Білім саласы дамуына негіз болар іргелі ғылым қажетОқу білім жүйесін үнемі жаңалап отыру өркениет талабы

Білім саласының дамуына негіз болар іргелі ғылым қажет

Оқу-білім жүйесін үнемі жаңартып отыру — өркениет талабы. Сонымен бірге тәрбие процесін (кең мағынасында) тұрақты түрде жетілдіру қажет: өмір жағдайлары өзгермелі, ақпарат көлемі ұлғаяды, сол себепті ұстазға (педагог, тәрбиеші, жетекші, мұғалім) қойылатын талаптар жылдан-жылға күрделене түсуде.

Қоғамның осы сұранысына педагогтар өсіп келе жатқан ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және білім берудің жаңа технологияларын құрастыру арқылы жауап береді. Дегенмен мектеп педагогтары «мәңгі проблемалардың» құрсауында қалатыны да рас.

Негізгі ой

Білім беру саласының тоқырауы адамдар дамуының дағдарысына әкеліп, ғылыми-техникалық прогрестің баяулауына ұрындырады. Сондықтан педагогика — заман талабына жауап беретін жаңа білімдерді теріп, жинақтап, қорытып, зерделейтін ғылым ретінде тірек рөл атқаруы тиіс.

Тарихи тәжірибе және жаңаны игеру бағасы

Адамзат тарихына қарасақ, қоғам дамуына ілесе отырып ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісі көптеген жағдайда артта қалып отырған. Қайшылық пен кемшілікті қоғам болып жұмылып, ойшылдар мен ғұламалардың өсиеті, аға ұрпақтың тәжірибесі және жаңа идеялармен ұштасқан ақыл-парасат арқылы жеңе алған кезеңдер де болды: кемшілік жойылып, кедергі еңсеріліп, дағдарыстан шығу мүмкін болған.

Бірақ жаңаны игеру әрдайым уақыт пен кеңістікті талап етеді: оқыту, білім беру және тәрбиелеу жүйесін қайта жаңалау арқылы ғана орнығады. Мұндай жаңару жүйелі ғылыми негізге сүйенгенде нәтижелі болады.

Педагогиканың дамуына әсер ететін негізгі көздер

Педагогика бір ғана арнадан қоректенбейді. Оның дамуына себепші көздер мыналар:

  • Халықтың өмір салты мен дәстүрлерінде бекіген көпғасырлық тәлім-тәрбие тәжірибесі, іс-әрекеттері.

  • Философиялық, қоғамтану, педагогикалық және психологиялық еңбектер.

  • Әлемде және елімізде жүріп жатқан тәрбиелеу мен білім беру тәжірибесі.

  • Арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеулердің деректері.

  • Жаңа идеялар, жаңарған бағдар-бағыттар және жылдам өзгерістер жағдайындағы тиімді соңғы технологиялар.

Қазақстандағы білім реформалары: ниет бар, ғылыми негіз әлсіз

Өткен ғасырда әлемде іргелі зерттеулер нәтижесінде педагогика мен психологияда көптеген теориялық тұжырымдар қалыптасты. Ал қазіргі ғасыр психологияның ықпалын күшейтіп, білім беру тәжірибесіне оны белсендірек енгізіп отыр.

Қазақстанда тәуелсіздік кезеңімен қатар оқу-білім, ғылым саласына да үлкен бетбұрыс жасалды. Алайда тұрақтанған өзіндік бет-бейнесі, құрамдас бөлігі мен жүйелік құрылымы айқындалған, толыққанды жұмыс істейтін ұлттық білім беру моделі әлі де толық қалыптаса қойған жоқ. Әлем елдерінің көпшілігінде жаңа оқу-білім жүйелері қалыптасып, реттеліп, дамыған деңгейде жұмыс істеп тұр.

Нақты проблема

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің дамуы педагогтардың педагогикалық, әдістемелік-технологиялық, психологиялық және шығармашылық біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан күрделі мәселелерге тірелуде.

