Қандай құс

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл материал Орал қаласы, Қаратөбе ауданы, Төлен негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Марден Үміт Айшуаққызы ұсынған сабақ жоспары негізінде өңделіп берілді.

Тақырыбы

Қыстап қалатын құстар

Сабақ типі

Жаңа білімді меңгерту

Сабақ түрі

Ұжымдық түрде бірлесіп білім алу

Пәнаралық байланыс

Еңбекке баулу, ана тілі

Көрнекіліктер

Суреттер, үлестірмелі материалдар, слайдтар топтамасы, интерактивті тақта.

Сабақ әдістері

  • Көрнекілік
  • Сұрақ-жауап
  • Іздендіру
  • Дәлелдеу
  • Әңгімелеу

Мақсаты

  • Балалардың қыстап қалатын құстарды атай білуін қалыптастыру және құстар туралы түсінігін кеңейту.
  • Құстарға қамқорлық жасауға бағытталған көзқарасын дамыту.
  • Құстарды қорғауға, жанашырлыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Шаттық шеңбері

(Қоршаған ортамен сәлемдесу.)

Сәлеметсің бе, ашық аспан!

Сәлеметсің бе, күннің көзі!

Сәлеметсіздер ме, өсімдіктер мен жануарлар!

Сәлеметсіздер ме, қадірлі қонақтар!

II. Қызығушылықты ояту: тест (өзін-өзі тексеру)

  1. 1) Жыл құстарын ата.

    • а) көкек, аққу, қарлығаш, қараторғай, ләйлек
    • ә) кептер, үкі, сауысқан, тоқылдақ
    • б) тоты, бұлбұл, тырна, торғай
  2. 2) Қанаттары үшкір әрі ұзын, құйрығы екі айыр құс. Қандай құс?

    • А) қарлығаш
    • Б) қараторғай
    • В) сауысқан
  3. 3) Өз атын бірнеше мәрте қайталайтын, еш жерде ұя салмайтын, тұрақты тұрағы жоқ құс.

    • А) көкек
    • Б) аққу
    • В) тоқылдақ
  4. 4) Құстар немен қоректенеді?

    • а) ет, сүт
    • ә) торғай, жәндіктер
    • в) егіннің масақтары, жәндіктер
  5. 5) Құстар табиғатқа қандай пайда келтіреді?

    • А) зиянды жәндіктерді жояды
    • Ә) табиғатты әсемдендіреді
    • Б) ауаны тазартады

III. Жаңа сабақ: сөзжұмбақ және жұмбақтар

Сөзжұмбақта кездесетін құстар

Аққу Ұзақ Сауысқан Қараторғай Жапалақ Қарға

Тапсырма

Суретте берілген жыл құстарын айналдыра қорша.

  1. 1)

    Көлдің көркі, сәні екен,
    Ұшқанда сазды әні екен.
    Ақындар оны мақтаған,
    Адамдар қорғап сақтаған.
    Бұл қандай құс? (Аққу)

  2. 2)

    Ұшқаны қызық жалпылдап,
    Өзі сондай қарқылдақ. (Ұзақ)

  3. 3)

    Шықылықтап бір тұрмайды,
    Өреден құрт ұрлайды. (Сауысқан)

  4. 4)

    Көктемде құстар қайтқанда,
    Ең алдымен келетін.
    Өзіміз күтіп алатын,
    Ұя жасап беретін,
    Бұл қандай құс? (Қараторғай)

  5. 5)

    Күндіз тіпті ұшпайды,
    Түнде тышқан ұстайды.
    Көзі шамға ұқсайды. (Жапалақ)

  6. 6)

    Өзі сондай қап-қара,
    Қарқылдап ұшады. (Қарға)

IV. Мәтінмен жұмыс

Мәтін абзацтарға бөлініп оқытылады. Мұғалім қосымша түсіндіреді, слайд арқылы көрсетілім жасалады.

Сауысқан

Сауысқан — ала қанатты, ұзын құйрықты құс. Қазақстандағы құйрығы ең ұзын құстардың бірі: құйрығы шамамен 35 см-ге дейін жетеді. Өте сақ, жылтыр әрі әшекейлі заттарға әуес келеді. Ұғымталдығы жоғары: кейде қараторғай мен тоты секілді, адамның айтқан сөзін жаттап алуы да мүмкін. Қорегі талғамсыз — кез келген тағамды қорек етеді. Қауырсыны біркелкі қара емес, жасыл реңк береді, бүйіріндегі қауырсындары ақшыл келеді.

Суықторғай

Суықторғай ағаш қуыстарын, індерді, үй-жайларды мекендейді. Бұта дәнімен және жемісімен қоректенеді. Кейде тоқылдақтың қорегінен қар бетіне түскен қалдықтарды теріп жейді.

