Етістіктің шақтары дегенді қалай түсінесің

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Кіріспе сөз:

Қазақ тілім – өз тілім, анам тілім,

Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.

Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,

Болашағым, бақытым – дара тілім!

Оқушылар үш топқа бөлінеді.

Ой қозғау стратегиясы

Әр топқа интербелсенді тақта арқылы сұрақтар беріледі.

I-топ

  1. Етістік дегеніміз не? Мысал келтір.
  2. Әрі есім сөздің, әрі етістіктің қызметін атқаратын қандай етістік?
  3. Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата.

II-топ

  1. Етістіктің шақтары дегенді қалай түсінесің?
  2. Етістік құрамына қарай қаншаға бөлінеді? Мысал келтір.
  3. Етіс дегеніміз не? Қанша түрі бар және олар қалай жасалады?

III-топ

  1. Етістіктің райлары дегеніміз не? Қанша түрі бар?
  2. Салт етістік пен сабақты етістік қалай жасалады? Мысал келтір.
  3. Етістік мағынасына қарай неше түрге бөлінеді?

2-тапсырма. Оқулықпен жұмыс

Тақырыпқа қатысты ережелерді қайталау, мысалдарды орындау және талқылау.

Түртіп алу стратегиясы

3-тапсырма (а). Мақал-мәтелдермен жұмыс

Мақал-мәтелдерді оқып, етістіктерді табады, жазып алады, етістіктің түрлеріне ажыратып, талдау жасайды. Морфологиялық кешенді талдау орындалады.

  • 1. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  • 2. Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар.
  • 3. Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер.
  • 4. Жақсының қасиеті – жарастыру, жаманның қасиеті – таластыру.
  • 5. Аққу көлге, ер елге паналайды.
  • 6. Елді сөкпе, кенді төкпе.

3-тапсырма (ә). Жұмбақтардың шешуін тап

Жұмбақтардың шешуін тауып, етістіктерді түрлеріне қарай ажыратады.

1)

Судан шығады, судан қорқады. (__________)

2)

Қуып едім – мойнын бұрмады. Ұстайын деп едім – қолға тұрмады. (__________)

3)

Жер қазады, көмір тиеп тынбайды; жұмсай білсең, «шаршадым» деп тұрмайды. (__________)

Шығармашылық бөлім

4-тапсырма. Сюжетті суреттер бойынша әңгіме

Үш топқа сюжетті суреттер беріледі. Әр топ сурет бойынша күрделі етістіктерді қатыстырып әңгіме құрайды. Әңгімеден етістіктерді тауып, түрлеріне қарай талдау жасайды.

5-тапсырма. «Жоғалған сөзді» тап

Поэзиялық шығармалардан үзінді оқылады, бірақ етістіктері түсіріліп беріледі. Оқушылар жетіспейтін етістіктерді толықтырып, өлеңнің тақырыбы мен авторын анықтайды, әрі етістіктерге талдау жасайды.

1)

Шығамын тірі болсам, адам __________,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
__________ көрде тыныш жақсы емес пе?
Жүргенше өмір __________, надан болып.

2)

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім __________?
Көкте бұлт, жерде желмін __________,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?

3)

Уа, туған жер, топырағыңнан __________?
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан __________ іштім сендегі,
Алтын арай таңғы жұпар самалдың.

Сабақты бекіту және қорытынды

6-тапсырма. Тест

Үш топқа тест тапсырмалары таратылады. Дұрыс жауаптар интербелсенді тақтадан көрсетіледі. Топтар бір-бірінің жауаптарын тексеріп, бағалайды.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, талдауы және топтық жұмысқа қатысу белсенділігі негізінде бағаланады.

Үй тапсырмасы

Етістіктері бар 10 жаңылтпаш және 10 жұмбақ жазу. Жазған материалды етістіктің құрамына және мағынасына қарай талдау.

Назар аударатын түйіндер

  • Теория мен практика

    Ереже жаттаумен шектелмей, мәтіндермен жұмыс арқылы етістікті тану және талдау дағдысын бекіту.

  • Топтық өзара тексеру

    Дәлелдеу, салыстыру және қателерді түзету арқылы жауап сапасын арттыру.

  • Морфологиялық талдау

    Мақал-мәтел, жұмбақ, өлең үзінділері арқылы етістіктің түрлерін нақты контексте ажырату.

  • Шығармашылық қолдану

    Күрделі етістіктерді қатыстыру арқылы байланыстырып сөйлеуді және тілдік қорды дамыту.