Жылдамдық бірліктері

Кіріктірілген сабақ: физика және информатика (7-сынып)

Бұл сабақта оқушылар физикадағы жылдамдық ұғымын, оның бірліктерін және информатикада Pascal тілінде мәліметтерді енгізу/шығаруды ұйымдастыруды бір сабақ аясында меңгереді. Оқыту тәжірибелік есептер мен FreePascal ортасында бағдарламалау арқылы бекітіледі.

Сабақ түрі

Кіріктірілген сабақ

Сабақ типі

Жаңа білімді игерту

Сабақ формасы

Топтық және жеке жұмыс

Сабақтың жалпы мақсаты

Танымдық

  • Жылдамдық, жылдамдық бірліктері және Pascal тілінде мәліметтерді енгізу/шығару туралы білім қалыптастыру.
  • Есеп шығаруға және білімді өмірде қолдануға үйрету.
  • Енгізу және шығару операторларын пайдаланып бағдарламалар құрастыруға дағдыландыру.
  • Бірін-бірі бағалауға баулу, танымдық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау.

Эмоциялық

  • Психологиялық жағымды орта қалыптастыру.
  • Танымдық қызығушылықты арттыру арқылы шығармашылық қабілеттерді дамыту.

Әлеуметтік

  • Оқушылардың бір-бірімен тиімді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беру.

Көрнекіліктер мен ресурстар

Проектор Слайдтар Бейнесабақ Стикерлер Плакат/постер Түрлі түсті маркерлер Зертханалық машиналар Тікұшақ Қайық FreePascal ортасы

Оқу нәтижелері

  • Жылдамдық және оның бірліктері туралы мағлұмат алады.
  • Жылдамдық бірліктерін күнделікті өмірде және есеп шығаруда қолдануды үйренеді.
  • Енгізу және шығару туралы түсінік қалыптастырады.
  • Енгізу/шығару операторларын қолданып бағдарламалар құрастырады.
  • Бірін-бірі бағалауды меңгереді және топта жұмыс істеу дағдылары дамиды.
  • Пәнге қызығушылығы артып, білім-білік-дағдысы және шығармашылық қабілеті нығаяды.

Негізгі идеялар

Сабақта физикалық шамалар (жылдамдық, жол, уақыт) мен Pascal тіліндегі бағдарламаның құрылымы өзара байланыста қарастырылады. Оқушылар зертханалық тапсырмалар арқылы өлшеу/есептеу жүргізіп, FreePascal ортасында нәтижені тексеруді үйренеді. Топ ішінде пікір тыңдау, дәлелдеу және ортақ шешімге келу дағдылары күшейтіледі. Сабақ құрылымына модульдік идеяларды енгізу арқылы оқушылардың өздігінен және шығармашылықпен жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейеді.

Тапсырма көздері

  1. Сыни тұрғыдан ойлай отырып бағдарламаның жұмысын талдау.
  2. Қосымша дерек бойынша ізденіс жұмыстары (постер қорғау).
  3. Ашық сұрақтар арқылы ой қорыту.
  4. АКТ мүмкіндіктерін кеңейту (бейнесабақ, интерактивті тақта, FreePascal).
  5. Кеңейтілген деңгейлік тапсырмалар орындау.

Сабақ жоспары

1) Оқушыларды ұйымдастыру (ұжымдық жұмыс, мотивация, топқа бөлу, назар аударту)
2) Үй тапсырмасын тексеру
3) Жаңа тақырыпқа кіріспе
4) Жаңа тақырыпты түсіндіру
5) Сабақты бекіту
6) Сергіту сәті
7) Зертханалық жұмыс
8) Қорытынды
9) Рефлексия
10) Үй тапсырмасы

Сабақ барысы

Мотивациялық кезең

Оқушылар сыныптағы бір затқа өзін теңеп, оның жағымды қасиеті арқылы сабаққа қатысуға ынталандырылады. Мысалы: «Мен өзімді партаға теңеймін, өйткені бұл партада талай ғалымдар отырып білім алған. Мен де солар сияқты биік деңгейге жеткім келеді».

Топқа бөлу

Компьютер құрылғылары тақырыбы арқылы үш топ құрылады:

  • «Енгізу»
  • «Шығару»
  • «Бейтарап»

Үй тапсырмасын тексеру

1) Тест (интерактивті тақта арқылы)

Оқушыларға жауап парақтары таратылады. Тест аяқталған соң жұмыстар сағат тілімен ауыстырылып, өзара бағалау жүргізіледі. Топ басшысы бағалау парағына ұпайларды енгізеді.

1. Айнымалы атауында қолдануға болмайтын символды көрсетіңдер:

A) сызу символы   B) латынның бас әріптері   C) + белгісі   D) екі таңбалы сандар

2. Программада қолданушыдан оның есімін сұрау керек. Ол айнымалы үшін мәліметтердің қандай типін анықтау керек?

A) Real   B) Shortint   C) Integer   D) String

3. Екі бүтін санды бөлетін программа үшін айнымалылар типін сипаттайтын жазбаны таңдаңдар:

A) var a, b, c: integer;   B) var a, b, c: real;   C) var a, b: integer; c: real;   D) var a, b: integer; c: boolean;

4. Айнымалылар мен олардың типтерін сипаттауға арналған бөлімді таңдаңдар:

A) Procedure   B) Type   C) Var   D) Label

5. Төмендегі жағдайлардың қайсысында денені материялық нүкте деп есептеуге болады?

