Әйелдердің бас киімдері

Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебі

Технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы

Қазақтың ұлттық киімдері

Киім — адам денесін ауа райының және қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайтын бұйым. Киім-кешек түрлерінің барлығы да адамдардың ақыл-ойы, эстетикалық талғамы мен еңбегінің жемісі.

Тарихи қалыптасуы

Адамзат палеолит дәуірінде-ақ тігіссіз байланатын лыпа киімдерді пайдаланып, сүйек ине мен сүйек біз арқылы тері және тоқыма киім-кешек жасауды меңгерген.

Неолит дәуірінен бастап өру, иіру, тоқу кәсібі дамып, иықтан және мықыннан киілетін киім түрлері пайда болды.

Қазақтардың қазіргі киімдерінің көпшілігі сақ дәуірінен бастау алады. ХХ ғасырдың 1920-жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген С. И. Руденко күпінің қазаққа және оның ата-бабасына кем дегенде екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеген.

Қазақ киімдерін жүйелі түрде ғылыми тұрғыда зерттеу Қазан төңкерісінен кейін кеңірек қолға алынды.

Киімнің негізгі түрлері

Қазақтың ұлттық киімдері негізінен мынадай топтарға бөлінеді: іштік киімдер, сыртқы (өң) киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімдері, әйелдердің бас киімдері, аяқ киімдер.

Іштік киімдер

  • Бешпент
  • Дамбал
  • Жейде (көйлек)
  • Қамзол
  • Күрте (желетке)
  • Шалбар

Сыртқы (өң) киімдер

  • Жадағай шапан
  • Жарғақ
  • Күпі
  • Сырмалы шапан
  • Тайжақы
  • Тон
  • Шапан
  • Шидем
  • Ішік
  • Қолғап

Сулық киімдер

  • Аба
  • Кебенек
  • Кенеп
  • Сырттық
  • Шекпен

Ерлердің бас киімдері

  • Башлық
  • Бөрік
  • Далбай
  • Жалбағай
  • Жекей тымақ
  • Күлпара
  • Қалпақ
  • Құлақшын
  • Малақай
  • Мұрақ
  • Тақия
  • Тымақ
  • Шалма

Әйелдердің бас киімдері

  • Бергек
  • Бөрік
  • Жаулық
  • Желек
  • Кимешек
  • Күндік
  • Орамал
  • Қарқара
  • Сәукеле
  • Тақия
  • Шәлі

Аяқ киімдер

  • Кебіс
  • Көк етік
  • Мәсі
  • Мықшима
  • Саптама етік
  • Шоңқайма

Киімдердің әлеуметтік дәрежесі және жіктелуі

Қолданысына қарай

  • Күнделікті киімдер
  • Сәндік киімдер
  • Жыл мезгіліне байланысты: қыстық, маусымаралық, жаздық, күздік киімдер

Жас және жыныс ерекшелігіне қарай

Сәби киімі

Иткөйлек, сылау тақия.

Бала киімі

Кепеш, малақай, құлақшын, жейде, дамбал, шалбар, етік, бешпент, шапан.

Бозбала киімі

Тақия, етік, жейде, шалбар.

Бойжеткен киімі

Желбіршекті көйлек, тақия, кәзекей.

Қалыңдық киімі

Сәукеле, желек.

Келіншек, бәйбіше киімі

Көйлек, кимешек, жаулық, қамзол, кебіс, мәсі, көкірекше.

Күйеу, жас жігіт, ақсақал киімдері

Шапан, ішік, бешпент, сырма шалбар, ақ жейде, дамбал, саптама етік, кебіс, мәсі.

Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдар

Бас киімдерге қатысты

Тымақ

Тымақ қасиетті бас киім саналған: оны айырбастамайды, аяққа баспайды. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырау дәстүрі бар. Біреуге бас ұрғанда аяғына тымағын тастау кездескен. Тымақ тастап кешірім сұрау — бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.

Бас киімге қауырсын тағу

Алтын Адамның бас киіміне төрт алтын қауырсын ілінгені белгілі. Тамғалы тастағы суреттерде де қауырсынды бас киім киіп, малдас құрып отырған адам бейнеленген. Мифтік наным бойынша, бұл адамның рухани болмысы мен аспан әлемінің байланысын білдіреді.

Жаулық

Жаулыққа қатысты арнайы заң жолы, салт болған. «Жеті жарғы» бойынша, кейбір қылмыстық істерде құн төлеуге келісім белгісі ретінде сары жаулық жіберілген. Күйеуі қайтыс болған әйел қаралы екенін білдіру үшін бір жыл бойы сары жаулық таққан.

Бас киімге қатысты тыйымдар

  • Бас киімді іліп қояды, кез келген жерге тастамайды, үстіне отырмайды (бастан бақ таяды деп сенген).
  • Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды (еркектіктен айырылады деген тыйым).
  • Қыз бала ақ не қара орамал тартпайды: ақ — жаулықтың, қара — қайғының белгісі.
  • Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас-су әзірлемейді.
  • Бас киімнің төбесін басып кимейді; айырбастамайды; сыйламайды; сатпайды.
  • Сыйлыққа киілмеген, жаңа бас киім алып беруге болады.

