Ұранын айту
Әдебиеттік оқу (2-сынып): «Ойлан, тап!» интеллектуалдық ойыны
Бұл сыныптан тыс шара 2-сынып оқушыларының алған білімін жүйелеп, жылдам ойлауын, зейінін және есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталған. Ойын форматы балалардың өздерін еркін ұстауына, пікірін батыл айтуына және білім сайыстарына дайындалуына көмектеседі.
Мақсаттары
- Оқушылардың білім, білік, дағдыларын байқау; өзін еркін ұстауға үйрету; білім деңгейін толықтыру; тез әрі нақты жауап беруге жаттықтыру.
- Ынтасын арттыру; заманауи білім сайыстарына қатысуға дайындау; ойлау, зейін және есте сақтау қабілеттерін дамыту.
- Отанын, ана тілін сүюге тәрбиелеу; белсенділікке, сапалылыққа, білімділікке және үздік болуға баулу.
Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық:
Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгін сіздер «Ойлан, тап!» атты 2-сынып оқушыларының сыныптан тыс интеллектуалдық шарасына қош келдіңіздер! Халқымыз жан-жақты адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Сол қырлардың бірі — білім. Ендеше, бүгін оқушыларымыз өздерінің алған білімдерін ортаға салады. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Келесі қадам: Әділқазы алқасын сайлау.
Ойын барысы
Ойын бірнеше турдан тұрады. Әр турда оқушылардың жылдамдығы, тапқырлығы және оқу материалын меңгеруі бағаланады.
Турлар тізімі
- 1 Сәлемдесу
- 2 Ұранын айту
- 3 Шығарманың атын тап
- 4 Халық ертегілері
- 5 Он сөзден бастайық
- 6 Өлеңді жалғастыр
Қатысушы топтар
«Тұлпарлар» тобы — сәлемдесу
Армандарға қол созумен келеміз,
Өмір теңіз — жүзіп келеді кемеміз.
Білімменен қаруланған тобымыз,
Қарсыласты қалай да біз жеңеміз!
«Арғымақтар» тобы — сәлемдесу
Біз дайынбыз бұл сайысқа, достарым,
Көрсетеміз бізде қандай күш барын.
Алға қойған мақсатымыз бар екен,
Сәтті болсын сапарымыз әрдайым!
I тур: Ұран айту
«Тұлпарлар» тобы
Қандай сынақ болса да берілме,
Әрқашанда үміткерміз жеңіске!
«Арғымақтар» тобы
Білікті бірді жығады,
Білімді мыңды жығады.
III тур: «Шығарманың атын тап»
Жүргізуші шығармадан үзінді оқиды. Ойыншылар шығарманың атауын және авторын табуы керек.
1) Үзінді
«… Қартқожа жазық далада. Көйлекшең, жалаңбас. Көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайынан тері шып-шып шығып, кітабын оқып жатыр…»
Жауап: Жүсіпбек Аймауытов — «Кітап оқу»
2) Үзінді
«Шоқанды аса қызықтырған Жәми ақынның “Ескендірнамасы” болды…»
Жауап: Сапарғали Бегалин — «Зеректік»
3) Үзінді
«… Арыстан көлге шомылуға кетеді. Арыстан келгенше түлкі есектің шекесін тесіп, миын сорып, түгел жеп қояды…»
Жауап: Халық ертегісі — «Аңқау арыстан»
4) Үзінді
«… Бір тойда ашқарақ біреу қомағайлана ішіп-жегенімен қоймай, қалтасына құрт пен ірімшікті сала береді…»
Жауап: Аңыз — «Қожанасыр мен ашқарақ»
5) Үзінді
«… Қас қараяды. Қой қотанға келді. Арбаны төңіректеп, сүйкеніп сиырлар тұр. Үй басы есік алдында от жағып, кешкі сиырдың сүтін пісіріп жатыр…»
Жауап: Жүсіпбек Аймауытов — «Қартқожаның туған жері»
6) Үзінді
«Бір күні құрбақа, тышқан, құмырсқа — үшеуі кімнің жақсы мекені, жайлы қонысы бар екенін білмекші болып жолға шықты…»
Жауап: Сәкен Жүнісов — «Кімнің мекені жақсы?»