A) ұшақ Астанадан Мәскеуге сапар шекті   B) мәнерлеп коньки тебуші еркін жаттығу орындауда   C) оқушының таңертеңгілік дене шынықтыру жаттығуын жасауы

6. Айдың Жермен салыстырғандағы траекториясы:

A) парабола   B) дөңгелек   C) серіппе іспеттес

7. Жаяу адамның қозғалыс траекториясы:

A) тұманды із   B) тас жол   C) соқпақ жол

8. Дененің (немесе материялық нүктенің) санақ денесімен салыстырғандағы қозғалысы кезінде сызық түрінде қалдырған ізі:

A) жол   B) қозғалыс траекториясы   C) материялық нүкте

2) Сәйкестігін тап (информатика жұмыс дәптері)

Оқушылар дәптердегі тапсырма бойынша ұғымдарды сәйкестендіреді және нәтижені топ ішінде талқылайды.

3) Техникалық диктант (физика)

  1. Қозғалысты қарастырғанда өлшемдерін елемеуге болатын дене материялық нүкте деп аталады.
  2. Белгілі бір уақыт аралығында дене жүріп өткен траекторияның ұзындығы сол уақыт ішінде жүрілген жол деп аталады.
  3. Орын ауыстыру — дененің бастапқы орнын оның кейінгі орнымен қосатын бағытталған кесінді (вектор).
  4. Дене тең уақыт аралығында бірдей жол жүрсе, ол бірқалыпты қозғалыс деп аталады.
  5. Дене тең уақыт аралығында әртүрлі жол жүрсе, ол бірқалыпты емес қозғалыс деп аталады.

Топ жетекшісі бағалау парағы арқылы қатысушылардың жұмысын бағалайды.

Жаңа тақырыпқа кіріспе

5-сыныпта енгізу және шығару құрылғыларымен танысқан болатынбыз. Енді сол білімді кеңейтеміз: енгізу құрылғыларына не жатады, шығару құрылғыларына не жатады, әрі есептің берілгенін және шешу нәтижесін қай құрылғы арқылы көрсетуге болатынын (мысалы, монитор) талқылаймыз.

Бүгінгі мақсат

Мәліметтерді енгізу және шығару операторларымен танысып, оларды жылдамдыққа қатысты есептерде қолдану.

Жаңа сабақ

Бейнесабақ көмегімен жаңа тақырыптың негізгі мазмұны түсіндіріледі. Оқушылар жылдамдықтың формулаларын және бағдарламалауда енгізу/шығару операторларының қолданылуын салыстырып, байланысын табады.

Сабақты бекіту: есептер және FreePascal арқылы тексеру

Топтарға есептер беріледі. Шешімнің дұрыстығы FreePascal ортасында бағдарлама құру арқылы тексеріледі.

Есеп №1

ADSL байланысы арқылы 5120 бит ақпарат беріліп жатыр. Егер ақпарат 40 секунд ішінде толық берілсе, ақпараттың берілу жылдамдығы неге тең?

Есеп №2

Велосипедші 150 м қашықтықты 2,5 м/с жылдамдықпен жүрді. Осы қашықтықты жүріп өтетін уақытты есептеңдер.

Есеп №3

Мотоциклші 30 км/сағ жылдамдықпен 5 сағат жүрсе, қанша жол жүреді?

Сергіту сәті: жұмбақтар

Жердің жүзін шарлайсың,
Онсыз еш жерге бармайсың.
Көлікпен де, жаяу да,
Саралайсың, таңдайсың.

Жауабы: Жол

Жердің жүзін шарлайсың,
Онсыз еш жерге бармайсың.
Көлікпен де, жаяу да,
Саралайсың, таңдайсың.

Жауабы: Уақыт

Қозғалысты сипаттар шапшаңдықты,
Тағы да бір белгісіз шама сияқты.
Ол болмаса денелер қозғалмайды,
Шешеді бұл жұмбақты қандай мықты?

Жауабы: Жылдамдық

Ұзынтұра Жалқаубек,
Тұрмай ылғи жатады.
Қозғала қалса артынан,
Ешбір белгі қалмайды.

Жауабы: Бос орын (space) белгісі

Зертханалық жұмыс

Топ жетекшілері тапсырма нысанын таңдайды: ұшақ, зертханалық машина, қайық. Әр нысан бірқалыпты қозғалады деп алынып, екі түрлі жағдайда тәжірибе жүргізіледі.

  • Жылдамдықты есептеу тәсілін анықтау (жол және уақыт бойынша).
  • FreePascal ортасында жылдамдықты есептейтін бағдарлама құрастыру.
  • Нәтижені постер арқылы қорғау.

Бағалау

Топтар бірін-бірі бағалайды. Қорытынды баға бағалау парақтары бойынша шығарылады.

Теорияның қамтылуы

1 балл

Тәжірибенің орындалуы

2 балл

Топтық ынтымақтастық

3 балл

Рефлексия

«Кері әсер парағы» бойынша оқушылар өз ойын жазады:

  1. Кіріктірілген сабақ барысында ұнағаны...
  2. Кіріктірілген сабақ барысында ұнамағаны...
  3. Сабақ барысына ұсынысым және тілегім...

Үй тапсырмасы

Мұғалімнің нұсқауына сәйкес: жылдамдық тақырыбына есептер шығару және енгізу/шығару операторларын қолданатын шағын бағдарлама жазу.