Терең себеп

Білім саласы көп жағдайда жан-жақты қызметін жүйелі жүргізуге сүйенетін іргелі ғылыми негізден қағылып, сыртқы үлгілерге жүгінуге мәжбүр болып отыр.

Заң, модель және басқару: көшірме шешімдер тәуекелі

Көп елде білім саласындағы жаңарту сол мемлекеттің білім философиясына, оқу-білім ғылымына және мектептану зерттеулеріне сүйенеді. Қазақстанда да Білім туралы заң мен реформалардың мазмұны ұлттық ғылыми мектептің тұжырымдарына табан тірегені маңызды. Әйтпесе сырттан алынған үлгілерді тікелей көшіру басқару мен іске асыруда қиындық туғызады.

Білім беру — аса күрделі әлеуметтік-экономикалық механизм. Оны реформалау экономикалық-ұйымдық, құқықтық және құрылымдық қырларды бір уақытта өзгертуді талап етеді. Мұндай өзгерістер кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, шығармашылықты, өзін-өзі басқару мен өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы жоғары біліктілікті қажет етеді.

Басқарудағы түйін

Менеджменттің толық қалыптаспауынан мектептерді қаржыландыру, оқытушылар еңбегін бағалау, есептеу және жалақы төлеу тетіктері әлсіз қалып, көбіне жобалық сипаттан аса алмай отыр.

Инфрақұрылым шындығы: мазмұн жаңартумен ғана шешілмейді

Білім мазмұнын, әдіс-тәсілдер мен технологияны жаңарту қажет, бірақ ол жалғыз өзі жеткіліксіз. Мектептердің инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы, зертханалық және практикалық жұмыстарды ұйымдастыру мүмкіндігі жеткіліксіз болса, жаңа ғасыр біліміне көшу тежеледі.

ШЖМ үлесі

44%

Шағын жинақты мектептер жалпы орта білім беру ұйымдарының едәуір бөлігін құрайды.

Апатты мектептер

69

Пайдалану мерзімі өткен, тозығы жеткен ғимараттар апатты мектептер қатарында.

Қолжетімділік

3825

Кей елді мекендерде мектептің болмауынан оқушылар тұрғылықты жері бойынша оқи алмай отыр.

Пән кабинеттері жетіспеушілігі (кей мектептерде)

Физика кабинеті жоқ

33,7%

Химия кабинеті жоқ

39%

Биология кабинеті жоқ

39,3%

Математика кабинеті жоқ

29,3%

Лингафон кабинеті жоқ

49%

Көптеген бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мектептерде зертханалық және сарамандық тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік шектеулі: реактивтер, зертханалық заттар мен өлшеу құралдары ескірген немесе жарамсыз.

Үш ауысымды мектептер

86 мектепте 11,2 мың оқушы оқиды.

Апатты мектептердегі оқушылар

17,3 мың бала апатты мектептерде білім алуда.

Қорытынды: білім жүйесін түбірімен күшейтудің жолы

Бұл кемшіліктердің барлығын тек мазмұн мен технологияны жаңартумен жоя алмаймыз. Егер мәселені ғылыми негізді саясатпен және нақты іске асыру бағдарламасы арқылы жүйелі жүргізсек, әлі де талай асуды еңсеруге болады. Ол үшін Қазақстанда педагогика ғылымдарының даму бағдарын бүгінгі қоғам талабына сай түбірімен жаңарту қажет.

Білім және ғылым саласында іргелі ғылымдарды дамытуға, кешенді зерттеулер жүргізуге әлеуеті жететін ғылыми орта бар. Бірақ ол әлеует көбіне педагог кадрларды даярлауға қажетті ағымдағы жұмыстарға жұтылып, іргелі зерттеулер жеткілікті деңгейде көрінбей отыр.

Қобдабай Қабдыразақұлы

ғалым-жазушы