Қызықты өмір жайнаған, Кеудесі толып үмітке

Абай Құнанбаев

Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.

Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін - ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке.

Қайратпен кіріп жалынбай,
Ақылмен тауып айласын.
"Мен қалайға?" салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.

Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса жарасар.

Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.

Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам,
Кез болар қайда сорлыға.

Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол.

Ақ көңілді жақсыдан
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан
Қу сөзін алма қолқаға.

Сұм - сұрқия, қу заман
Гүл көрінер жігітке.
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.

Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.

Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?

Ары кеткен алдағыш,
Мені - ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс
Ормасаңшы көктейін!

Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
"Япырмай!.." деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?



Ұқсас жұмыстар

Жастық жалын жанғанда, жас жүрек жанатын уақыт келді (Абай Құнанбаевтың Жастықтың оты жалындап өлеңіне талдау материалы)
Абай-қазақ халқының хәкімі
КӨҢІЛДІ МЕРЕКЕЛЕР МЕН ҚЫЗЫҚТЫ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР
Түс және композиция. Майлы бояумен жұмыс істеу
С. МҰРАТБЕКОВ ӘҢГІМЕ-ПОВЕСТЕРІНДЕГІ СОҒЫС КОНЦЕПТІСІНІҢ КОГНИТИВТІК МОДЕЛЬДЕРІ
Қазіргі қазіқ тіліндегі антонимдердің лексика-семантикалық тұрғыдан қарастыру
КӨҢІЛДІ МЕРЕКЕЛЕР ЖӘНЕ ҚЫЗЫҚТЫ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР
Мерекелер мен сауықтардың маңызы
Советтік Қазақстанның бейнелеу өнері
Патриоттық тәрбие берудің әдіснамалық негіздері
ӨМІРҰЛЫ ЖАСЫБАЙ
Бәсеке, оның экономикалық табиғаты мен елдің шаруашылық өміріндегі атқаратын рөлі
Түркілер б.з V-XIII ғасырлары аралығында өмір сүрген.
Табиғатпен келісіп өмір сүру
Ж.Жабаевтың өмірімен және көптеген ақындармен айтыстары
ӘЖЕЛЕР ӨМІРІ ӨНЕГЕ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер
Құддыс Қожамьяровтың өмірі мен шығармашылық жолы
Өмірі мен шығармашылығы.
В.А. Сухомлинскийдің өмірі мен шығармашылығы