Көкөністердің суреті бала санына қарай
«Суреттің жұбын тап» ойыны
Бұл ойын балалардың ойлау қабілетін, есте сақтауын және сөйлеу тілін дамытуға бағытталған.
Мақсаты
- Ойлау қабілетін дамыту
- Есте сақтауды күшейту
- Сөздік қор мен байланыстырып сөйлеуді жетілдіру
Қажетті құралдар
- Магниттік тақта
- Магниттер
- 12 жұп сурет
Сурет жұптары
- фасоль – горох
- анар – алма
- шәйнек – кесе
- қораз – әтеш
- аққу – шағала
- шегіртке – құмырсқа
- күрек – тырна
- қызғалдақ – раушан
- ешкі – қой
- қасқыр – аю
- картоп – сәбіз
- кітап – дәптер
Ойынның өту барысы
- Психолог магниттік тақтаға барлық суреттерді іледі.
-
Суреттер екі қатарға орналасады:
- Жоғарғы қатар: фасоль, алма, шәйнек, қораз, аққу, құмырсқа, күрек, қызғалдақ, ешкі, қасқыр, кітап, сәбіз.
- Төменгі қатар: горох, анар, кесе, әтеш, шағала, шегіртке, тырна, раушан, қой, картоп, дәптер.
- Балаларға жоғарғы қатардан бір суретті таңдап, төменгі қатардан соған сәйкес жұбын тауып топтастыру тапсырмасы түсіндіріледі.
- Балалар кезекпен жұптарын тауып, неге солай таңдағанын дәлелдеп айтады.
Мысал: «Фасоль суретіне мен горох суретін жұптастырдым, себебі екеуі де асқа жатады».
Психолог дұрыс жауапты бекіткеннен кейін, суреттердің орнын ауыстырып, жұптарын бірінің астына бірін орналастырады. Соңында балалардан қалған жұптарды еске түсіру сұралады.
«Түлкінің балалары мен бүркіт» ойыны
Бұл ойын зейінді және ерік-жігерді дамытуға көмектеседі.
Мақсаты
- Зейінді дамыту
- Ерік-жігер мен төзімділікті нығайту
Ойынның барысы
- Балалар санау арқылы (1–2) немесе өз қалауларымен «түлкілер» және «бүркіттер» болып екі топқа бөлінеді.
- Бүркіттер бір жерде жиналып отырады да, түлкілерді бақылап тұрады.
- Түлкілердің ішінен бір бала «ана түлкі» болады, қалғандары — «түлкінің балалары».
- Ана түлкі ортаға шығып түрлі қимылдар көрсетеді және оларды үнемі өзгертіп отырады.
- Түлкінің балалары анасының қимылын дәл және тез қайталауы керек.
- Қимылды үлгере алмай қалған немесе орындай алмаған баланы бүркіттер «алып кетеді».
- Анасымен бірге қалған түлкінің баласы жеңімпаз болып саналады.
- Ойын жүргізушілері ауыстырылып, 2–3 рет қайталанады.
Ескерту
Ойынды көңілді әуен қосып өткізген тиімді.
«Көкөністер» ойыны
Ойын балалардың сөздік қорын байытып, зейінін дамытуға және өзара келісімге келуге үйретеді.
Мақсаты
- Сөздік қорды байыту
- Зейінді дамыту
- Келісімге келу дағдысын қалыптастыру
Қажетті құралдар
Бала санына қарай көкөністердің суреті бейнеленген карточкалар.
Ойынның өту барысы
- Психолог әр балаға көкөніс суреті бар карточка таратады.
- Балалар шеңберге тұрып, әрқайсысы қолындағы көкөністің атауын айтады.
- Психолог шеңбердің ортасына кіріп, кез келген көкөністің атауын атайды.
- Аталған көкөніс карточкасы бар бала шеңбер бойымен жүгіре қашады, ал жүргізуші оны қуады.
- Қуғыннан құтылу үшін жүгіріп келе жатқан ойыншы басқа бір көкөністің атауын айтуы керек.