Сырт киімдерге қатысты

Ішік

Қазақ салты бойынша қасқыр ішікке ерекше мән берілген: оны 25 жасқа толмаған жастарға кимеген жөн деген түсінік болған. Себебі ол жас адамның «жалынын», тері қызуын тұмшалап, ауруға ұшыратуы мүмкін деп сенген. Дала заңында «бір қасқыр ішік екі адамды суықтан қорғай алады» деген түсінікке байланысты оқиғалар да айтылады. Ішік сый-сияпат, киіт орнына жүрген.

Шапан

Шапан жағалы киім ретінде қадірленген. Адамға шапан кигізу немесе иығына шапан жабу — үлкен құрмет. Бұрын хандар батыр, би, игі жақсыларға дәреже бергенде арнайы тіктірген шапанды иығына жапқан; мемлекетаралық қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберген. «Ат мінгізіп, шапан жабу» дәстүрі бүгін де сақталған.

Жейде

Ұзақ жасаған, елге қадірлі, бақыты баянды қариялардың «жолы жұғысты болсын» деп жейде-көйлегін сұрап алып, ырымдап киген. Киім қатты тозса, оны бөліп, беторамал көлеміндей етіп «тәбәрік» ретінде таратқан жағдайлар да болған. Кей деректе көп бала тапқан әйелдердің бұт киімін бала көтермеген әйелдердің сұрап алуы да айтылады. Әйел босанарда толғағы жеңіл болсын деп көйлегінің шетін жырту — «жол ашу» ырымымен байланыстырылған.

Шалбар

Қазақтар шалбар мен етікті отырып киюге тиіс болған; тұрып кию көбіне соғыс жағдайында ғана орын алған. Ерте наным-сенім бойынша, ұл тапқысы келген әйел еркектің қару-жарағын немесе шалбарын жастанып жатса, қыз тапқысы келген әйел қызыл ала шытты, жүзік, сырға, алқа сияқты әшекейлерді жастанған.

Сырт киімдерге қатысты ырымдар мен тыйымдар

  • Баланы бесікке салғанда, бесіктің үстіне жеті түрлі сырт киім жабу ырымы бар (шапан, тон және т.б.).
  • Киімнің жағасын баспайды (жамандық шақырады деп саналған).
  • Киімді «бисмилла» деп оң қолдан, оң аяқтан бастап киеді; шешкенде сол аяқтан, сол қолдан бастап шешеді.
  • Киімді желбегей жамылуға болмайды: аруақтар (мүрделер) жеңсіз кебін киеді деген түсінікпен байланысты.
  • Тозбаған киімді тастау — жаман ырым.

Неке киімдеріне қатысты

Сәукеле

Сәукеле қыз ұзатыларда әкесінің үйінде, оң жақта отырған кезде үкілі тақиясының орнына кигізілген. Келін болып түскеннен кейін сәукелені шешіп, жас келін бір жыл бойы желек жамылып жүрген.

Орамал (шарғы салу)

Ұзатылған қыз өзіне жақын сіңлісіне басына тартатын орамалын берген. Бұл «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген тілекпен байланыстырылып, шарғы салу деп аталған.

Той киіміне қатысты ырымдар мен тыйымдар

  • Жаңа түскен келіннің бетін тобылғы сапты қамшының басына қызыл торғын орамал байлап ашу дәстүрі бар. Бұл — «келіннің беті айдай жарық болсын, ұрпағы жемісті ағаштай көп болсын» деген ырым.
  • Күйеу жігіт қалыңдығын алып бара жатқанда оның етегін басып, шапанын алып қалады. Бұл — «күйеу бала киімін жаңаласын, өмірі ажарлансын» деген ғұрып.
  • Жаңа түскен келін киімін орынсыз қысқарта бермеуі керек: «нәрестенің кем болып тууы мүмкін» деген тыйым айтылған.

Сәбилер киіміне қатысты

Иткөйлек

Бойына бала бітпеген әйел баланың иткөйлегін қалап алған. Иткөйлекті аяқасты етпей, қастерлеп сақтап, кез келген адамға бермеген. Қазақ ұғымында иткөйлек баланың бақытын сақтайды, сәбидің бағы иткөйлек киген күннен басталады деп сенген.

Аяқ киімге қатысты

Кебіс

Кебіс — табандық аяқ киім. Даладан үйге кірген адам ғұрып бойынша кебісін шешіп, оң жақ босағаға қатарлап, тұмсығын отқа, сірі өкшесін іргеге қаратып қоюы тиіс болған.

Ырымдар мен тыйымдар

  • Аяқ киімді төңкеріп қоймайды, теріс кимейді (жолы болмайды деген сенім).
  • Қазақ аяқ киімнің табанына қарай бермеген. Егер көзі түссе, үш мәрте түкіргені жөн делінген: «аяқ баспайтын зат жоқ» деген түсінікке байланысты.
  • Жорықта жастанатын ештеңе болмаса, етігін жастанып жатады: «етік жолға бастайды, шалбар жастансаң — сорға бастайды» деген мәтел айтылады.
  • Сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш мәрте ұрып, ұшықтау салты болған.
  • Жаңа ұлтарақ салғанда алдыңғы жағын бойлата тіліп, «жолын ашу» ырымын жасаған.