. Кітаптары да шашылып қалды. Бір апай келіп, оны орнынан тұрғызды. Кітаптарын жинасып, үстін қағып берді.
Әзілхан үйге еңіреп жылап келді.
Әжесі: «Не болды?»
Әзілхан: «Жолым болмады.»
Әжесі: «Жолы болмағаны несі, біреу ұрды ма?»
Әзілхан: «Жоқ.»
Ол болған жайтты айтып берді.
Әжесі: «Қап, қараң қалғыр күшігі-ай. Неғып бос қоя берген екен?»
Әзілхан: «Жоқ, одан емес. Майкемді теріс киген шығармын.»
Әжесі өз сөзін еске алып, жымиып қойды. «Қарағым зерек екен», — деп іштей қуанды.
5) Сұрақ-жауап
- Әңгімеде не туралы айтылған?
- Сендерге әңгіме ұнады ма?
- Әзілхан дұрыс істеді ме?
- Неліктен ол майкесін теріс киеді?
- Әзілхан неге қашты, неге жылады?
- Неліктен Әзілхан «жолым болмады» деп ойлады?
6) Сергіту сәті
Қимыл-қозғалыс жаттығуын бірге орындайды:
Иілеміз оңға бір,
Иілеміз солға бір.
Тәрбиеші қарайды,
Аяққа бір, қолға бір.
Бекіту және қорытынды
Әңгімені мазмұндау
Балалардан әңгіменің мазмұнын жүйелі түрде айтып беру сұралады.
Жұмбақтар
Қане, жұмбақ шешейік:
-
Жұқа тақтай бөлшегі, ұзындықтың өлшемі.
Жауабы: Сызғыш
-
Оқу, білім азабы, қоймасының бас қабы. Бөлмесі де бірнешеу, тиегі бар ашпалы.
Жауабы: Сөмке
-
Өзі сөйлей білмейді, салған ізі сөйлейді.
Жауабы: Қалам
-
Төрт қырлы, өзі аппақ, тақтадағы ізі аппақ.
Жауабы: Бор
-
Үстінде есігі, өзі орындық әрі үстел, оқушылар бесігі.
Жауабы: Парта
-
Ілулі тұр кең алаң, керегімді мен одан. Жазып алам көшіріп, сүртем сосын өшіріп.
Жауабы: Тақта
Бағалау
Сабаққа ерекше белсенді қатысқан балалар бағаланады.