- Атауы аталған көкөніс карточкасы бар бала ортаға шығып, қаша жөнеледі; ал бірінші ойыншы өз орнына тұрады.
- Ойын осылай жалғаса береді.
Ескерту
Алғашқы ойында жүргізуші рөлін психолог атқарғаны дұрыс; кейін жүргізуші балалар арасынан таңдалады.
«Суретті есіңе сақта» ойыны
Бұл ойын көру есін және зейінді дамытуға арналған.
Қажетті құралдар
Бала санына қарай ойын карточкалары.
Ойынның өту барысы
- Психолог әр балаға ойын карточкаларын таратып, мұқият қарауды сұрайды.
- 10 секундтан кейін карточканы аудартып, «Суретте не бейнеленген?» деп сұрайды.
- Балалар кезекпен жауап береді.
- Кейін карточкалар ауыстырылады да, ойын жалғасады.
Ескерту
Дұрыс жауап берген балаларға жұлдызша немесе фишка беріліп отырады. Соңында сол арқылы жеңімпаз анықталады.
«Ұқсас сөздер» ойыны
Ойын синонимдерді табу дағдыларын дамытады және сөз мағынасын дәл жеткізуге үйретеді.
Ойынның барысы
Психолог ережені түсіндіреді: «Мен айтқан сөзге мағынасы ұқсас сөздерді табыңдар».
Үлкен
ірі, дәу, зәулім
Мейірімді
жанашыр, жылыжүрек, жақсы
Аласа
кішкентай, биік емес
«Сиқырлы дыбыстар» ойыны
Бұл ойын ойлауды және берілген дыбыспен басталатын немесе ішінде сол дыбыс бар сөздерді табу іскерлігін дамытады.
Ойынның барысы
- «Ш», «Ж», «С» дыбыстарынан басталатын сөздерді атау.
- «Р» дыбысы бар көкөністер мен жеміс-жидектерді атау (мысалы: жүгері, алмұрт, қарақат).
- «Л» дыбысы бар заттарды атау (мысалы: үстел, гүл, қаламсап).
«Көбелектер әлемі» жаттығуы
Жаттығу релаксацияға көмектеседі және қиялды дамытады.
Қажетті құралдар
- MP3 немесе дыбыс құрылғысы
- Баяу, тыныш музыка
- Бала санына қарай кілемшелер
Өту барысы
- Балалар кілемшеге шалқасынан жатып, аяқ-қолын еркін созады.
- Психолог баяу релаксациялық әуен қосып, балалардан көзін жұмып, дауысын тыңдауды сұрайды.
- Балаларға жеңіл әрі баяу тыныстау ұсынылады.
Жетекші мәтін (визуализация)
Көздеріңді жұмып, менің дауысымды тыңдаңдар. Жеңіл әрі жай тыныстаңдар.
Өздеріңді жаздың шуақты күнінде жасыл шалғында жүргендей елестетіңдер.
Көз алдарыңа гүлден гүлге қалықтап ұшып жүрген ғажайып көбелек келсін. Оның қанаттарының нәзік қозғалысын бақылаңдар.
Енді өздеріңде де сондай үлкен, әсем қанаттар бар деп қиялдаңдар. Қанаттарың баяу төмен-жоғары қалықтап қозғалып тұрғанын сезініңдер.
Ауада жеңіл қалықтап жүргендеріңді сезіп, рахаттаныңдар.
Төменге қараңдар: жап-жасыл шалғын, жайқалған гүлдер көп. Ең әдемі гүлді көздеріңмен тауып, соған жақындай түсіңдер.
Сол гүлдің жұпар иісін сезініңдер. Жайлап қалықтап келіп, гүлдің жанына қоныңдар. Тағы да терең тыныстап, хош иісті сезініңдер.
Енді жайлап көздеріңді ашыңдар.
Талқылау
Жаттығудан кейін балалар кезекпен өз сезімдері мен әсерлері туралы айтып береді.