Тренинг кезеңдері жоспарланған уақыт
Семинар-тренинг туралы қысқаша мәлімет
Бұл материал 9–11 сыныптарға арналған семинар-тренинг құрылымын ұсынады. Негізгі назар — стресс ұғымын түсіндіру, оның денсаулыққа әсерін талдау және тәжірибелік жаттығулар арқылы күйзелістен шығу дағдыларын дамыту.
Оқу іс-әрекет түрі
Семинар-тренинг
Қатысушылар
Педагогтар
Билингвистикалық компоненттер
- Стресс — күйзеліс
- Эмоция — көңіл-күй
Мақсаты
- Стресс туралы түсінік қалыптастыру.
- Стресстің адам денсаулығына кері әсерін түсіндіру.
- Жаттығулар арқылы стресстен шығу жолдарын көрсету.
Міндеттері
- Позитивті ойлауды дамыту.
- Күйзелістен арылуға психологиялық кеңес беру.
Тренинг деген не?
Тренинг — «жаттығу» ұғымын білдіреді. Психологиялық тренинг қатысушылардың жылдам шешім қабылдауына, қысылтаяң жағдайда жол табуына, тіл табысуына және өзге адамдармен қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталады.
Тренинг қағидалары
- Белсенділік
- Ашық кері байланыс
- «Нақ осы жерде және тап қазір» қағидасы
- Сенім білдіру
- Белгіленген тәртіпті сақтау
Ұйымдастыру кезеңдері
- 1 Жалпыға ортақ жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру.
- 2 Рефлексия тудыратын пікірталас, ойын немесе сұхбат жүргізу.
- 3 Нақты міндетті шешу, дамыту немесе түзету мақсатына жету.
- 4 Психологиялық жеңілдеу, релаксация және қорытындылау.
Тренинг тобының ережелері
Келісім
Барлығы ортақ келісімге келеді және шарттарды сақтауға міндеттеледі.
Қол көтеру заңы
Кезекпен сөйлейміз, бір-біріміздің сөзін бөлмейміз.
Баға бермеу заңы
Әртүрлі пікір қалыпты құбылыс; сынға алмау маңызды.
Құпиялылық заңы
Тренингте болған әңгіме мен оқиға топ ішінде қалады.
«Тоқта» заңы
Талдауда жағымсыз күй туындаса, қатысушы «тоқта» деп үдерісті тоқтата алады.
Белсенділік заңы
Белсенді қатысқан адам көбірек нәтиже алады.
Стресс: анықтама, себеп, белгі
Стресс — адамның мазасыздығынан туындап, көбіне бейімделмеген немесе шамадан тыс жүктемелерге байланысты психика мен организмнің өзгерістерге ұшырауына әкелетін үдеріс. «Stress» сөзі ағылшын тілінен аударғанда қысым, кернеу деген мағыналарды береді. Бұл ұғымды ғылыми айналымға алғаш енгізгендердің бірі — канадалық физиолог Ганс Селье.
Пайда болу себептері
- Уақыт тапшылығы мен жұмыс көлемінің артуы
- Ақпараттың шамадан тыс көп болуы
- Ұжымдық қысым
- Өмірге не қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайлар
- Шектеулер (еркіндіктің азаюы, мүмкіндіктің тарылуы)
- Өмірлік мақсаттың айқын болмауы
- Жағдаятты реттей алмау сезімі
Белгілері
- Үнемі шаршаңқылық
- Эмоциялық әлсіреу, күйдің төмендеуі
- Қабылдау мен белсенділіктің өзгеруі
- Себепсіз бас ауруы, қан қысымының көтерілуі
- Асқазан-ішек жолдарының қозуы
- Ұйқы бұзылыстары (ұйқысыздық немесе шамадан тыс ұйқышылдық)
- Дене салмағының күрт өзгеруі
- Дем алудың қиындауы (физикалық/эмоциялық күйге байланысты)
Қарсы тұру факторлары
- Денсаулықты күту
- Өзін-өзі бағалаудың тұрақтылығы
- Өзіне және қабілетіне сенімділік
- Өзін-өзі басқару дағдылары
- Ашық қарым-қатынас
- Оптимизм
Жаттығулар топтамасы
Төмендегі жаттығулар қатысушыларға қауіпсіз ортада эмоцияны тануға, жағымсыз тәжірибені қайта қарауға және ішкі кернеуді төмендетуге көмектеседі.
1-жаттығу: «Бейдж арқылы танысу»
Уақыты: 10 минут · Кезеңі: ұйымдастыру
Мақсаты
Қатысушылардың еркіндігін арттыру және көңіл-күйін шоғырландыру.
Ресурстар
Бейдж, түрлі-түсті маркерлер, түрлі-түсті қағаз.
Жүргізілуі
Қатысушылар таңдаған лақап атын немесе ұнайтын есімін қағазға жазып, бейджге салады. Кейін неге дәл осы есімді таңдағанын қысқаша түсіндіреді.
Таныстырылым: «Стресс және одан арылу жолдары»
Уақыты: 5 минут · Кезеңі: негізгі
Ресурстар
Слайд/презентация.
Мазмұны
Стресс ұғымы, себептері, белгілері және алдын алу қағидалары қысқаша түсіндіріледі.
2-жаттығу: «Менің сезімім»
Уақыты: 20 минут · Кезеңі: негізгі
Мақсаты
Іште жиналған жағымсыз эмоцияларды шығарып, жағымды эмоция қалыптастыру.
Ресурстар
Ақ парақ, акварель бояуы.
Жүргізілуі
Қатысушылар парақты 4 бөлікке бөледі:
- Ақ түс: ойға бірінші келген жағымды сурет және ең жақын адамға тілек.
- Жасыл түс: арман-тілек және жоспар.
- Қызыл түс: ашу/ыза туралы ойды жазу.
- Қара түс: өмірдегі ең жағымсыз оқиғаны жазу.
3-жаттығу: «Рефрейминг»
Уақыты: 15 минут · Кезеңі: негізгі
Мақсаты
Жұмыс барысында стресс тудыратын жағымсыз мінез-құлықтарды қайта қарау және оларды жағымды қырынан көру.
Ресурстар
Ақ парақ, түрлі-түсті маркерлер.
Жүргізілуі
Қатысушылар жұпқа бөлінеді. 3 минут ішінде бір-бірінің жұмыс барысында күйзеліс тудыратын ұнамайтын қасиетін анықтайды. Содан кейін сол қасиетті «жағымды қасиетке айналдыру» логикасымен қысқа постер құрастырады.
4-жаттығу: «Ақиқат орындығы»
Уақыты: 10 минут · Кезеңі: негізгі
Мақсаты
Қорқыныш пен ішкі кернеуді азайту, ашық болуға шақыру.
Ресурстар
Орындық, таратпалар.
Жүргізілуі
Қатысушылар кезекпен ортаға шығып, таратпадағы аяқталмаған сөйлемдерді жалғастырады:
- Ең үлкен қорқыныш — …
- Мен мынадай адамдарға сенбеймін — …
- Мен ренжимін, егер — …
- Мен ұмытпаймын, егер — …
- Маған көңілсіз, егер — …
- Егер маған дауыс көтерсе, мен — …
- Егер мен сенімсіз болсам — …
Жауаптан кейін қатысушыдан «Қандай сезімде болдыңыз?» деп сұралады. Бұл сәтте қолдау мен қауіпсіз атмосфера маңызды.
5-жаттығу: «Хат жазу»
Уақыты: 10 минут · Кезеңі: негізгі
Мақсаты
Ішкі мәселелерді зерттеу және эмоциялық қысымды төмендету.
Ресурстар
Ақ парақ, қалам.
Жүргізілуі
Қатысушылар шеңбер болып отырады. Жүргізуші нұсқау береді: сезімді толық жеткізе алмаған адамды еске түсіріңіз. Көзіңізді жұмып сезімді (қуаныш, реніш, уайым, ыза) елестетіңіз. Содан кейін сол адамға «Қымбатты …» деп бастап хат жазыңыз: айта алмаған сөзді, ойды, сезімді қағазға түсіріңіз. Өзіңізге шектеу қоймаңыз — бұл жеңілдеуге көмектеседі.
Талқылау
Жазу аяқталған соң қатысушылардың эмоциялық күйі қысқаша талқыланады (ерікті түрде).
Релаксация
Уақыты: 7 минут · Бейнебаян: 6 минут
Қысқа релаксациялық бейнематериал арқылы тыныс алу мен босаңсуға назар аударылады.
6-жаттығу: «Чемодан, ет тартқыш, себет»
Кезеңі: қорытынды · Ресурстар: бейне/слайд, үш түсті стикер
Мақсаты
Тренингтен алынған пайдалы ақпаратты «чемоданға» жинақтау, қажетсізін «ет тартқыш» арқылы өткізіп, «себетке» қалдыру арқылы қорытынды рефлексия жасау.
Жүргізілуі
Қатысушыларға үш түсті стикер беріледі. Әр түс белгілі бір мақсатқа сай: қажет ақпарат, ойланатын тұс, қажетсіз/қалатын тұс. Қатысушылар ойларын жазып, ортақ талқылауға салады.
Күтілетін нәтиже
- Нені білу керек: күйзеліске ұрынбаудың жолдарын.
- Нені игеру керек: күйзелістен шығу тәсілдерін.
- Нені біледі: күйзелістің туындау себептерін.
Әдебиеттер
- 1. Зайцева Т. Теория психологического тренинга. Речь, Смысл, 2002.
- 2. Марищук В.Л., Евдокимов В.И. Поведение и саморегуляция человека в условиях стресса. СПб., 2001.
- 3. Гринберг Д. Управление стрессом. СПб., 2002.
- 4. Лютова Е.К., Монина Г.Б. Тренинг эффективного взаимодействия с детьми. СПб., 2000.
Автор туралы
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат ЖОББМ психологі — Сәрсенхалықов Тынышқали Нұрғалиұлы.