Бекітетін шеге
3-сынып
Сабақ жоспары
Тақырып: қозғалатын бөліктері бар пішіндер құрастыру. Бұл сабақта оқушылар түрлі-түсті қағаздан қозғалмалы элементтері бар бұйым жасап, құрастыру арқылы қиялын дамытады.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: қозғалатын бөліктері бар пішіндер құрастыруды үйрету.
- Дамытушылық: түрлі-түсті қағаз арқылы пішін жасап, түрлендіру; құрастыру арқылы қиялды дамыту.
- Тәрбиелік: тапқырлыққа, шеберлікке және еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Ұйымдастыру
- Сабақтың түрі
- Теориялық, сарамандық, сұрақ-жауап.
- Пәнаралық байланыс
- Дүниетану, бейнелеу өнері.
- Көрнекіліктер
- Ара суреттері, ара пішінінің сызбасы, құрылысы, қозғалмалы қанатты ара үлгісі.
Құрал-жабдықтар
- Түрлі-түсті қағаз
- Фломастер
- Қайшы
- Бекітетін шеге (қағазға арналған бекіткіш)
- Желім
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу рәсімі.
- Оқушыларды түгендеу.
- Құрал-жабдықтарын тексеру.
II. Үй тапсырмасы (сұрақ-жауап)
- Өткен сабақта ненің пішінін жасадық? (Көбелек.)
- Олар немен қоректенеді?
- Олар неден пайда болады?
- Олардың түсі қандай болады?
- Олар жауынан қалай қорғанады?
Қорытынды
Дүниетану сабағынан білесіңдер: көбелектер қандай жануарлар класына жатады? Бунақденелілер. Дұрыс, көбелектер бунақденелілер класына жатады.
III. Жаңа сабақ
Қызығушылықты ояту
Интерактивті тақтадан жұмбақ оқылады. Жауабын тапқаннан кейін жауапқа сәйкес сурет көрсетіледі. Жұмбақтардың шешуі арқылы тірек-сызбаны толтырамыз.
Жұмбақ 1
Шидім, шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс.
Қарқаралы қара құс,
Хан басына қонған құс.
Жауабы: Шыбын
Жұмбақ 2
Ат басты,
Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды,
Қос қанатты,
Құмырсқа ізді,
Бота тірсекті.
Жауабы: Шегіртке
Жұмбақ 3
Қатар-қатар қара нар,
Аспанменен бара бар,
Алды биік, арты жар.
Жауабы: Құмырсқа
Жұмбақ 4
Бар екен бір мақұлық ұннан майда,
Өз басын айдайды екен қиын жайға.
Ұстасақ үгітіліп жоғалады,
Дамылдап отырмайды ешбір жайға.
Жауабы: Көбелек
Жұмбақ 5
Алпыс тісті айдаһар,
Ешқайда қадам баспайды.
Қозғамасаң жатады,
Ештеңеден саспайды.
Ағаштан тамақ жейді екен,
Жұтпай шайнап тастайды.
Жауабы: Ара
Ара туралы қысқаша мәлімет
Аралар сары-ала түстерімен сәнді киінген жауынгерге ұқсайды. Жіңішке қыпша белі оларды сымбатты әрі жинақы көрсетеді. Құйрығының ұшындағы өткір шаншары қындағы сұсты қару секілді.
Жарқыраған екі жұп жарғақ қанаты араға алысқа ұшуға және ұшу бағытын тез өзгертуге көмектеседі. Егер біреу араның ұясын байқаусызда немесе әдейі бұзса, аралар қорғанып, шабуыл жасап, шағуы мүмкін. Шаншардың түбінде улы бездер болады, сондықтан шаққан жері ісіп, ауыруы ықтимал.
Кәдімгі аралар ұяларын шатырға, ағаш бұталарына немесе әртүрлі қуысқа салады. Мұндай ұялар сұр картоннан жасалған шарға ұқсайды. Аралар оны өздері «қағаз» жасап, өңдеу арқылы құрастырады: құрғақ ағашты жақтарымен қырып, қырындыны сілекейімен араластырып, ұя қабырғасына жапсырады.
Жазда гүлдерден бал жинайтын араларды адамдар әдейі өсіреді. Бал адам ағзасына пайдалы. Бал жинайтын араларды өсіруші адамдар омарташылар деп аталады. Қазіргі медицинада ара шағуын емдік мақсатта қолданатын тәсілдер де бар.
Интерактивті тақтадан араның құрылысы көрсетіліп, негізгі бөліктері талқыланады.
Қауіпсіздік ережелері
- Қайшыны тұтқа жағымен бер.
- Желімді ауызға салма.
- Қағазды қиғанда қағазды жылжытып отыр; қолыңды қайшыдан 5–10 мм алшақ ұста.
Сарамандық жұмыс: қозғалмалы қанатты ара құрастыру
Таратылатын материалдар
- Оқушыға үлгі (шаблон) таратылады.
- Денесі, аяғы және мұрты бір үлгіде берілген бөлік.
- Қанат (2 дана).
- Бекітетін шеге (2 дана).
Орындалу реті
- Үлгілерді қағазға бастырып ал.
- Араның үстіңгі сызықтарын фломастермен жүргіз.
- Көзін және мұртын боя.
- Қанатын бастырып, ноқаттармен безендір.
- Дайын бөліктерді біріктіріп, шегемен бекіт.
IV. Сабақты бекіту
Венн диаграммасы арқылы аралар мен көбелектердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау.
Аралар
- Қорғану үшін шағуы мүмкін.
- Ұя жасап, тіршілік етеді (кей түрлері).
- Кейбірі бал жинайды (адам өсіреді).
Көбелектер
- Түрі мен түсі алуан түрлі.
- Даму кезеңдері болады (жұмыртқа–дернәсіл–қуыршақ–имаго).
- Көбіне гүл шырынымен қоректенеді.
Ортақ белгілері
Екеуі де бунақденелілер класына жатады, қанаты бар, табиғатта маңызды рөл атқарады.
V. Бағалау
Оқушылардың жұмысы орындалуына қарай бағаланады: эстетикалық талғамы, ұқыптылығы және құрастыру дәлдігі ескеріледі.