Күшейтпелі шырайдың жасалуы
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Т. Рысқұлов атындағы орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі: Темиркулова Мадина Сүлейменқызы
Сабақтың тақырыбы
Күшейтпелі шырай
Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың грамматикалық білімін тереңдету, жаңа білімді меңгерту, жаңа сөздерді орынды әрі дұрыс қолдануға үйрету.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілетін дамыту, ой қорыту дағдыларын жетілдіру, ізденімпаздық қасиетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
Сөйлеу мәдениетін арттыру, өзін-өзі бағалауға баулу, өзгенің пікірін тыңдап, құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сыныпты ақындар мен жазушылардың есімдері арқылы екі топқа бөлу.
- «Бір тілек» тренингі: оқушылар бір-біріне есімдерінің бас әрпінен басталатын сөздермен ізгі тілек айтады.
2) Үй тапсырмасын тексеру
51-жаттығу
Жолдасыңның салыстырмалы портретін жазу. Мәтінде салыстырмалы шырайды көбірек қолдану.
3) Қызығушылықты ояту («Миға шабуыл»)
Тақтада қызыл түсті екі алманың суреті көрсетіледі. Мұғалім сұрақ қояды: «Бірінші алманың түсі екіншісіне қарағанда қандай?»
Оқушылардың ықтимал жауаптары: қып-қызыл, тым қызыл, өте қызыл.
Қорытынды сұрақ: «Заттың түсін күшейткен қандай сөздерді қолдандық?» Осы арқылы сабақтың тақырыбы ашылады: Күшейтпелі шырай.
4) Мағынаны тану: анықтама
Күшейтпелі шырай — біркелкі сындардың бірінің екіншісінен өте артық немесе өте кем екенін білдіретін шырай түрі.
Ескерту
Көне түркі ескерткіштерінде күшейтпелі шырай ең үстеуі арқылы жасалғаны кездеседі.
5) Жасалу жолдары
1) Күшейткіш буындар арқылы
қып-қысқа, жап-жаңа, аппақ, көкпеңбек т.б.
2) Күшейткіш үстеулер арқылы
өте, тым, аса, ең, тіпті, нағыз, нақ, шымқай, орасан, ыңғай, кілең.
Жаңа сабақты бекіту
Кестені толтыру
| Сапалық сын есім | Салыстырмалы шырай | Күшейтпелі шырай |
|---|---|---|
| сары | сарырақ | сап-сары, тым сары |
Екі жақты жазба күнделігі
Берілген сөйлемдердегі көп нүктенің орнына күшейтпелі шырайдағы сөзді қойып, жасалу жолын түсіндіріңдер.
1) Сұр дала мен құла тартқан адырлардың үстіне ... күн шапақ атты.
2) Қалаға лезде келіп кірген торы жорға атты шана аңқып жатқан ... көшемен зулап келеді.
Тақтамен жұмыс: «Кім жылдам?»
1-топ — 54-жаттығу
Берілген сын есімдерден күшейтпелі шырай жасаңдар. Үлгі: біп-биік, тым биік, өте биік.
2-топ — 53-жаттығу
Берілген күшейтпелі шырайды қатыстырып сөз тіркесін құраңдар. Үлгі: өте ауыр жүк, ...
Сын есімді сатылай кешенді талдау (үлгі)
Талдауға алынған сөз
өнерлі (өнер + -лі)
Қысқаша нәтижелер
- Тұлғасына қарай: туынды (зат есім + сөз тудырушы жұрнақ -лі).
- Құрылысына қарай: дара (бір түбір негізді).
- Лексикалық мағынасы: адамның сапалық қасиетін білдіреді.
- Сұрағы: қандай? — сын есім.
- Мағынасына қарай: қатыстық сын есім.
«Ойтолғаныс» (жазылым)
Өздеріңмен бірге оқитын үлгілі оқушы туралы «Өте зейінді оқушы» тақырыбында шағын шығарма, ойтолғау немесе өлең жазыңдар.
Қорытындылау
«Тақия тастамақ» ойыны
Бір оқушы сапалық сын есімге мысал айтады, екінші оқушы оны салыстырмалы шырайға айналдырады, үшінші оқушы күшейтпелі шырай жасап, мүмкіндігінше жылдам айтады.