7) Үзінді
«… Желтоқсан жұлдызы. Қар көптеп жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де, жылынбайды. Өзенді, көлді мұз қаптаған. Жұрт үстімен жүре бастады…»
Жауап: Міржақып Дулатов — «Қыс»
8) Үзінді
«… Балапан қанат қақты… Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты…»
Жауап: Мағжан Жұмабаев — «Балапан қанат қақты»
9) Үзінді
«… Ата қартайып, күші кеміді: нашар көретін, нашар еститін болды, ішкен тамағын алдына төгетін болды…»
Жауап: Спандияр Көбеев — «Атасы мен немересі»
10) Үзінді
«… Бір жарлы шал есекке мініп келе жатыр еді. Балалар есектің бақырған дауысын естіп, шалға: “Неге есегіңді өлең айтуға үйреттің?” — дейді…»
Жауап: Спандияр Көбеев — «Шал мен балалар»
IV тур: «Халық ертегілері»
Жүргізуші ертегіден үзінді оқиды. Қатысушылар сол ертегінің атауын атайды.
«— Бұдан былай араздықты қояйық, тату-тәтті өмір сүрелік! Сол үшін біздің ауылға келіңдер, құшақ жайып қарсы аламыз, сый-сияпат көрсетеміз…»
Жауап: «Мысық пен тышқандар»
«Содан бері түйе күл көрсе, тышқанды таптамақ болып, күлге аунайды. Ал жылдың басы түйе емес, тышқан болыпты…»
Жауап: «Түйе мен тышқан»
«— Уа, ием, менің соңғы тапқан жұмыртқамның ішінде алтын сақина бар. Соны ал да, мені босат…»
Жауап: «Сақина»
«— Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай келсе, сол мұрагерім болады…»
Жауап: «Байлық пен ақыл»
«— Мен сені жері отты, суы мол, оңаша бір шабындыққа ертіп барайын. Сонда жүріп семір, сайранда…»
Жауап: «Аңқау арыстан»
«— Достым, сөз тасып сыбырласудың керегі жоқ еді. Өсек айту жақсылыққа жеткізбейді…»
Жауап: «Қасқыр мен түлкі»
V тур: «Он сөзден бастайық»
Жүргізуші сөйлемнің сөздерін ретімен оқиды. Ойыншылар ертегінің атауын табуы керек. Кім тез жауап берсе — сол жеңімпаз.
«Егінші таң сәріден егін орып, шаңқай түсте демалады. Аздап тыныққан…»
Жауап: «Егінші мен қасқыр»
«Жақсылық шаршап-шалдығып, арып-ашып, кешке жақын күркеге келеді. Ішіне кірсе…»
Жауап: «Жақсылық пен Жамандық»
«Арыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді айламен аулағысы келді…»
Жауап: «Арыстан мен түлкі»
«Шал Қазбайдың ауылына келеді. Қазбай шалды күтіп алады. Шал Қазбайдан…»
Жауап: «Ұр, тоқпақ»
«— Ойбай! Бауырым-ай! — деп дауыстай бергенде, қыл кеңірдегі үзіліп кетіпті…»
Жауап: «Шибұт, Қылмойын, Қарынбас»
«— Е, аңқаулар, амалымызды асырдық па? — деп тепсінеді де, мысықтап лап…»
Жауап: «Мысық пен тышқандар»
VI тур: «Өлеңді жалғастыр»
Жүргізуші өлеңнің алғашқы жолдарын оқиды, ал ойыншылар жалғастырады.
1) Ы. Алтынсарин
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
2) Абай
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін — тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
3) Жеңіс Қашқынов — «Ұнатам күзді мен»
Қарашы далаға,
Реңі сары ала.
Пісті алма албырап,
Сарғайды бал құрақ.
4) Асқар Тоқмағамбетов — «Бидай мен Қаңбақ»
Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай жүрісің?
Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгіл, құлағың жоқ.
5) Қазыбек бидің сөзі
Алтын ұяң — Отан қымбат,
Құт-берекең — атаң қымбат,
Аймалайтын — анаң қымбат,
Мейірімді — апаң қымбат…
6) Өтебай Тұрманжанов — «Туған өлкем»
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы — менің туған өлкем.
Қорытынды
Ойын қорытындысы
Әділқазы алқасының бағалау нәтижелері тыңдалады: ұпай саны, турлар бойынша жетістіктер және белсенділік ескеріледі.
Марапаттау
Жеңімпаз топ марапатталады, ал барлық қатысушыларға алғыс білдіріледі.