Туған өлкесінің, жерінің табиғатын қорғауға баулу
Алтын бесігім – Жарма
Бұл кеш Жарма ауданының 85 жылдық мерейтойына арналады. Негізгі ой — туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдету, өткенді танып, бүгінгі өмірді зерделеп, ертеңгі болашақты оқушылар көзқарасымен болжау.
Кештің мақсаты
Білімділік
Туған жерге, өлкеге сүйіспеншілікті арттыру; елге деген мақтаныш сезімін ояту. Ауыл тарихын танып, бүгінгі тыныс-тіршілігін зерттеу және болашағын болжау.
Дамытушылық
Өлең, тақпақ, мақал-мәтелдер арқылы ой-өрісті кеңейту, тіл байлығын дамыту, сөйлеу мәдениетін шыңдау.
Тәрбиелік
Табиғатты қорғауға баулу, үлкендер еңбегін құрметтеу, патриоттық сезімді тәрбиелеу және эстетикалық талғамды қалыптастыру.
Көрнекіліктер
Суреттер, слайдтар, мақал-мәтелдер жазылған плакаттар, буклеттер.
Сабақтың түрі
Кездесу.
Кіріспе
Армысыздар, қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Жарма ауданының 85 жылдық мерейтойына арналған «Алтын бесігім – Жарма» атты кешімізге қош келдіңіздер!
Бүгінгі басқосуымызға Жарма ауданының құрметті азаматы, ауданның көркеюіне үлес қосқан азаматтардың бірі Сатпеков Әлкеш Өкрешұлы қатысып отыр.
Ой қозғау
- Алдарыңдағы О, А, Н, Т әріптерінен қандай сөз құрастыруға болады?
- Отан деген сөзді қалай түсінесіңдер?
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол — бәрібір өз үйіңнен басталады.
Туған жер туралы толғаныс
Біздің кіші Отанымыз — Жарма ауданы. Биыл оған 85 жыл толып отыр. Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көруге толық хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе?
Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Тәуелсіздік кеңістігінде отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат күндей жарқырап тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін мақтан тұтуға тиіс.
Туған жер туралы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар да әр халықтың әдебиетінде мол. Бұл — әр жұрттың туған жерін анасындай қастерлейтінінің айғағы. Қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақ бойына бала кезден сіңіруге ұмтылады: мұны мақал-мәтелдерден, аңыз әңгімелерден, батырлар жырынан анық көреміз.
Мақал-мәтелдер
- Ит тойған жеріне, ер — туған жеріне.
- Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
Түйін
Әркімге туған жері мен туған елі қымбат. Ел қорғаған ерлердің аманаты — туған елімізді қорғау, нығайту. Бұл — бәріміздің ортақ парызымыз.
Оқушылардың жыр-толғауы
Өлең 1
Туған жер, ыстықсың ғой сен маған,
Қарап саған мен ойланып толғанам.
Сенен асқақ, сұлу, ғажап жер бар ма?
Бұлақ ағып, бұлбұлдары сайраған.
Өлең 2
Жолаушылап келген адам еліме,
Көзі түсер шалқып жатқан көліме.
Шомылып оның мөлдір, тұнық суына,
Риза болып қайтар туған еліне.
Жарма туралы жыр
Бұл — Жарма, аты шыққан үлкен өңір,
Жері бай, қары қалың, шөбі қауын.
Бір жағы қарт Семейге жақын барып,
Бір жағы алтын кені — Алтай тауын.
Аймақта жер жәннаты — Жарма екен,
Жармадай жерұйық жер бар ма екен?
Толғанда Жарма бүгін сексен беске,
Жақсы ісін алға қойып мақтан етем.
Самал тау, сырнайлы өзен — арнам менің,
Ауданым, аты әйгілі Жармам менің.
Кәсібім — қара кенім, алуан еңбек,
Кен қазып, мал өсіріп, егін еккен.
Қаншама қиындықты бастан кештің,
Атыңнан айналайын, Жарма өлкем.
Сонда да бас имедің ешкімге сен,
Өзіңдей жер табылмас — өте көркем.
Қорытынды леп
Жарма, Жарма, Жарма —
Сенен артық жер бар ма?!
Өзіңде туып-өстім,
Сыр сандығын бөлістім.
Сылдырлап аққан өзенің —
Сыңғырлап күлген арудай.
Қойнауың толған байлығың,
Қасиетіңді асырып тұрғандай.
Табиғатың тамаша — қандай ғажап,
Сұлулығыңа еліктетіп аласың баурап.
Алдымда әсем гүл тұрғандай жайнап,
Қызығамын мен саған күнде қарап.