Тату болып халықтар, Аман болсын балалар

Сынып: 4 «В»

Сабақ тақырыбы: Біріккен сөздер (38–43-жаттығулар)

Сабақ типі: Жаңа сабақ

Сабақ түрі: Жарыс-сабақ

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Кейбір сөздердің бірнеше түбірден құралып, бірігіп жазылатынын мысалдар арқылы түсіндіру.
  • Жер-су атауларын білдіретін біріккен сөздерде қатар келген екі дауысты дыбыстың сақталып жазылатынын меңгерту.
  • Екі сөзден тұратын кісі аттарында қатар келген екі дауыстының біреуі түсіріліп жазылатынын түсіндіру.

Дамытушылық

  • Ауызша және жазбаша тілін дамыту, сөздік қорын байыту.
  • Байланыстырып сөйлеу дағдысын жетілдіру, шығармашылық қабілетін арттыру.
  • Топпен шығармашылық жұмыс жасауға үйрету.

Тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа, ізденімпаздыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
  • Сауаттылыққа және көркем жазуға дағдыландыру.

Сабақтың ұйымдастырылуы

Әдіс-тәсілдер

сұрақ-жауап түсіндіру әңгіме баяндау

Пәнаралық байланыс

математика дүниетану бейнелеу өнері ана тілі

Көрнекіліктер

  • Арнау сөз
  • Ғ. Мұстафиннің портреті
  • Мазмұнды суреттер
  • Плакат
  • Дидактикалық ойындар
  • Қосымша материалдар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Оқу құралдарын даярлату.
  • Назарын сабаққа аудару.

II. Психологиялық дайындық

Күлімдеп күн бүгін (қолдарын көтереді),
Қарады маған да! (қолдарын кеудесіне қояды)
Күлімдеп күн бүгін,
Қарады саған да! (қасындағы балаға қарайды)
Сәлем деймін достарға!
Сәлем барша ұстазға!
Тату болсын халықтар,
Аман болсын балалар!

III. Үй тапсырмасын пысықтау

36-жаттығу: көп нүктенің орнына тиісті біріккен сөздерді тауып жазу.

I-топ

  1. 1. Аңдар — ________
  2. 2. Құстар — ________

II-топ

  1. 3. Өсімдіктер — ________
  2. 4. Жер-су аттары — ________

Ережені қайталау (хормен оқу)

  • Кейбір сөздер екі түбірден құралады.
  • Екі түбірден жасалған сөз біріккен сөз деп аталады.
  • Біріккен сөзді құрайтын түбірлер бірігіп жазылады.
  • Екі түбірден құралса да, бір ғана мағына береді және бір ғана сұраққа жауап береді.

IV. Жаңа сабақ

Эпиграф

«Білем деме, балам,
Білмейтінің көп шығар.
Бұл дүниеде сірә,
Бәрін білген жоқ шығар».

Осы ой бізге маңызды бір шындықты еске салады: білгеніміз — бір тоғыз, білмейтініміз — тоқсан тоғыз. Сондықтан бүгінгі мақсатымыз — білімімізді тереңдету, оны жадымызда сақтап, орынды қолдана білу және сауатты әрі көркем жазу дағдысын қалыптастыру.

Тұлға

Ғабиден Мұстафин (1902–1985)

Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері.

Арнау сөз

Мұралардың ең қымбаты — сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Ал асыл сөз мәңгі жасайды. — Ғ. Мұстафин

Мұғалімнің түсіндірмесі (оқиға желісі)

Өткен сабақта біз ертеде Сөзстан деген ақсақалдың өмір сүргенін айтқан едік. Енді сол ақсақалдың төрт ұлы болыпты: Күрделі сөз, Біріккен сөз, Қос сөз және Қысқарған сөз.

Біріккен сөз ынтымақта, бірлікте, татулықта өмір сүріпті. Оның балалары да ұйымшыл болып, бір-бірінен ажырамай тату-тәтті ғұмыр кешкен екен.

Бүгін біз Күрделі сөз ақсақалдың Біріккен сөз атты ұлының «өмір тарихымен» тереңірек танысамыз.