Абай ҚұнанбаевБай сейілді, Бір пейілдіЕлде жақсы қалмады

Абай Құнанбаев

Бай сейілді,
Бір пейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып, елін қармады.

Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ бір қысап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс,
Үйден үрген итке ұсап.

Өзі ұлыққа
Қәдірі жоққа
Қарамай, өз халқына
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.

Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі.

Шашты барын,
Берді малын
Боларында жұртына.
Еміреніспес,
Енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.

Ел де жаман,
Ер де жаман -
Аңдығаны өз елі.
Елде - сыяз,
Ойда - ояз,
Оңбай - ақ тұр әр түрі.

Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің – ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?

Өтті өмірім,
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне.
Жасы құрбы,
Жаны тұрғы,
Дос па деген кісіге.

Ел керексіп,
Сөзге емексіп,
Не болады мақтаның?
Пейілі шикі,
Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?



Ұқсас жұмыстар

Абайдың лирикалық өлеңдерінің тілі
АБАЙҒА БАРАР ЖОЛДА
Ибн Синадан қалған сөз
Қазақстанның ең ірі жазушыларының шығармасы (шет тілінде)
Фразеологизмдердің зерттелуі
Әкем абай туралы
Этнопсихологияда жеке тұлғаның эмоционалды-танымдық сферасы
Сөздің фонетикалық варианттары
Ләззат Бәйішқызы
Әдеби көркемдеу құралдары және әдеби көркем тіл
ТОЛЫБАЙҰЛЫ ОЛЖАБАЙ
ҚҰНАНБАЙҰЛЫ АБАЙ (ИБРАҺИМ)
ҚАЗАҚСТАН БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗШК СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА
Біріктірілген тақша
Абай атама
Ұйқы- демалыстың бір түрі
Салық қызметі органдарының қызметін ұйымдастыру мен басқарудағы кейбір мәселелер және оны жетілдіру жолдары
Құнанбаев Абай
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ
Медициналық генетика және кейбір тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу мен емдеу