Қарға

Қарғаның басы, қанаты, құйрығы қара, ал арқасы мен бауыры сұрғылт болады. Тұмсығы үшкір, тырнақтары өткір. Түрлі тамақ қалдықтарын тырнақтарымен қар астынан шұқып тауып жейді. Бұл — өте ақылды құс: балапанын сөйлеуге үйретуге болады деген деректер бар. Қарғалар ұзақ өмір сүреді.

Тоқылдақ

Тоқылдақ — Қазақстанда жыл бойы кездесетін тұрғылықты құс. Түсі шұбар, қимылы шапшаң, еңбекқор. Ағаш қабығының арасындағы бунақденелілермен қоректенеді. Қар үстіне түскен қалдықтарын торғайлар теріп жейді — осылайша өзге құстарға да жемін табуға көмектеседі. Қатты суық күндері адам тұрағына жақын келеді.

Кептер (көгершін)

Кептердің басы кішкентай, тұмсығы түзу, сирағы қысқа. Қолға үйретілген түрін халық арасында «көгершін» деп атайды. Өсімдік тұқымымен, астық дәнімен қоректенеді.

Шымшық

Шымшық — сұр-қоңыр түсті, қауырсыны жұмсақ, шағын отырықшы құс. Ауыл маңында, аулада жүріп жемін табады.

Құр

Құр — орман құсы. Итмұрын мен бұталардың арасында тіршілік етеді. Қоразы ірілеу, түсі қара; қанатындағы қиғаш орналасқан ақ жолақ айқын байқалады. Құйрық қауырсындары сыртқа қарай қайырыла орналасады. Негізгі қорегі — өсімдіктер. Алысқа ұша алмайды. Аязды күндері қар астына кіріп түнейді, күн көзі шыққанда ғана қардан шығып жем іздейді.

Қызықты мәліметтер және тәрбиелік мәні

Табиғаттың сәні де, әні де — қалықтай ұшқан құстар. Олардың әсем үні жанды тербеп, көңілді баурайды. Құстар — біздің қанатты достарымыз әрі табиғат сақшылары. Олар егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген; батыр ұлдарын сұңқарға, сұлу қыздарын аққуға теңеген.

Қазақстандағы құстар әлемі

Қазақстанда құстардың 480 түрі бар. Сиреп кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынған.

Төле би туралы аңыз

Ерте кезде жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін-жерін тастап, үдере көшкен екен. Сол ауылда Төле би ғана көшпей, киіз үйін жықпай қалыпты. Қалмақтың әскер басы себебін сұрағанда, Төле би шаңырағын нұсқап: «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды, балапандары әлі жас, ұша алмайды», — депті. Жас әскер басы оның адамгершілігіне разы болып, содан бері Төле биді «Қарлығаш би» деп атапты, ал қарлығашты «Әулие құс» деген.

Құстарға қарап ауа райын болжау

  • Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.
  • Сары шымшық ысқырса — күздің келгені.
  • Қарға қарқылдаса — қар жауады.
  • Жыл құстары қаптап келсе — көктем ерте келеді.
  • Көкек қатты әрі жиі шақырса — күн жылынады.
  • Сауысқан шақылдаса — қонақ келеді.
  • Ерте көктемде қарға суға шомылса — күн жылынады.

Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз — табиғаттың көркі құстарды қорғау әрқайсымыздың парызымыз.

V. Топтық жұмыс

I топ: «Құстар қалай дыбыстайды?»

Қарға
қарқылдайды
Сауысқан
шақылдайды
Шымшық
шиқылдайды
Тоқылдақ
тоқылдайды
Құр
құрқылдайды

II топ: «Құстар туралы ереже құрастыр»

  • Құстарға зиян келтірме.
  • Ұясын бұзба, балапанына тиіспе.
  • Қыста жемсауыт жасап, жем бер.
  • Табиғатты таза ұста.

III топ: еңбек сабағы

Геометриялық фигуралардан балапан құрастыру.

IV топ: сурет бойынша әңгіме құрастыр

Берілген суретке қарап, қыс мезгіліндегі құстардың тіршілігі туралы қысқа әңгіме құрастыру.

VI. Дәптермен жұмыс

Сөздік жұмыс

Ұя
Құстың жұмыртқа басып, балапан шығаратын орны.
Мамық
Құстың үлпілдеген жұмсақ жүні.

Осы сөздерді дәптерге қатесіз, таза етіп көшіріп жазу.

Оқушы шығармашылығы

Оқушылар дайындаған бейнероликтер мен шағын жұмыстарды көрсету.

Сабақты қорытындылау

Құстар — досымыз
Байлық
Орман емшісі
Табиғат сақшысы
Сәні мен әні
Қамқоршымыз

Қамқоршымыз — құстарға,
Табиғатты сүйеміз.
Аялаймыз оларды,
Жақсы көріп бәріміз.

VII. Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, мәтінмен жұмыс, топтық тапсырмалардағы белсенділігі ескеріледі.

Үйге тапсырма

«Қыстап қалатын құстар» мәтінін оқу.