Әлиханның үлкен атасы - Бөкей, атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы

Алаштың арысы, қазақтың намысы — Әлихан Бөкейханов

ХХ ғасырдың басында ортағасырлық ұйқыға кеткен алаш қауымының арасынан ат төбеліндей азаматтар суырылып шығып, болашағы бұлдыр көшпелі қазаққа бағдаршам болды. Қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы қозғалысын ұлттық интеллигенция басқарды. Сол топтың басында ұлт зиялысы, публицист әрі саясаткер, патшалық Ресей Мемлекеттік Думасының мүшесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов тұрды.

Шыққан тегі мен туған жері

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша бұл елдімекен Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы аумағына қарайды.

Әлиханның үлкен атасы — Бөкей, атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы. [Аңыз адам №20, 5-бет]

Тарихтағы орны және бағалануы

Әлиханның есімі ұзақ жылдар бойы сирек аталып, «буржуазиялық ұлтшылдықтың» синонимі ретінде қарастырылды. Соның салдарынан кейінгі ұрпаққа қалдырған орасан мол аманат-мұрасы бір кісінің ғұмырындай уақыт шаң басып жатты.

Көпқырлы қызметі

Әлихан Бөкейханов — қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси ұйымы — Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы. Сонымен бірге ол публицист, аудармашы, әрі дарынды зерттеуші болды.

Негізгі қырлары

  • Қоғам қайраткері: Ресейдегі жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты.
  • Саясаткер: Ресейдің І Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты.
  • IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясы Бюросының мүшесі.
  • Ғұлама ғалым: ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы.
  • Қаламгер: публицист және аудармашы.

Бұл — ардақты азаматтың халқы үшін соңғы демі қалғанша атқарған сан қырлы қызметінің қысқаша ғана көрінісі.

Алаш қозғалысы және мемлекеттік идея

Отаршылдыққа қарсы тұрған, ұлт мерейін көтеруге ұмтылған Алаш қозғалысының көсемі — Әлихан еді. Алаш қозғалысы саяси ұйым ретінде 1917 жылғы шілдеде өткен І жалпықазақ съезінде құрылған Алаш партиясы арқылы нақты қалыптасты. Осы жалпыұлттық саяси ұйымды құруға ХХ ғасыр басындағы ұлттық-демократиялық қазақ интеллигенциясының жұрт таныған жетекшілерінің бірі — Әлихан Бөкейханов ерекше үлес қосты.

Партияның бағдарламалық мақсат-міндеттеріне сай 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезі Алаш автономиясының, яғни қазақ мемлекеттігінің құрылғанын жариялап, оның үкіметі — Алашорданы сайлады. Сондай-ақ жаңадан құрылған мемлекеттіктің қарулы күштерінің негізі болуы тиіс халық милициясын жасақтау туралы шешім қабылданды.

Дайындаған: №16 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Карбоз Баянсұлу.