Анамызға сыйлық
Тәрбие сағаты туралы мәлімет
Өтетін орны
Астана қаласы, №68 орта мектеп
Пән мұғалімі
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Есенбаева Роза Түзелбайқызы
Тақырыбы
«Әлдилеген әлемді бесігімен…»
Мақсаты
-
Ана туралы ғибратты сөздер, өлеңдер мен әндер арқылы аналарды мерекесімен құттықтау.
-
Ананың мейірімі мен махаббатын, жақсылығын терең түсінуге жетелеу; ана еңбегін ақтауға, аналарға балалық сүйіспеншілікпен жауап беруге баулу.
-
Ана еңбегін қадірлеуге, құрмет көрсетуге және сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Өтілу барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Кеш қонақтарының, ардақты аналардың және оқушылардың назарын мерекелік көңіл күйге аудару.
Кіріспе
«Әйел — Ана» ертегісінен үзінді тыңдау.
II. Негізгі бөлім
- Ана біз үшін кім? (тірек-сызбамен жұмыс)
- «Менің анам — мен үшін…» (оқушылардың пайымдаулары мен ой-пікірін тыңдау)
- Той пердесін ашайық — аналарды құрметтеп, ән мен жырдан шашу шашайық!
III. Қорытынды бөлім
Анаға сыйлық: балалар аналарына арнап өздері жазған эссе-ойтолғауларын оқып, тарту етеді.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол баланы өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы асыл қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен дариды.
2-жүргізуші
Ана — ұлы адам, ана — құдіретті жан. Ендеше, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Аналар күні құтты болсын!
1-жүргізуші
Әлемдегі ең асыл жан — Ана. Осы сөздің өзінен жүрегімізде анаға деген махаббат оянады. Ананың мейірімі шексіз.
2-жүргізуші
Баланың тілі шыққанда ең алғашқы айтатын сөзі — «ана». Өмірдің есігін ашқанда да ең алдымен өз анасын көреді.
1-жүргізуші (өлең)
Ана — өмір қолдаушысы әлемнің,
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы.
Сейілмесін жанарынан ананың,
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы.
2-жүргізуші (өлең)
Аялайық аналарды әрдайым,
Қуанышқа бөлейікші өздерін.
Әжелердің, аналардың, қыздардың
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін!
«Менің анам — мен үшін…»
Оқушылар өз пайымдаулары мен ой-пікірлерін ортаға салады:
Минаш
Ана — бала үшін өмірдегі ең қымбат жан.
Айым
Ана балаға мейірімі мен махаббатын арнап, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп асырайды.
Аружан Т.
Әр ана баласының дені сау болып, жақсы азамат болып өсуін армандайды.
Анель
Ана мен бала арасын көзге көрінбейтін тылсым, сырлы жіп жалғап тұрады.
Жұлдыз
Сол арқылы баланың көңіліндегі қылаудай мұң ана жүрегіне жетеді; ана баласының титтей қуанышын да, бар болмысын да сезеді.
Мәншүк
«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген даналық сөз өте дәл айтылған.
Аяжан
Ана! Үш әріптен құралған қасиетті сөздің түп-тамырында қаншама ұлы сезім жатыр!
Аружан
Сезім мен қасиетті, махаббат пен шапағатты бойына сыйдырған осы ұлы ұғымды қадірлемейтін жан бар ма екен?