Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі

Мақсаты мен ұйымдастыру

Мақсаты

Оқушыларға Ұлыстың ұлы күні — Наурыз туралы және дүниежүзі халықтарының бұл мерекені тойлау дәстүрі туралы толық мағлұмат беру. Халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін айқындау.

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер жазылған плакаттар
  • Ұлттық киімдер
  • Ұлттық тағамдар

Жоспар

  1. 1Наурыз — думан
  2. 2Наурыз — жыл басы
  3. 3Дүние жүзі халықтарының Наурызды тойлау дәстүрі
  4. 4Наурыздағы салт-дәстүрлер
  5. 5Ата-салтың — қазынаң

Кіріспе сөз

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі — Ұлыстың ұлы күні, Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға шаттық тілейміз. Мерекелік тәрбие сағатымыз ашық деп жарияланады.

I. Наурыз — думан

Өлең жолдары

Уа, жарандар, жарандар!
Бәрің бері қараңдар!

Аманбысың, ардақты халқым менің,
Ардақта Наурыз тойын, салтыңды, елім.
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбектің жемісін бәрің жегін!

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн-көктем.
Жарығымен, шуағымен күн-ана
Алып келді жер бетіне гүл-көктем.

Қиыры жоқ менің байтақ далама,
Әсем, көркем ауылыма, қалама
Наурыз келді дүр сілкінтіп жерімді,
Сырлы әніне құлақ түрмей бола ма?

II. Наурыз — жыл басы

Өлең

Тәуелсіз биік халқымның
Желбіреп туы шалқысын.
Әз Наурыз келіп еліме,
Жер-ана бойы балқысын.

Жаңғырсын дәстүр-салтымның,
Көзелсін бұлақ-жылғасы.
Қастерлі менің халқымның
Мереке — Наурыз, жыл басы!

Негізгі ой

Наурыз — жаңару, береке және жыл басы ұғымдарын тоғыстыратын мереке.

Наурыздың шығу тарихы

Наурыз — өте көне мейрам. Бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дәл айту қиын, алайда ол бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған. Бұл күні күн мен түн теңеледі, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетінде шаттық орнайды. Қазақ халқы бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

«Наурыз» сөзі парсы тіліндегі нау — жаңа, руз — күн деген сөздерден шығып, жылдың алғашқы күнін білдіреді. Қазақ тілінде «Наурыз» атауы: жыл басындағы халықтық думан, Наурыз айы, сондай-ақ Наурыз көже ұғымдарымен байланысты қолданылады.

III. Дүние жүзі халықтарының Наурызды тойлау дәстүрі

Жүргізуші сөзі

Қазақ халқының Наурызды тойлау дәстүрі бізге жақсы таныс. Ал өзге елдерде бұл мейрам қалай өтеді? Олар да мерекеге ерекше мән бере ме? Қане, бір сәт зер салайық.

Түрік елі

Ежелгі түріктер Ұлыс күндері жаңа киім киіп, сақал-мұртын түзеп, шашын алған. Алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге — жамбы атып жарысқан. Жамбыны бірінші болып атып түсірген адамға бір күнге ел басқаруға ерік берілген.

Араб елі

Арабтар дәстүрдегі «жеті» ұғымын сақтай отырып, «с» әрпінен басталатын жеті түрлі затты ұсынған: сарымсақ, бидай, жиде, сірке суы, рут шөбі және басқа да бұйымдар.

Үнді елі

Үндістанда жаңа жыл бір жыл ішінде бірнеше рет тойланатын өңірлер бар. Оңтүстік Үндістанда көктемгі жаңа жыл наурыз айында басталып, үйлер гүлмен безендіріледі.

Наурыздың әр елдегі атауы

Бирма

«Су мейрамы»

Тәжік

«Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз»

Хорезм

«Наусарджи»

Татар

«Нардуган»

Бурят

«Сагаан сараң»

Соғды

«Наусарыз»

Армян

«Навасарди»

Чуваш

«Норис ояхе»

Би: оқушылар орындайды.

IV. Наурыздағы салт-дәстүрлер

Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған — тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі. Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын! Үлкен-кіші түгел жиналған бүгінгі сәт құтты болсын. Төрлетіңіздер, қадірменді қонақтар!

Наурызшешек

Наурыз айында өсетін, түрлі түсті, қауашақты әсем гүл. Майының емдік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында бірнеше түрі кездеседі. Наурызшешек — Қызыл кітапқа енген сирек, бағалы өсімдік.

Наурызкөк

Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті қумайды, үркітпейді.

Наурызнама

Наурызнама — шат-шадыман ойын-сауықтың көрінісі. Тойда ат жарыс, палуан күрес, спорт сайыстары, айтыс, түрлі ойындар өтеді. Ән, өлең, наурыз жырлары айтылып, көңілді жұмбақтар жасалады.

Ұйқыашар мен селтеткізер

Қыз-жігіттер бас қосып, ұйқыашар әзірлейді (ет, уыз секілді дәмді тағамдардан). Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ секілді сыйлық беріп, оны селтеткізер деп атайды. Айна — пәктік пен жастықтың, тарақ — әдемілік пен сұлулықтың белгісі.

Наурыз көже

Наурыз көже — Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Әр үй оны жеті түрлі дәмнен жасап, келген қонақтарға ықыласпен ұсынады. Құрамына сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс секілді дәмдер, сондай-ақ қазы-қарта, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосылады.

Бұл тағамның ұлттық тағылымы, мерекелік мәні ерекше.

Қосымша ұғымдар

Наурызша

Наурыз айында түсетін жұп-жұқа, қиықша қырбық қар. Халық оны «наурызша» деп атайды.

Бел көтерер

Бұл күні қарттарға арнап жылы, жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» дайындалып, тартылады.

Ән: «Қазақы дастарханым» — оқушылар орындайды.

V. Ата-салтың — қазынаң

Қазақтың дәстүрі сан алуан. Оның сырын ашқанға жұрт қызығады. Ендеше ата-аналарға арналған сұрақтарға кезек берейік.

1) Неліктен жеті шырақ жағып, ауылды аралаған?

Жауабы: Жаманшылық ескі жылмен кетсін деген ниетпен жеті шырақ жағып, ауылды аралаған.

2) Наурыз күні дастарханда қандай тағамдар болуы керек?

Жауабы: Наурыз көже, бауырсақ, жеті нан, қазы-қарта және басқа да дәмдер.

3) Наурыз тілек деген не?

Жауабы: Наурыз тілек — достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі. Бұл күні әр адам Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек айтып, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады.

4) Қыдыр ата қай күні адамдар арасына келеді?

Жауабы: 21 наурыз.

5) Наурыз бата дегеніміз не?

Жауабы: Наурыз бата — наурызнама өткізгендерге, наурыз көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуан және жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары беретін ақ тілек.

1-жүргізуші

Ендігі кезекте өнер көрсеткен оқушыларға үлкендерден Наурыз бата сұраймыз. Қазым ата, балаларымызға батаңызды беріңіз!

Наурыз бата

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.

Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!

Қорытынды сөз

2-жүргізуші: Таңғы үміттің сәулесіндей нұр төгіп, салт-дәстүрдің сан ғұрпын тоғыстырған мерекеміз жасай берсін. Жаса, Наурыз! Көкте күндей жарқыра — достықтың да, мәңгіліктің де мерекесі!

Тәрбие сағаты аяқталды.