Қатынас қағазының мазмұны

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Өңір / мектеп
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылы, М. Әуезов атындағы орта мектеп
Пән / сынып
Қазақ тілі, 9-сынып
Мұғалім
Сағыбаева Айтолқын Жақашқызы
Сабақ тақырыбы
Қатынас қағаздары
Сабақ түрі
Аралас сабақ
Сабақ типі
Жаңа білімді меңгерту

Ұйымдастыру формасы

Сабақ құрылымы Б. Блум таксономиясы бойынша жоспарланған.

Пәнаралық байланыс

  • Әдебиет
  • Информатика
  • Орыс тілі
  • Ағылшын тілі

Құрал-жабдық

Интербелсенді тақта.

Әдіс-тәсілдер

  • Проблемалық мазмұндау
  • Зерттеу
  • Репродуктивтік әдіс
  • Ішінара іздену

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға ресми іс қағаздар стилін, соның ішінде қатынас қағаздарының тілдік және құрылымдық ерекшеліктерін меңгерту. Сауатты әрі ұқыпты жазуға дағдыландыру.

Дамытушылық

Оқушылардың іскерлік дағдысын қалыптастыру, ой-өрісін дамыту, ізденімпаздыққа баулу және танымдық қабілеттерін жетілдіру.

Тәрбиелік

Оқушыларды сыйластыққа, бір-бірінің пікірін тыңдай білуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сыныпты түгендеу.
  • Сабаққа дайындығын тексеру.

Үй тапсырмасын тексеру

Оқушылардың үйде жазып келген өмірбаяндарын жинап алу.

Үй тапсырмасын бекіту (Round-robin)

Оқушылар стильдер туралы (ауызекі сөйлеу стилі, көркем әдебиет стилі т.б.) не білетінін бір сөйлеммен немесе сөз тіркесімен айтады. Бірінің жауабын бірі қайталамайды.

II. Жаңа сабақ

1) Білу

  • Іс қағаздары және оның түрлері
  • Қатынас қағаздары
  • Қатынас қағаздарының бөліктері

2) Түсіну

Жаңа материал интербелсенді тақтадағы слайдтар арқылы түсіндіріледі.

Слайд 1. Іс қағаздары

Іс қағаздары — жеке адамның, ұжымның, фирмалар мен мекемелердің атқаратын қызметіне байланысты пайда болатын жазбаша (кейде ауызша) қарым-қатынас құралы.

Арыз Түсінікхат Бұйрық Хаттама Анықтама Өмірбаян Өтініш Қолхат Мінездеме Келісімшарт Ұсыныс Сенімхат Куәлік

Слайд 2. Қатынас қағазының құрылымы

  1. Жіберілген мерзімі (күні, айы, жылы).
  2. Құжат жолданатын мекеме және мекеме басшысының аты-жөні.
  3. Мазмұны.
  4. Жіберуші туралы мәлімет және қолы.
  5. Реквизит — құжаттың түпнұсқалығын білдіретін белгілер (сызық, өрнек, сурет, таңба түрінде болуы мүмкін).
  6. Постскриптум (P.S.) — қол қойылғаннан кейін хаттың соңына қосымша жазылатын мәтін.

3) Қолдану

а) Өзіндік жұмыс

66-жаттығу: оқушылар алған білімдерін қолданып, берілген үлгі бойынша өз қатынас қағазын құрастырады.

ә) Озық тапсырма

Тапсырманы ерте орындаған оқушылар семантикалық карта толтырады.

Мысалдар Ғылыми стиль Ресми іс қағаздар стилі Публицистикалық стиль Көркем әдебиет стилі Ауызекі сөйлеу стилі
1 — Атың кім? Нешінші сыныпта оқисың?
— Атым — Гүлнар. Бесінші сыныпта оқимын.
+
2 Емен ұзақ жылдар бойы өсе береді. Ол 150–200 жылға дейін өмір сүреді. Жалпы емен жылу сүйгіш ағаштар қатарына жатады. +
3 Ауруханаға бару үшін сабақтан босатуыңызды сұраймын. +
4 Заттың санын, ретін білдіретін сөздерді сан есім дейміз. +
5 Күлзипа екенін білген соң, Әбдірахман жүруге ыңғайланса да, мен жібермедім — қалжыңдасып барғанды жақсы көрдім. +
6 Екі ел арасындағы кездесуде Еуразия саудасындағы тауар тасымалына қызмет көрсету барысында Ресей мен Қазақстан көлік жүйелерінің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылды. +
7 Мінездеме. Сапар Айдана 1994 жылы 15 мамырда туған. Қазалы қаласындағы №16 мектепте 2001 жылдан бері оқып жүр. Биыл 9-сыныпты бітіреді. +

4) Талдау

I. «Іс жүргізуші» ойыны

Әр оқушы интербелсенді тақтадан 1-ден 10-ға дейінгі сандар берілген ұяшықтардың бірін таңдайды. Ұяшықтағы құжат үлгісімен танысып, оның құрылымын талдайды.

II. «Полиглот» ойыны

Ресми іс қағаздар стиліне тән сөздерді үш тілде интербелсенді тақтаға жазады.

Қазақша Орысша Ағылшынша
Арыз заявление statement
Куәлік удостоверение certificate
Анықтама справка reference
Түсінікхат объяснительное письмо explanation letter
Сенімхат доверенность power of attorney
Мінездеме характеристика characteristic
Хаттама протокол protocol

III. Қорытындылау (жинақтау)

Сұрақтар

  1. Стильдің неше түрі бар?
  2. Іс қағаздар стилі дегеніміз не?
  3. Қатынас қағаздарының құрылымдық ерекшелігі қандай?
  4. Іс қағаздарының түрлерін атаңыз.

Ескерту

Іс қағаздарының адам өміріндегі орны ерекше. Өндірістегі және күнделікті әрекеттердің уақтылы әрі дұрыс жүзеге асуы құжат мазмұнының нақты, дәл жазылуына байланысты. Құжаттарды рәсімдеуде мемлекет бекіткен арнайы нұсқаулықтар басшылыққа алынады.

5) Бағалау

Бағалау кестесі арқылы оқушылардың білімі мен сабақтағы белсенділігі сараланып, қорытынды баға қойылады.

IV. Үй тапсырмасы

67-жаттығу: сыныптас құрбыңызға (немесе сыныптасыңызға) мінездеме жазу.