Оқшау сөздер. Қыстырма сөздер

Оқшау сөздер

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: сөйлем ішінен оқшау сөздердің түрлерін тауып, ажырата білуге үйрету.
  • Дамытушылық: теориялық білімді практика жүзінде қолдануға, ойды жүйелі жеткізуге дағдыландыру.
  • Тәрбиелік: жаттығулар арқылы адамгершілікке, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу.

Сабақтың ұйымдастырылуы

  • Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.
  • Әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап, жаттығу.
  • Көрнекілігі: кесте, үлестірме қағаздар, компьютер.

Негізгі түйін

Оқшау сөздер — сөйлемдегі өзге сөздермен грамматикалық байланысқа түспейтін, сондықтан сөйлем мүшесі бола алмайтын сөздер мен сөз тіркестері.

Сабақтың барысы

I. Кіріспе бөлім

  1. Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  2. Сабақтың мақсатын хабарлау, күн ретін айту, тақырыпты жаздыру.
  3. Тәртіп сақтауды, белсенді қатысуды және бір-бірінің жауабын мұқият тыңдауды ескерту.

Үй тапсырмасын тексеру (пысықтау сұрақтары)

  1. Айқындауыш мүше дегеніміз не?
  2. Айқындауыш мүшенің неше түрі бар?
  3. Айқындауыш мүшені анықтауыштан қалай айыруға болады?
  4. Оңашаланған айқындауыш дегеніміз не? (Мысал келтір.)
  5. Қосарлы айқындауыш дегеніміз не? (Мысал келтір.)
  6. Сөйлем ішінде айқындауыш қандай тыныс белгімен ажыратылады?
  7. Бірыңғай мүше дегеніміз не?
  8. Жалпылауыш сөздер дегеніміз не?
  9. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшенің алдынан келсе, қандай тыныс белгісі қойылады?
  10. Жалпылауыш мүше бірыңғай мүшеден кейін келсе, жалпылауыштан соң қандай тыныс белгісі қойылады?

II. Негізгі бөлім

Білімдерін тексеру: оқшау сөз түрлерін ажырату

Төмендегі мысалдар арқылы қаратпа, қыстырма, одағай сөздерді анықтаңыз.

Қаратпа Қыстырма Одағай
Жігіттер, ертең сынақ болады. Меніңше, сенің айтқаның дұрыс. Тәйт, қалжыңыңды қой.
Ұялма, балам, жоғары шық. Әрине, оның айтқаны дұрыс. Ой, байғұс бала-ай!
Қазақтың даласы, шіркін, кең-байтақ қой! Қап, оны кеше сұрау керек еді.
Пай-пай!

Жаңа тақырып: оқшау сөздер туралы түсінік

Сөйлем құрамында өзге сөздермен байланысқа түспейтін, сондықтан сөйлем мүшесі қызметін атқара алмайтын сөздер мен сөз тіркестері кездеседі. Олар оқшау сөздер деп аталады.

Мысал:

Өлеңім, шарла, ауылды. Тыңда, дала, Жамбылды! (Ж. Жабаев)

Мұндағы өлеңім, дала — сөйлем мүшесі емес, тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылған сөздер.

Оқшау сөздер қызметіне қарай үш түрге бөлінеді: қаратпа сөздер, қыстырма сөздер, одағай сөздер.

Оқшау сөздердің түрлері

Қаратпа сөздер

Қаратпа сөздер сөйлеуші тыңдаушының назарын өзіне аудару үшін қолданылады.

Мысал: Менің ойлаған ойымның үстінен түстің, Ботагөз.

Кейде қаратпа сөз ретінде жансыз зат атаулары да жұмсалады (көбіне көркем әдебиетте).

  • Орын тәртібі: сөйлемнің басында, ортасында, соңында келе береді.
  • Тыныс белгісі: басқа мүшелерден үтір арқылы ажыратылады.

Қыстырма сөздер

Қыстырма сөздер сөйлеушінің көзқарасын (күмән, сенім, өкініш, реніш) немесе ойдың кімге тиесілі екенін білдіру үшін қолданылады.

Мысал: Бәсе, солай болады деп айтып едім ғой.

Мысал: Ол, меніңше, тапсырманы орындамай келмейді.

Бірінші сөйлемдегі бәсе ризалықты, екінші сөйлемдегі меніңше болжал мағынаны білдіреді.

Қыстырма сөздерге мысалдар:

әрине, сөз жоқ, шынында, мүмкін, сірә, сонымен, сөйтіп, біріншіден және т.б.

