Сен ақкөңілсің

Сабақ тақырыбы: Еңбекқорлық пен еріншектік

Бұл сабақтың өзегі — еңбектің құндылығын түсіну, еңбекқорлықты тұлғалық қасиет ретінде қалыптастыру және еріншектіктің салдарын пайымдау.

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың еңбек құндылығы туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

  • Еңбекқор және еріншек ұғымдарын түсіндіру.
  • Еңбекке қызығушылықты арттыру.
  • Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Күтілетін нәтижелер

  • Пәндік: жақсы және жағымсыз қасиеттерді танып, бағалай білу.
  • Жүйелі іс-әрекет: ертегі мазмұнын талдап, әсерлі жеткізу дағдысын дамыту; шығармашылық қуатты шыңдау.
  • Тұлғалық: еңбекті қадірлеу, жақсы қасиеттерге тәрбиелену, өзін-өзі дамыту қабілетін жетілдіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Шаттық шеңбері: «Қайырлы күн, балалар! Шеңберге тұрып, бір-бірімізге жылы жүрекпен, жақсы тілекпен, игі әдеппен сәлемдесейік. Жанымыздағы досымыздың жақсы қасиеттерін атап, ізгі ниетімізді білдірейік».

Мысал тілектер:

  • Сен мейірімдісің.
  • Сен өте ұқыптысың.
  • Сен әдептісің.
  • Сен өнерлісің.
  • Сен нағыз доссың.
  • Сен еңбекқорсың.
  • Сен шыдамдысың.

Оқушылар «жақсы қасиеттер» жазылған карточкалар арқылы топтарға бөлінеді: «Білімді», «Парасатты», «Ақылды», «Мейірімді».

Мұндай бастама сыныпта сенім мен қолдауды күшейтіп, сабаққа бірлесіп кірісуге жағдай жасайды.

II. Қызығушылықты ояту

Сұрақ: «Адам бойындағы ең қажетті қасиет қайсысы?» Оқушылар пікір алмасып, адам қасиеттерін талқылайды.

Тақтаға ұсынылатын қасиеттер:

Білімге құштарлық
Қызығушылық
Сабырлылық
Батылдық
Мейірімділік
Еңбекқорлық
Кішіпейілділік
Шыдамдылық

Пікірталас барысында үй тапсырмасы қорытындыланып, батылдық туралы мақал-мәтелдер еске түсіріледі.

Ой қозғау: «Құмырсқадан не үйренеміз?»

Слайд арқылы құмырсқа көрсетіліп, сұрақтар қойылады: «Не көріп тұрсыңдар? Бұл жәндік туралы не білесіңдер? Қандай үлгі алуға болады?»

Оқушылар жауабы

  • Құмырсқа — еңбекқор, кішкентай жәндік.
  • Топтанып өмір сүреді.
  • Үнемі қимыл-қозғалыста болады.

Қосымша мәлімет

Халық ұғымында құмырсқаның илеуін бұзуға болмайды деген ырым бар. Ғалымдардың дерегінше, құмырсқалар тәулігіне илеу маңындағы көптеген зиянды жәндіктерді жояды. Құмырсқаның қанағатшылдығы мен еңбекқорлығы жиі үлгі етіледі, тіпті Құранда да аталады. Қазақ танымында ол — еңбектің символы.

«Тепе-теңдік шеңбері» тәсілі: оқушылар «еңбекқорлық» ұғымын қаншалықты білетінін пайызбен белгілейді. Сабақ соңында қайта оралып, өзгерісті салыстырады.

III. Мағынаны тану

В. А. Сухомлинскийдің ертегісімен танысып, «Т-кесте» әдісі арқылы еңбекқор мен еріншектің қасиеттерін салыстырады.

Еңбекқор

  • Талапты, табанды
  • Жауапкершілігі жоғары
  • Уақытты тиімді пайдаланады
  • Нәтижеге ұмтылады

Еріншек

  • Істі кейінге қалдырады
  • Сылтау іздейді
  • Уақытты босқа өткізеді
  • Нәтиже үшін әрекет етпейді

Сергіту сәті: «Қамажай» биіне қимылмен билеу.

IV. Ойлану және рефлексия

«Ақылды үкіге хат»: «Біздің жасымыз нешеде? Осы уақытқа дейін нені үйрендік? Не істей аламыз? Уақытымызды еріншектікпен босқа өткізген жоқпыз ба?» деген сұрақтарға жауап жазылады.

Оқушылар ойларын стикерге жазып, алма ағашына іледі. Көпшілігі оқу, жазу, есеп шығару, домбыра тарту, би билеу сияқты дағдыларын атап өтеді.

V. Практикалық жұмыс: «Қалташа жасау және жарнама»

Оқушылар ақ қағазды екі бүктеп, шеттерін қайырып, қарапайым қалташа жасайды. Оны суретпен безендіріп, әр топ өз бұйымын жарнамалап «сатуға» тырысады. Ең әсерлі таныстырылым жасаған топтың еңбегі бағаланады.

Қорытынды сұрақ: «Қалташа жасап жатқанда не істедік?»

Ойландық Үйрендік Жасадық

Еңбекке қажет қасиеттер

  • Ой-саналы болу, білім
  • Талап пен талпыныс
  • Шыдамдылық
  • Ерінбей еңбектену

Дәптермен жұмыс

Оқушылар осы қасиеттерді жазып, еңбек туралы мақал-мәтелдерден мысал келтіреді. Бұдан кейін «Тепе-теңдік шеңбері» арқылы еңбек пен еңбексүйгіштік ұғымын түсіну деңгейін қайта бағалайды.

VI. Топтық жұмыс: Өлең мазмұнын суреттеу

Әр топ А. Естеновтің өлеңін оқып, уақытты тиімді пайдалана отырып, мазмұнын сурет арқылы бейнелейді. Кейін өз жұмыстарын қорғап, бірін-бірі тыңдап, бағалайды.

Қорытындылауда оқушылармен бірге Венн диаграммасы құрастырып, еңбекқорлық пен еріншектіктің ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайды.

VII. Қорытынды ән

Ән: «Болайықшы осындай» (өлеңі мен әні — А. Меңжанова).

Жақсы бала еңбекшіл,
Ер – азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүл толады.

Қайырмасы:
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай.

Таза бала мұнтаздай,
Сүйсінеді қараған.
Ұқыпты деп бұл қандай,
Жақсы көрер бар адам.

Білімді болу үшін — еңбектену керек.

Қаланы көркейту үшін — еңбектену керек.

Бағбан өнім алу үшін — еңбектенеді.

Қорытынды ой: адам көптеген белеске тек еңбек арқылы жетеді. Еңбексүйгіш болсақ — саналы, білімді, бақытты өмір сүруге қадам жасаймыз.

VIII. «Чемодан — Қоқыс жәшігі» әдісі

Оқушылар қағазға сабақтан түйген ойын жазады: егер бұл ой өзіне қажет болса — «чемодан» суретіне, қажет емес деп санаса — «қоқыс жәшігіне» іледі.

IX. Тыныштық сәті және жылы тілек

Әуен қойылып, оқушылар бір-біріне жақсы тілектер жазып, сыйлайды. Сабақ еңбектің өмірдегі орнын түсінумен, бірлік пен қолдауды күшейтумен аяқталады.

Үй тапсырмасы

«Еңбекқорлық пен еріншектік» тақырыбы бойынша ойтолғау жазу немесе мысалдар келтіру.