  • Орын тәртібі: сөйлемнің басында, ортасында, соңында келе береді.
  • Тыныс белгісі: үтірмен ажыратылады.

Одағай сөздер

Одағайлар да сөйлем мүшесі бола алмайды. Олар сөйлеушінің сезімін, көңіл күйін (қуаныш, реніш, таңдану, ризалық) білдіру үшін қажет.

Мысал: Па, шіркін! Дауысы дауыстай-ақ екен.

Мысал: Жұмысты істеген соң осылай істеу керек, бәрекелді!

  • Қолданылуы: көбіне ауызекі тілде және көркем әдебиетте.
  • Орын тәртібі: жиі сөйлем басында, кейде соңында келеді.
  • Тыныс белгісі: одағайдан кейін леп белгісі, кейде үтір қойылады.

III. Тақтамен жұмыс

Екі оқушы тақтаға шығып, мұғалім дайындаған сөздерді пайдаланып, оқшау сөздердің түрлерін қатыстыра отырып сөйлемдер құрайды.

1-оқушыға тірек сөздер

Бала Қарағым Ата Шіркін Бәрекелді Балалар Отағасы Апа

2-оқушыға тірек сөздер

Пай-пай Әттең Тәйт Сірә Сонымен Әрине Қысқасы Меніңше Айтуынша

IV. Дәптермен жұмыс

68-жаттығу

Мәтіндегі қаратпа сөздерді тауып, олардың қолданылу орнын және қызметін анықтаңыз.

Өздік жұмыс

Төмендегі қыстырма сөздерді қатыстырып сөйлем құраңыз:

меніңше біріншіден сеніңше қорыта айтқанда қысқасы сіздерше оның пікірінше бағымызға қарай амал қанша абырой бергенде рас бәсе мүмкін тегі кім біледі байқаймын бәлкім олай болса сөйтіп сонымен айтпақшы бір жағынан әуелі ақырында

V. Деңгейлік тапсырмалар

1) Қыстырма сөз қатысқан жай сөйлемді табыңыз

  • а) Ойбай, Жақа — ол Жоламанның дүмпуі ғой.
  • ә) Шынында да, хәліміз онша мәз емес.
  • б) Жігіттер, ойын — арзан, күлкі — қымбат.
  • в) Толғауы тоқсан қызыл тіл, сайраймын десең, өзің біл.

2) Оқшау сөздер келгенде қандай тыныс белгісі қойылады?

  • а) нүкте
  • ә) нүктелі үтір
  • б) қос нүкте
  • в) үтір

3) Оқшау сөзді көрсетіңіз

  • а) үстеу
  • ә) шылау
  • б) шырай
  • в) қыстырма
  • г) жалғаулық

4) Берілген оқшау сөздерді қатыстырып сөйлем құраңыз

Қорыта келгенде, беу шіркін, бәсе, айтпақшы, жігіттер, балам, қап.

5) Қыстырма сөзді табыңыз

  • а) Өзің бір қызық жан екенсің.
  • ә) Жолдас командир, жолдас комиссар.
  • б) Алдымнан жақсы кездестің-ау, шырағым.
  • в) Ата, немереңіз келді.
  • г) Қорыта келгенде, баяндама толық жасалған.

6) Тыныс белгісі дұрыс қойылған қаратпа сөзді табыңыз

  • а) Сірә, бүгін күн суытар?
  • ә) Ауа райы қандай тамаша?
  • б) Тыңда, дала, Жамбылды.
  • в) Күмбірлеген домбыра дауысы естілді.
  • г) Жолдастар тынышталыңыздар.

7–9) Қорытынды сұрақтар

  1. Оқшау сөз дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
  2. Оқшау сөз нешеге бөлінеді? Қаратпа сөз дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
  3. Қыстырма сөз бен одағай сөз дегеніміз не? Мысалдар келтіріңіз.

VI. Сабақты бекіту

Ереже

  • Сөйлем құрамында өзге сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді.
  • Сөйлем мүшесі бола алмайды.

Пысықтау сұрақтары

  1. Оқшау сөздер дегеніміз не?
  2. Сөйлемде оқшау сөздің атқаратын қызметі қандай?
  3. Оқшау сөздің қандай түрлері бар? (Әрқайсысына жеке тоқталыңыз.)

VII. Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  • Оқшау сөздің үш түріне көркем әдебиеттен 5 сөйлемнен теріп жазып келу.
  • Ережені жаттау.
  • Пысықтау сұрақтарына жауап беру.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және жауаптардың дәлдігі негізінде бағаланады.

Автор туралы мәлімет

Жезқазған қаласы, дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы.